Шынайы ықылас
Рамазан - тамаша тәрбие мектебі. Аллаһқа шынайы құл бола алмағандар уақыт өте келе құлға құл болып кетуі де ғажап емес. Мұның соңы адами қасиеттен айырылуға алып барады. Мұхаммед Иқбал Аллаһтан алыстап, құлдарға құл болудың бейшаралығын былайша жеткізген: «Мен иттің екінші иттің алдында бас игенін көрмедім».
Рамазан айының қадір-қасиетін ұғынып, оны бағалай білу - тәуһидке терең бойлап ақиқатты тану деген сөз. Сондықтан, қасиетті айда рухымызды оятып, сауапты істерімізді көбейтіп, Жаратушыға жақындай түсу қажет. Бұл үшін барлық ғибадаттарымыз мен құлшылықтарымыздың шынайылығына көңіл бөлген жөн. Жүректі тазартып, пейіл мен ниетті дұрыстау өте маңызды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде:
«Қаншама жандар ораза ұстап, түнімен тарауих пен таһажжуд намаздарын оқиды. Алайда, (олардың ниетіне байланысты) аш қалу мен шөлдеу және ұйқысыз түндерден басқа олардың үлесіне ештеңе тимейді», - деген.
Өйткені, ең бірінші ниетті дұрыстап, Аллаһ ризашылығына көз жеткізуді басты мақсат етпейінше, мүміннің құлшылықтарының мәні болмайды. Бұл ақирет сапарына азықсыз шыққанмен бірдей. Оны мұндай масқаралықтан құтқаратын бір жол бар. Ол - шынайылық.
Қияметте табысқа жетудің кілті саналатын рамазандағы құлшылықтар басқа кездегі ғибадаттардан ерекшеленуі тиіс. Өйткені, Аллаһтың рахымы жауатын бұл айдың өзі басқалардан айрықша емес пе?! Демек, біз де өзгеруге міндеттіміз. Әйтпесе, есебі жоқ сауаптардан өз үлесімізді ала алмауымыз әбден мүмкін. Бұл жөнінде ойланып көрдіңдер ме, мұсылман бауырлар?
Рамазанның әр күні мен түнінің қасиетін жете түсініп, шынайы құлшылдықты серік етсек, өміріміз берекеге толары анық. Жаратушымызға жақындатын ұлық ғибадат - намаз оқуға да айрықша мән берсек, Аллаһтың сүйікті құлдарының қатарынан орын аламыз, иншааллаһ! Бұл айда намазды мүмкіндігінше жамағатпен оқу да нәпсіні ауыздықтап, иманымызды күшейте түседі. Өйткені, жамағатта береке бар. «Фатиха» сүресінде үнемі қайталанатын «Тек Саған ғана құлшылық етіп, тек Сенен ғана жәрдем тілейміз!» - деген аятта жамағаттың абзалдығын білдірсе керек.
Сәресі және дұға
Ал, құлшылықтың өзегі болып есептелетін дұға құлды тәкаппарлықтан алыстатып, Раббысына жақындатады. Осылайша Аллаһ пен құл арасында рухани байланыс орнайды. Ал, бұл байланысты үзгендер Хақ алдындағы қадірін де жоғалтып алмақ:
«(Расулым!) Айт: Сендердің құлшылықтарың мен жалбарынуларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?!» - делінген («Фурқан» сүресі, 77-аят).
Түсіне білген жанға ерте тұрып, сәресін ішудің өзі үлкен бір нығмет. Өйткені, сәресіде береке барын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып кеткен. Аллаһ тағала ондай құлдарын: «Таңсәріде истиғфар еткендер» - деп мадақтаған («әл -Имран» сүресі, 17-аят).
Сондай-ақ бұл уақыт дұғаның да қабыл болатын кездерінің бірі. Бұл жайында Мұхаммед Иқбал былай дейді:
«Аспан күмбезінің сыртынан бір жол таптым, ол жерден таңсәріде «Аһ!..» ұрған адамдардың жалбарынуы ойдан да жылдам Аллаһқа қарай ұшып, Раббысымен қауышуға асығады».
Таңсәріде құлшылықпен айналысу адамның көкірек көзін ашады. Хазреті Мәуләнә:
«Түнде оянып, Хаққа қарай жол тарт! Өйткені, түн сені сырлар мекеніне апарады. Барлық адамдар ұйықтап жатқанда илләһи ғашықтық сырлары сенің рухани әлеміңе жаңбыр сияқты жауады. Себебі, түнде көңілдің көздері ашылып, несібең артады. Бірақ, мұны өзгелер байқай алмайды».
Жәһаннамнан азат болуға дәнекер болатын қасиетті рамазан айында құлшылықтарымыз бен ізгі амалдарды мейлінше көбейткен дұрыс. Себебі, бұл - ақирет азығымыз.
Қадыр түні мен айт мерекесі
Қадыр түнінің қасиетін айтып тауысу мүмкін емес. Оның қасиеттілігі сонда ол мың айдан да қайырлы. Сол түнгі ғибадат пен құлшылығымыздың да сауабын санап тауыса алмауыңыз мүмкін. Бұл сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмметтеріне ғана нәсіп еткен Аллаһтың шексіз мейірімділігі. Құран Кәрімде:
«Біз оны (Құранды) Қадыр түні түсірдік. Қадыр түнінің не екендігін сен білесің бе? Қадыр түні мың айдан да қайырлы. Ол түнде Раббысының рұқсатымен періштелер және Рух (Жәбірейіл) әрбір іске (жерге) түседі. Ол түн тыныштыққа толы. Бұл таң атқанша (жалғасады)» («Қадыр» сүресі, 15-аят).
Сансыз періштелер Жаратушының әмірімен жерге түсіп, әр жасаған дұғамызға «әмин» деп тұрады. Тіпті, жер бетіне періштелер сыймай кететінін Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) өз хадистерінде айтқан. Бір сөзбен айтқанда Аллаһтың берекесі жауған қасиетті түн.
Рамазан тақуалық мектебі болса, айт оның рухани куәгері. Айт мүміндердің тақуалық сынақтан абыроймен сүрінбей өткенін атап өтетін мерекеге ұқсайды. Ал, нағыз қуаныш - Хақтың разылығы. Сондықтан, мұндай мереке күндері жетім-жесірді, мұқтаж жандарды да ұмытып кетпей, оларға қуаныш сыйласақ, Аллаһтың мейіріміне бөленеміз. Мейірім көрсетпегенге мейірім көрсетілмейді.
Айт жеке адамның ғана емес күллі мұсылмандардың мерекесі. Бұл күндері бір-бірінің үйіне барып, ренжіскен жандар татуласып, табысады. Ағайынның арасындағы кикілжің ұмытылып, туыстық қарым-қатынастар күшейеді.
Қысқаша түйіндесек, рамазан рухани тәрбие мектебі. Бұл айда күшейген иманымыз басқа айларда да жол көрсетуді жазғай! Раббымыз жасаған және болашақта жасайтын құлшылықтарымыз бен ізгі амалдарымызды қабыл етсін. Қасиетті рамазан айында Отанымызға, елімізге, барша адамзатқа тыныштық пен бақыт, келесі оразаға аман-сау жетуді нәсіп еткей! Әмин!
ОСМАН НУРИ ТОПБАШ