Тозақтың сипаттары және күнәһарлардың халі Облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің, найб имамы Жаппек Ғалымбек.
ТОЗАҚТЫҢ СИПАТТАРЫ ЖӘНЕ КҮНӘҺАРЛАРДЫҢ ХАЛІ
Қадірлі жамағат! Алла тағала адамзат пен жындар үшін бұл өмірді сынақ етіп берген болса, оның сыйы ретінде жұмаққа, жазасы ретінде тозаққа баратындығын ескертті.Жындар мен адамның бұл дүниеге келудегі басты мақсаты өзін жаратқан Аллаға құлшылық ету. Алайда адамға хайуанаттан артық етіп ақыл, сана берді. Онымен қоса нәпсі берді.Алланы таныту, Оған ғана құлшылық ету қажеттігін насихаттап үйретуші 124 мың пайғамбар жіберді. Пайғамбарға құлақ аспай, азғындаған қауымдарды жер бетінен жойып жіберді. Дегенмен адам баласы шайтанның азғыруы мен нәпсі қалауына еге бола алмай күпірлікке бой алдыруда.
Адамзатқа көктен түсірілген қасиетті кітаптар арқылы екі дүниеге қатысты барлық құлшылық пен харам, халалды үйретті. Ақыретте өмір болатынын, әрбір адам Алланың құзырында бұл өмірдегі амалы үшін есеп беретінін және жақсы амалы үшін жәннәт, жаман амалы үшін тозаққа тасталатынын тайға таңба басқандай етіп ескертті. Ақыретте амалдарды өлшейтін таразының болатынын, сырат көпірінен өтетінен де хабар берді. Міне, сол сырат көпірінен өте алмаған пенделердің тозақ отына лақтырылатындығы да ескертілді. Мәселе солай болғандықтан жәһәннәм - кәпірлер мен мүшріктердің және мунафиқтардың мәңгілік азап шегетін мекені деп Құран баян етті. Ал күнәһар мұсылмандар істеген күнәларінің деңгейіне қарай жәһәннамда жазасын тартып, жүрегіндегі иманының арқасында соңында жәннәтқа барады. Құранда жәһәннамның түрлі есімдері мен дәрежелері келтіріледі. Мысалы, Нар (от), Хауия (түскендердің көпшілігі қайтпайтын жер), Сайр (лаулаған от пен жалын), Лазза (түтінсіз от), Сакар (от), Хутама (қып-қызыл қарыған от) деген атаулар кездеседі. Бұлардың әрбірі тозақтың түрлерін білдіреді.
Жәһәннамның қандай екендігі, имансыздардың онда қалай жазаланатындығы Құранда жан-жақты кеңінен баяндалған. Тозақтың отыны адамдар мен тастардан құралған. Жәһәннам азабын тартып жатқандардың ішетіндері - ыстық қайнаған су мен қан аралас ірің. Тозақ олар үшін бейне бір зындандай болып, олардың дене бітімдері жанып біткен сайын ет пен тері қайта кигізіліп, мәңгілік азап шегеді. Осылайша Алланың әмірі мен тыйымдарына қарсы келгендердің жазасы адам айтқысыз ауыр болады.
Егер жәһәннам азабы болмаса, өмірдегі жақсы мен жаманның, халал мен харамның, ақ пен қараның, күнә мен сауаптың пәлендей маңыздылығы да болмай, адамзат жаратылысының да ешбір мәнісі қалмас еді. Әркім өз білгенін істеп, күшті әлсізді езіп, бейбіт қоғам құру мен өмір сүру еркіндігі мүлдем шектеліп, адамдық қасиеттен жұрдай болып, қадір-қасиеттен айрылар едік. Сондықтан Алла адамның мәртебесін өлшеу үшін тозақ пен пейішті жаратты. Бұл қай тұрғыдан алсақ та әділеттің ақ туындай Жаратушының бізге берген баға жетпес сыйы екендігін ұмытпауымыз керек.
Енді тозақ жайында кезегімен тоқталар болсақ, Алла Исрафил періштеге екінші рет сурды үрлеткен соң, барша адам баласы есеп беру үшін қайта тіріледі. Кәпірлер бастары салбырап, ауыр азаптың күтіп тұрғанын сезетін болады. Осы көрініс жайында Құранда былай дейді: « Тозақ ішінде олар үрейлері ұшып, қор болып, көз сүзіп тұрады .... » [1] .
« Тәңірге ант етейік, оларды әрине шайтандармен қосып жинайды, тозақтың жиегінде олар тізерлеп отырады. Сонсоң әр топтың ішінен Аллаға ең күшті қарсылық еткендерін бөліп ортаға шығарамыз. Сөйтіп, олардың ішіндегі тозаққа ең лайық болғандарын толық анықтаймыз.Ондайлардан (тозақ басына) бармай қалатын ешкім болмайды. Мұның өзі Раббыңның өзгермес үкімі. Сонан соң тақуаларды құтқарамыз да, азғындарды тозақтың жиегіне тізіп қоямыз » [2] .
« Кәпірлер топ-топ болып тозаққа қуылады. Жәһәннамға келгенде, тамұқ есіктері ашылады. Тозақты басқаратын періштелер олардан: «Сендердің өз іштеріңнен Алланың аяттарын оқып беретін, бүгінгі жүздесу күні болатынын ескертетін пайғамбар болмады ма?» - Деп сұрайды. «Ондайлар болған», - дейді олар. Бірақ азапқа ұшырау бұйрығы кәпірлерге тиісті болды. Тозақтың қақпаларынан кіріңдер.Тозақта мәңгі қалыңдар. Менменсінгендердің баратын орны құрысын! - Дейді періштелер » [3] .
Нәтижеде кәпірлер мен күнәһарлар тозақтың қақпасының алдына барады. Тозақ қақпалары, яғни тозақ қабаттары жазасына сәйкес кәпірлердің баратын мекені. Адамдар Аллаға қарсы күпірліктеріне сай топтарға бөлінетін болады. « Тозақ олардың барлығына ұйғарылған орын болғаны анық. Тозақта жеті қақпа бар, олардың әрқайсысынан кіретін адамдар да белгілі » [4] деп Құран ол жайында ескертіп кетеді.
Тозақтың ең төменгі қабатына бұл дүниеде екіжүзді, яғни мунафиқтар тасталатынын да Құран баян етеді:
إن المنافقين في الدرك الأسفل من النار ولن تجد لهم نصيرا
« Мунафиқтар тозақтың ең астыңғы қабатына тасталатыны даусыз, одан оларды құтқаратын медеткер табылуы мүмік емес » [5] .
Тозақ адам баласын азаптауға арналған мекен болғандықтан кәпірлерге тоймай, қарсы келгендерді тастаған сайын тағы да тастауын сұрайтын болады. Құранда:
يوم نقول لجهنم هل امتلأت وتقول هل من مزيد
« Сол күні Біз тозаққа: «Толдың ба» - деп сұраймыз?. Тозақ: «Тағы да бар ма?» - Дейді » [6] , - деп келтіреді.
Кәпірлер тозаққа кірген соң тозақ есіктері жабылып, ең ауыр да қорқынышты жағдайға душар болып, мәңгілік азап басталады. Біз тозақта болатын азапты тек шектеулі ақылымызбен ғана ұға аламыз. Ауыр азап жайында Алла тағала:
فيومئذ لا يعذب عذابه أحد ولا يوثق وثاقه أحد
« Ол күні күнәһарды Алла жазалағандай ешкім жазалай алмайды. Ешкім Алла байлағандай байлай алмайды » [7] , - деп ескертеді. Тозақта адамның 5 сезім мүшесі толықтай ауыр азапқа тартылады. Яғни көзінің жазасы берілсе, құлағы бақырған, ойбайлаған, шыңғырған дауысты естіп, мұрны ең жаман жиіркенішті сасық иіске толады, тілі ең ащы дәмді, қан аралас іріңді ішеді, терісі мен денесі отқа жанып, қайта жаңа тері бітіп, қатты азапты тартады. Бұл бітпес азап мәңгілікке жалғасатын болады. Осындай азаптан құтылу, тіпті бір сәтке болсын тоқтауы үшін жалынып, жалбарынады.Бірақ ешкім оған жауап бермейді.
Тозақтағы азап белгілі бір жыл немесе ғасыр емес мәңгілік болғандықтан ондағы кәпірлердің үміті үзіледі. Бұл өмірдегі үмітсіздікті онымен салыстыруға мүлдем келмейтінін ұмытпайық. Тозақта тек адамдар ғана емес, жындар да азап шегетінін Құран былайша айтып өтеді: « Егер біз қаласақ, әрине жұрттың бәріне тура жол ұсынар едік. Бірақ Мен: «Тозақты жындармен, күнәһар адамдармен толтырамын», - деп әу баста үкім шығарып қойғанмын »(" Сәжде "сүресі, 13 аят); « Жындардың және адамдардың бірталайының тағдырына тозақ жазғаным рас ... » [8]
Тозақ оты: Жәһәннам азабының ең ауыры отпен болуы. Тозақ оты жайында хадисте былай дейді: « Жәһәннамның оты мың жыл бойы жағылды.Жағылғаны соншалық қып-қызыл болды. Содан кейін тағы мың жыл жағылды да ағарды. Содан кейін тағы мың жыл жағылды. Қазір ол қара болып қарайды » [9] .
Әбу Һұрайрадан риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) тозақ оты жайында: « Сендердің мына оттарың тозақ отының жетпістен бірі ғана », - дегенде сахабалар:« Ей, Алланың Елшісі (ﷺ) ! Уаллаһи дүние оты жеткілікті болмақ » , - деді. Пайғамбарымыз (ﷺ) : « Жәһәннам оты дүниедегі оттан алпыз тоғыз есе ыстық. Бұлардың әрбірінің ыстықтығы жер бетіндегі барлық оттың қызуы секілді » [10] , - деді.
От адамның бүкіл денесін жағып, шыдауы мүмкін емес азап. Терісі мен майлары шатырлап жанып жатқан, жанұшырып шырылдаған адамды көз алдымызға бір сәт елестетер болсақ, тұла бойымыз қалтырары анық. Оттан қашуға тырысқан кәпірлерге, күнәһарларға: « Егер тозақтан шықпаққа талпынса, олар қашан болса да тамұққа қайта тасталады. Сендер сенбеген тозақ осы, оның азабын тартыңдар, - делінеді оларға » [11] .
Тозақта пенденің бетін жағумен де азаптайды. Өйткені адам бұл өмірде тәккәппарланып, өзін өзгелерден артық санауы осындай азапқа ұшыратады.
يوم تقلب وجوههم في النار يقولون يا ليتنا أطعنا الله وأطعنا الرسولا
« Тозақ отына беттері күйген сәтте олар: Әттең-ай, Алла және пайғамбарға неге бойсұнбадық? - Деп өкініседі » [12] .
Мың бір түрлі азап : Құранда тозақта азап шегетін кәпірлер жайында баян еткенде олардың отқа жана-жана «тозақтың отыны» халіне келетінін білдіреді. « Ал, тура жолды тәрк еткендер тозаққа тамызық болады »(« Жын »сүресі, 15-аят); «(! Ей, мүшріктер) Шынын айтсақ, сендер Тәңірді қойып өздерің табынған нәрселеріңмен бірге тозаққа отын боласыңдар, сендер жәһәннамға барасыңдар » [13] деп Құранда осы мәселені анық түрде ескертіп өтеді.
Әрине тозақта отын болатын адамдармен қатар тозақ отыны да болары анық. Сол секілді кәпірлер бір-бірінің шоғына отын таситын болады. Бәрімізге мәлім «Мәсәд» сүресінде мүшрік Әбу Ләһабтың әйелі тозақта отын таситыны айтылған: حمالة الحطب وامرأته «.. Оның отын тасығыш қатыны да лаулаған отқа түседі .. » [14] .
Адамның терісі өте нәзік. Міне сол нәзік тері отқа жанып азапталғандай тозақта қайнаған суға салынып та жазаланатынын ұмытпайық. Күнделікті өмірде қайнаған суға күйген адамның терілері қалайша пісіп, ісіп, сары суы шығып жаны қиналып жүргенін көргенде тұла бойымыз тітіркеніп, жанымыз ашиды. Ал тозақта бұдан да бетер азапқа ұшырайтынымызды ұмытып кетеміз. Күпірлік еткен пенделер үшін осындай жан күйзелтетін азап жайында Құранда былай дейді: « Ал, егер ол тірілуге сенбейтін алжасқан біреу болса, бұрқылдап қайнаған сумен қарсы алынады » [15] ; « Ұстаңдар ананы, сүйреп тозақтың ортасына апарыңдар. Содан соң бастарына қайнаған су құйып, азаптаңдар, - делінеді » [16] .
Тозақта күнәһарлар тек отпен ғана жазаланбайды. Мәселен, осы өмірде адамды азаптаудың түрлі тәсілі бар екенін білеміз. Сол секілді жәһаннамда да азаптаудың сорақы түрлері бар. Адамның ондағы азаптан қашып құтылуы мүмкін емес. Себебі жан-жағынан қауғалаған тозақ періштелері, яғни зәбани періштелері тарапынан жазаға тартылады. Бізге беймәлім жазалау мен азаптаудың бар екенін Құран баян еткендіктен ол жайында толық айту, әсте мүмкін емес. Осындай азапқа қатысты аятта:
هذا فليذوقوه حميم وغساق وآخر من شكله أزواج
« Енді қайнаған су, қан, іріңнің дәмін татсын. Осы сияқты оларға басқа да азаптар бар » [17] десе екінші бір аятта: « Олардың Тәңірге сенбейтіндеріне оттан киім кигізіліп, төбелерінен төмен қарай қайнаған су құйылады. Сол су олардың ішкі мүшелерін, терілерін күйдіріп, жібітеді. Темір гүрзілермен ұрылады » [18] . Пайғамбарымыз (ﷺ) осыған қатысты былай дейді: « Расында да қайнаған су олардың басына құйылады да басын тесіп өтеді. Артынан ішіне кіріп, қарнына жетеді. Ішіндегі барлық ағзаларды күйдіріп, аяғына дейін жетеді. Міне, еру деген осы. Содан кейін бұрынғы қалпына қайта келтіріледі » [19] .
Тозақтағы темір гүрзі жайында Пайғамбарымыз (ﷺ) : « Егер темір гүрзі жер бетіне қойылатын болса, адам мен жындар оны жерден көтеру үшін жиналса да көтере алмас еді » [20] , - деген.
Сахараның ыстығы мен моншаның 100 градустық ыстығына бір сәт қана шыдамы жететін адам баласы үшін жәһәннамның ми қайнатар ыстығы өте қорқынышты. Онда салқындау мен еркін тыныс алу мүмкін болмайды.
Тозақилардың үстінен аққан қан мен ірің жайында бір хадисте былай дейді: « Тозақылардың денесінен аққан қан мен іріңнен бір шелек алып жер бетіне төгілсе жер шарындағы адамдарды сасытатын еді » [21] .
Тозақтағы ең жеңіл азап жайында бір хадисте былай дейді: « Қиямет күні адамдардың ішінде ең жеңіл азапқа тартылатыны екі аяғының астына екі шоқ қойылады да содан миын қайнатады. Қазан мен табақтың қайнағаны секілді қайнайтын болады » [22] .
Иә, тозақта кәпірлер үшін мың бір түрлі азаптың болатынын Құран адамзатқа алдын ала ескертуде. Алайда көптеген жандар әлі де иманға келмей, ширк пен күпіршілік батпағынан шыға алмай жүргені аянышты. Ақыретте ондай жандар азапты көрген сәтте тез өліп кетуді және адам болғанша топыраққа айналып кетуді қалайтын болады: ويقول الكافر يا ليتني كنت ترابا «Кәпірлер:« Бүйткенше мен топырақ болып кетсемші », - дейді» [23] .
Тозақтағы азық : Алла адам баласы үшін бұл өмірде ішіп жейтін барлық рызықты жаратып қойды. Әркім қалауына сай азықты ішіп жесе, Құранда иман еткендер үшін жәннатта көз көріп, құлақ естімеген рызық пен нығметтің күтіп тұрғанын сүйіншілеген. Ал керісінше тозақтықтар үшін мынандай азық берілетінін ескертуде: « Жәннаттағы сияпат жақсы ма? Әлде заққұм ағашы ма? Заққұмды Біз залымдар үшін азап етіп жаратқанбыз. Ол тозақтың түбінде өсетін ағаш. Жемісінің өзі шайтанның басы сияқты сұрықсыз. Олар сөз жоқ сол жемістерді жеп, қарындарын томпайтады, одан соң қайнаған судан әзірленген ыстық ішіледі. Содан кейін тозаққа қарай қайта жол тартады » [24] . Аятта айтылған заққұм ағашы жайында Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: « Егер заққұм ағашынан бір тамшы жердегі теңізге тамса, барлық адамзаттың өмірін астаң-кестең етер еді.Енді азығы заққұм болғандардың халі қалай болмақ? » [25] .
« Олар үшін (ащы, сасық) тікеннен басқа қорек табылмайды. Бірақ ол нәр болмайды, аш қарынды жұбатпайды » [26] . Мұндай жиіркенішті азықты тозақтықтар бір рет қана жеп қоймайды, мәңгілікке жалғасатын азықты жеуге мәжбүр болмақ.
Жәһәннам азығы мұнымен шектелмей шөлдеген тозақтықтар үшін қайнаған сумен бірге ірің ішіріледі. Кәпірлер шөл қысқаны соншалық қайнаған су мен іріңді ішуге жүгіреді екен. Мұндай жан түршігерлік көрініс жайында Құранда былай дейді:
لابثين فيها أحقابا لا يذوقون فيها بردا ولا شرابا إلا حميما وغساقا
« Онда олар мәңгі қалады және сусын да, ішерлік ас та таба алмайды. Қолдары жететіні бұрқылдап қайнаған су мен ірің ғана болады »(« Нәбә »сүресі, 23-25 аят); « Енді бүгін оның досы жоқ. Іріңнен басқа ішіп-жем де табылмайды. Бұл тек азғын адамдар тататын тамақ »(« Хаққа »сүресі, 35-37 аят); « Олардың алдында тозақ күтіп тұр. Онда ішкендері ірің, жегендері желім болады. Судың ащылығы сонша бір-бір тамшыдан әрең жұтуға болады. Демек олар өлім алдында ғана тұрады, бірақ өле алмайды. Тартатын азаптары барған сайын күшейе береді» [27] .
Зәбани періштелер і: тозақтың қызметкерлері деп аталатын зәбани періштелер тозақтықтар үшін титтей де рақымшылық жасамайды. Олардың міндеттері Алланың әмірі бойынша тозаққа түскендерді жазасына сай азаптау. Олар өте күшті болып, тозақы пендені аяусыз жазалайды. Жазалау барысында Раббысына қиянат етпей, жазаны артық, кем етпей, өз міндеттерін мүлтіксіз орындайтынын мына аят баян етеді:
يا أيها الذين آمنوا قوا أنفسكم وأهليكم نارا وقودها الناس والحجارة عليها ملائكة غلاظ شداد لا يعصون الله ما أمرهم ويفعلون ما يؤمرون
« Ей, иман еткендер! Сендер өздеріңді және бала-шағаларыңды адамдар мен тастарды отын етіп жағатын, рақымсыз, қолы қатал періштелер басқаратын тозақ отынан сақтаңдар. Ол періштелер Алланың әмірін екі етпейді, өздеріне не бұйрылса, соны орындайды » [28] .
Өзекті өртейтін өкініш : Адамды тозаққа апаратын жағдайдың бірі өзін өзгелерден артық көруі, кібірленуі. Міне, осының жазасы ретінде тозақта хайуаннан бетер, мазақ етер дәрежеде жазалайды. Ол өзгелерді қалайша қор санаса, тозақта да оны солай қор санайтындай жазаға тартады.
Кәпір адам қайта тірілген сәттен бастап жасаған қателігін түсінеді. Ол үшін қатты өкініп, өзегін өртеген сайын бұрынғы достарын, дүниесін, бала-шағасын ұмытып, бұл өмірге бір сәтке қайта оралуды аңсай түседі. Құдайға жалбарынып, бұл өмірге қайта жіберуін өтініп, қайта келсе, шынайы мүмін болатынын айтып зар еңірейтінін аятта былай баян етеді:
ولو ترى إذ وقفوا على النار فقالوا يا ليتنا نرد ولا نكذب بآيات ربنا ونكون من المؤمنين
« Ал соларды тозақ жиегіне айдап келгенде көрсең етті. Әттең, біз жарық дүниеге қайта барсақ, Тәңірдің аяттарынан бас тартпас едік және мұсылман болар едік » [29] .
Осылай жалбарыну сәті жалғаса береді, тіпті зәбани періштелерге де былай деп жалбарынады: « Тозақтағылар зәбани періштелерге жалбарынып: «Сіздер Раббыңызға дұға етіңіздерші. Ол бізге бір күндік азапты жеңілдете көрсін », - дейді. Сонда періштелер: «Пайғамбарларың сендерге айқын кереметтермен келмеген бе еді?» - Дейді. Олар: «Кереметтер алып келгені рас еді», - дейді. Періштелер: «Дұғаны өздерің жасаңдар.Бірақ кәпірлердің дұғасынан пайда жоқ », - дейді » [30] . Әрине, олардың жалбарынуы еш нәтиже бермейтіні анық.
Жәннаттықтарды көрсе, олардан су мен азық сұрайтын болады. Азапқа ұшыраған мунафиқтар мүміндерді көргенде, өздерінің де мұсылман екендіктерін айтып жалбарынып, көмек сұрауы екіжүзділікке бой алдырғандар үшін ғибрат болар деп ойлаймыз: « Мунафиқ ерлер мен әйелдер мүминдерге: «Тоқтай тұрыңдаршы! Сендердің нұрларыңнан біраз алайық », - деп жалбарынады. «Кейін қайтыңдар нұрды сол жақтан сұраңдар», - деп келекейлейді мүміндер оларды. Сонымен екі араларына тосқауыл қорған түседі. Ол қорғанда қақпа болады. Қақпаның іші рақат, сырты азап болады. Олар мүміндерге: «Ау, біз де сендермен бірге едік қой», - дейді. «Солайы солай. Бірақ сендер өздеріңді өздерің күнәға батырдыңдар, діннен шеттедіңдер, іске аспас арманмен алдандыңдар, міне, Тәңірге жүгінетін сәт келді, ал сендерді шайтан алдады », - дейді мүміндер» [31] . Иә, көріп отырғанымыздай мунафиқтардың да азабы кәпірлер секілді болмақ. Алла екіжүзді болудан сақтасын.
Адам жан түршігерлік азапқа ұшырағанда барлық нәрсеге келісетіні белгілі. Міне, тозақылардың да осындай сәті жайында ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ)былай дейді: «Алла тағала тозақылардан ең жеңіл азапқа тартылған біріне:« Дүние және дүниедегі барлық нәрсе сенікі болса, осы азаптан құтылу үшін соның бәрін фидя ретінде берер ме едің »? - дейді. Сонда ол құл: « Иә, фидя ретінде берер едім », - дегенде Алла тағала:« Сен Адамның ұрпағы болған кезіңде осындай жанқиярлықтан да оңай болған бір нәрсе, яғни Маған ешнәрсені ортақ қоспауыңды бұйырдым. Бірақ сен Маған ортақ қосуды жалғастыра бердің », - дейді » [32] .
Олай болса, ақиқатты терістеушілердің ақыреттегі азабы осылайша мәңгілікке созылатынын ұмытпайық. Ондай жандарға қайтар жол жоқ.
Алланың әмір мен тыйымдарын орындамаған, ақиқатты терістеген құл үшін тозақ азабы бірдей болмайды. Әркімнің жасаған күнәсіне сай тозақ қабатына тасталып, жазаланатын болады. Құранға сүйене отырып, тозақтың 7 қабаттан тұратынын білеміз. Олар:
1. Жәһаннам (ең жеңіл азап берілетін тозақ) - бұл қабатта хазреті Мұхаммед (ﷺ) пайғамбардың күнәһар үмметі азапталатыны айтылады.
2. Саир (лаулаған от пен жалын) - христиандардың азапқа тартылатын қабаты деп айтылады.
3. Сақар (жаққанын жоқ ететін, адам терісін күйдіретін от) - яһудилердің жаза шегетін мекені болмақ.
4. Жахим (лаулаған, қызуы қатты от) - муртад (діннен шықандар) мен шайтандар азапталатын қабат екен.
5. Хутама (қып-қызыл қарыған от) - яжуж, мәжуж қауымы мен кәпірлер азап шегетін орын. Сонымен қатар «Ғайя шұңқыры» осы қабатта. Ғайя шұңқырына тозақтың барлық қабатындағы нәжістер, қан мен ірің жиналады. Бұл жерде зина жасаушылар, жалған кәугерлік етушілер, ата-анасына қарсы келгендер және мунафиқтар азапталады.
. 6 Ләзза (түтінсіз от) - мүшріктер, мәжусилер, сиқыршылар азапталатын қабат.
. 7 Хауия (түскендердің көпшілігі қайтпайтын жер) - дінсіздер, атеистер, өтірікшілер, мунафиқтар мекені болмақ [33] .
Құрметті жамағат! Алла бізді жан түршігерлік азаптан сақтасын. Тозақтың азабынан Аллаға сиынайық.
Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбеков
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы
[1] «Шура» сүресі, 45 аят. [2] «Мәриям» сүресі, 68-72 аяттар. [3] «Зумар» сүресі, 71-72 аяттар [4] «Хижр» сүресі, 43-44 аяттар [5 ] «Ниса» сүресі, 145 аят. [6] «Қаф» сүресі, 30 аят. [7] «Фәжр» сүресі, 25-26 аят. [8] «Ағраф» сүресі, 179 аят. [9] Тирмизи, Муатта риуаяты [10] Бұхари, Мүсілім риуаяты [11]"Сәжде" сүресі, 20 аят [12] "Ахзаб" сүресі, 66 аят [13] "Әнбия" сүресі, 98 аят [14] "Мәсәд" сүресі, 4 аят [15 ] "Уақиға" сүресі, 92-93 аяттар [16] "Духан" сүресі, 47-48 аяттар [17] "Сад" сүресі, 57-58 аяттар [18] "Хаж" сүресі, 19-21 аят [19] Тирмизи , Жәһаннам [20] Ахмад б. Ханбал риуаяты [21] Ахмад б.Ханбал риуаяты [22] Бұхари, Мүсілім риуаяты [23] "Нәбә" сүресі, 40 аят [24] "Саффат" сүресі, 62-67 [25] Тирмизи, Жәһаннам 4 [26] "Ғашия" сүресі, 6-7 аяттар [ 27] "Ибраһим" сүресі, 16-17 аяттар [28] "Таһрим" сүресі, 6 аят [29] "Әнғам" сүресі, 27 аят [30] "Ғафир" сүресі, 49-50 аяттар [31] "Хадид" сүресі 13-14 аяттар [32] Бұхари, Мүсілім риуаяты [33] http://www.yasinsuresi.net/kuranda-cehennem/