Ислам дінінің әйелдерге көзқарасы
Тараз қаласының "Һибатулла Тарази" мешітінің найб имамы Аманбаев Ержан.
Ислам дінінің әйелдерге көзқарасы
Ислам - бейбітшілік пен мейірімділік діні. Ислам сөзінің өзі салам «бейбітшілік» деген сөзден шыққан. Мейірімділік пен кішіпейілділік мұсылманның әрбір сөзі мен ісінен көрініп тұруы тиіс. Әсіресе, бұл отбасымен қарым-қатынаста аса қажет. Себебі, отбасында адам өмірдің күйбің тірлігінен демалып, тыныштық табады. Сол үшін де отбасында адал қарым- қатынастың бар екендігіне сену өте маңызды және ол әрбір іс бейбіт жолмен шешілетін үйде ғана орын алады. Бұл, әсіресе, ерлі- зайыптылардың қарым- қатынасына байланысты. Ер адам отбасын асыраушы әрі тәрбиелеуші тұлға ретінде өзін соған сай ұстауы тиіс. Мұсылман Құран аяттарын басшылыққа алып және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелдеріне деген мейірімді қарым-қатынасынан үлгі алуы керек. Қасиетті Құран Кәрімде : «Әй, иман келтіргендер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес. Және бергендеріңнің бір бөлімін алып қалу үшін оларды зорламаңдар.Бірақ олар ашық арсыздық істесе басқа. Әйелдеріңізбен жақсы мәміледе болыңдар ...... » (Ниса, 19).
Ислам әйелге қатыгездік танытуға тыйым салады, бұл Шариғат негіздеріне қайшы. Алла Тағала некені ұрпақ жалғастыру үшін, қоғамды лас нәрселерден сақтау үшін бекітті. Сонымен қатар, Алла Тағала ерлі-зайыптылардың арасын адалдық, махаббат, сыйластық сезімдерімен бөлеп, араларындағы қарым- қатынас дәрежесін белгіледі: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен .....» - деді. (Рум, 21)
Алла Тағала өз құлдарын әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болып, отбасында жұбайларымен тату-тәтті тұруын насихаттайды. Әйелдеріне қамқорлық көрсетіп, қорғау да ер азаматтардың жауапкершілігінде. Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Әйелмен қарым- қатынас жасауда Алладан қорқыңдар! Шындығында, Алла оларды сендерге аманат етті және оларды алар кездеріңде сендер Алланың атымен ант еттіңдер ».
Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім өз отбасына жақсы мінез- құлық пен мейірімділік танытса, сол иманы берік мүмин болып есептеледі», - деген.Тағы да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «« Джавваз »(өз отбасына қатыгездік танытқан адам) жұмаққа кірмейді», - деп, әйелге басшылық ету оған үстемділік таныту, қысым көрсету, құқығын аяқасты ету, өзін жоғары санау арқылы жүзеге аспауы керек екендігін ескертеді.
Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөздері тек теориялық тұрғыдан айтылған ақыл-кеңес емес, керісінше, бұл қарым-қатынастарды біз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен көре аламыз: «Сендердің ең ардақтыларың - жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың , Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтыны - менмін ».Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әйелдері де бұған куә болған. Сафия (р.а.): «Мен Алла Елшісінен (с.ғ.с.) басқа көркем-мінезді адамды кездестірмедім» десе, Айша (р.а.) «Алла Елшісі (с.ғ.с.) барлық істе жұмсақтықты жақсы көретін, өзі де жұмсақ мінезді, жомарт, көп күлімдеп, күліп жүретін еді », - дейді.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) бізге әйелдермен қарам- қатынас жасау этикасы деген оларды қуанту, шариғат шеңберіне сай қалағанын орындау деп үйретті. Айша анамыздан (р.а.) жеткен бір естелікте былай делінген: «Мен Алла Елшісімен жолда едім. Мен жарысып озып кеттім. Ал біраз есейгеннен кейін Алла Елшісі (с.ғ.с.) мені жеңіп, «Бұл саған өткендегің үшін», -деді ». (Сахих ибн Хаббан, 10 б, 545 бет, № 4691).
Әйеліне өз махаббатын көрсету оны қуанышқа бөлейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хадиша туралы: «Мен оған деген махаббатқа бөленгенмін», - деген.
Ерлі-зайыптылар бірін-бірі толықтырады. Әрқайсысының бұл өмірде өз рөлдері бар. Сонымен қоса, Алла Елшісі (с.ғ.с.) отбасындағы өзара көмек - ең жоғарғы дәрежедегі адамгершіліктің сипаты, себебі, әйел мен ерінің өзара байланысы махаббатпен, өзара көмекпен, мейірімділікпен, сыйластықпен негізделеді деп көрсеткен. Айшадан (р.а.): «Алла Елшісі үйде немен шұғылданады?», - Деп сұрағанда, ол: «Үй шаруаларына көмектеседі», - деп жауап берген. Иә, Ол (с.ғ.с) әйелдің міндеттері мен жұмыстарына да қол ұшын беретін.
Әйелдің табиғаты сезімдеріне қарай баға беруге жаратылған. Ал ер адам оның
сезімдері мен көңіл-күйін сақтауға міндетті. Ер адамның барлық уақытын жұмысқа, достарының ортасында өткізіп, әйелін жалғыз қалдыруы дұрыс емес. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Айша (р.а.) әңгімелесіп, кеш түскенде шығатын. Имам Газали: «Көркем мінез деген зиян келтіру емес. Керісінше әйелінің оғаш қылығына шыдамдылық танытып, ол ашуланғанда сабырлы болу. Бұл - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ізімен жүру », - деген.
Мұсылмандардың анасы Айша (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) әйелдерін ешқашан ұрмағандығын айтқан.
Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Егер ері әйелінің шөлін сумен қандырса, бұл үшін оған үлкен сауап жазылады», - деген болатын.
Ислам әйелдерге мейірімділікпен қарап, татулықпен бақытты ғұмыр кешуді бұйырса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелдерге жасаған қарым-қатынасы бізге үлгі болады.
Құранда мұсылмандарды егер әйеліне деген сезімі суып, оны жақсы көрмесе де олармен жақсы қарым-қатынаста болуларын насихаттайды. «.... Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген хайыр жасап қойғаны болуы мүмкін». (Ниса, 19) Әйелі отбасылық міндеттеріне немқұрайлы болып немесе ері ұнатпаған бір нәрсені жасауы мүмкін. Алайда, ері отбасын сақтап қалуы мақсатында сабырлылық танытқаны жөн. Егер ері әйелінің бойынан бір кемшілікті байқаса, оның жақсы қасиеттерін де байқауға міндетті. ,
Көптеген жағдайда әйел нәзік әрі өзін- өзі қорғауда әлсіз болғандықтан Ислам әйелді ұруға тыйым салады және одан қорғайды. Алла Елшісі (с.ғ.с..): «Сендердің ешқайсысың өз әйелін құлын ұрғандай ұрып, ал кешке онымен жыныстық қатынасқа бармасын» .- деген (. Сахих аль Бухари, 5 бет 1997, № 4908)
Ерте немесе қазіргі замандағы болсын бір де бір заң, бір де бір жүйе әйелдің құқығы мен намысына Ислам діні сияқты кепіл бере алмады. Ислам діні келген кезде оны қабылдағандардың көңілінде үлкен өзгерістер болды және бұл қоғамдағы ерекше әрі ұлы оқиға болғандықтан, бүкіл адамзат баласына әсер етті. Ислам өмірдегі барлық мәселелерді қамтыған әмбебаптығымен, адамның табиғатына жақын, түсінуіне жеңіл болуымен тез таралып кетті. Исламда дені сау адамның қабылдауына қарсы келетін ешқандай түсініксіздік, бұлыңғырлық жоқ. Ислам әйелге және оның құқығына деген қөзқарасты түбегейлі өзгертті. «Араб өркениеті» кітабының авторы Др. Г. Лебон былай деп жазады: «Ислам әйелдің дәрежесін арттырып қана қойған жоқ, ол бұны жасаған алғашқы дін болып табылады». (Др. Г. Лебон, «Араб өркениеті», 488 бет. Аударған Аделя Зуайтора). Осы кітапта тағы да былай деп жазады: «Құранда көрсетіліп, оны тәпсірлеушілердің түсіндіруіндегі әйелдің отбасылық міндеттері еуропалық әйелдердің құқығынан әлдеқайда жақсы» (Сол жерде, 497 бет).
Алла Тағала жер бетінде өмір сүріп, көбеюлері үшін адамдарды әйел мен ер етіп жаратып, олардың арасында махаббат пен өзара жақсы мәміле орнатты. Алла ер адамға өмірде табыс табуы үшін күш пен төзімділік берді. Ал әйелге бала көтеру, туу, баланы қоректендіру, тәрбиелеу қабілеттерін беріп, оған осы қызметтерді атқаруына қажетті аяушылық, мейірімділік, нәзіктік, еркелету сияқты сезімдерін сыйлады.
Ислам діні әйелдің жұмыс істеуіне тыйым салмайды, керісінше, ол келісімге отыруға, сауда және қаржылық жұмыстармен айналысуға, өз қаражатына сауда-саттық жасауға құқылы. Ислам діні әйелдің атқаратын қызметі мен іс-әрекетін Шариғат талаптарына сай ережеде бекітті.
Алла Тағала: «Сендерге оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен» (Рум, 21) . Алланың шексіз құдіретінің бір көрінісі - адамды бір-бірінен тыныштық пен жан рахатын табу үшін ер мен әйел етіп жұп қылып жаратуы.
Исламда әйел отбасы мен қоғамның тірегі деп саналады. Ислам діні оған маңызды міндеттер жүктей отырып оның құқығын толық қорғауға кепілдік берді.
Күйеуі әйелінің бойындағы кейбір жақтарын ұнатпаса да, онымен жақсы қарым қатынаста болуы керек. Себебі Алла Тағала: «... Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген хайыр жасап қойған болуы мүмкін», дейді (Ниса, 19). Ері әйелін ұнатпаса да, оны кемсітпесін, құқығын таптамасын, керісінше, оған аяушылықпен қарап, мейірімділік танытуы керек немесе талақ беріп, басын босатуы тиіс.
Әйелдерде де барлық адамдарға тән кемшіліктер болатындықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Әйелдермен әрқашан жақсы қарым-қатынаста болыңдар.Шындығында, әйел қабырғадан жаратылған. Ал оның жоғарғы жағы біршама қисықтығымен ерекшеленеді. Егер қабырғаны түзетемін десең, онда сындырасың, ал оны жайына қалдырсаң, ол қисық күйінде қала береді. Сол үшін әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар ». (Сахих аль-Бухари,. 3б, 1212 бет, № 3153).
Ері әйеліне лайықты қарым-қатынас танытып, шынайы дос бола білуі керек, әйелін еркелетіп, жақсы көруі тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көркем мінезді адамның иманы толығырақ болады. Ал көркем мінез деген өз әйелдеріне жақсы қараған адам », дейді. (Сахих ибн Хаббан, 9 б, 483 бет, № 4176). Исламда бұл ер адамның міндеті болып саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Ер адамның іс әрекеттерінің ішіндегі ең абзалы - садақ ату, жылқыны үйрету, әйелімен көңіл көтеру - бұл оның міндеті». (Сунан аль-Байхаки, 10 б, 14 бет, № 19517).
Ері әйелінің дүние-мүлкін қорғауы тиіс. Ері әйелінің рұқсатынсыз оған тиесілі дүние-мүлікті пайдалануға, алуға құқығы жоқ. Алла Тағала: «Араларыңдағы малдарды бұзық жолмен жемеңдер» (Бақара, 188), - дейді. Ері үй шаруасы мен отбасына қатысты мәселелердің бәрінде әйелімен ақылдасып отыруы тиіс. Ол әйелінің дұрыс пікірімен санаспай, өзімшілдік танытпауы керек. Өзара кеңес ерлі- зайыптылардың сезімін шыңдай түседі. Құран Кәрімде былай делінген: «... Ал және сондай Раббыларына мақұл дегендер, намазды толық орындағандар, сондай-ақ өзара істерін кеңеспен жүргізгендер және өздеріне берген несібемізді тиісті орындарға жұмсағандар» (3 С. 159- А) (Т- Қ) ( Өзара ақылдасып, іс жүргізу мұсылманшылықтың елеулі бір сипаты болып саналады). (Шура, 38).
Ері әйеліне үй шаруасына көмектесуге тиіс. Алла Елшісі (с.ғ.с) киімдерін өзі тігетін, аяқ киімін жөндеп алатын, үй шаруасына көмектесетін. Айша анамыздан (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйде немен шұғылданатын?», - Деп сұрағанда ол: «Жұбайларына көмектесетін. Ал намаз уақыты болғанда, мешітке кететін », - деп жауап берген. (Сахих аль-Бухари, 1 б, 239 бет, № 644). Алла Елшісі (с.ғ.с.) - біз үлгі алатын тұлға.
Ері болмашы нәрсе үшін әйеліне тиісіп, оның кемшіліктерін іздеп, қателіктерін термеуі тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Егер ері отбасынан жырақ ұзақ уақытқа кеткен болса, үйіне түнде келмесін» (Сахих аль-Бухари, 5 б, 2008 бет, № 4946). Ол келерден бұрын отбасы мүшелерін ескерткені жөн. Себебі, әйелін өзіне ұнамайтын кейіпте көріп, соның салдарынан көңілі суып кетуі мүмкін.
Ері әйелінің көңіліне келетін, жүрегін жаралайтын сөзбен болса да залал келтірмеуі тиіс. Алла Елшісінен (с.ғ.с.): «Я, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Әйелдің ерінің алдында қандай құқығы бар », - деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.):« Сен өзің тамақтанғандай тамақтандыр, өзің киінгендей киіндір, бетінен ұрма, дөрекі сөз айтпа, оны тастап үйіңнен кетпе », - деп жауап барген »(Сунан абу Дауд, 2 б, 244 бет, № 2142).
Егер әйелі күйеуін жақсы көрмесе, әйелі күйеуінің оған үйленгенге дейін берген сыйын қайтару шартымен одан талақ талап етуге құқығы бар. Егер күйеуі махрдің әйелінде қалуын қаласа, өзінде қалдыруға құқығы бар. Хабиба бинт Сахл Сабета ибн Кайса ибн Шаммасқа тұрмысқа шығады. Ол ұсқынсыздау адам еді. Әйел: «О, Алланың елшісі! Егер Алланың қаһарынан қорықпасам, ол маған келген кезде мен оның бетіне түкірер едім », - дейді. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Сен оған оның бақшасын қайтарасың ба?», - Деп сұрайды. Ол: «Иә», - деп жауап береді. Әйел күйеуіне бақшаны қайтарып берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларды ажырастырады.(Сунан ибн Маджа, 1 б, 663 бет, № 2057).
Ері әйелінің намысын қорғап, оған қамқор болуы тиіс. Ислам әйелге мұрадан үлес алуға құқық берді. Исламға дейін мұрагерлік жаугершілікпен елін жаудан қорғағандықтан, тек ер адамдарға ғана тиесілі болатын. Бұл мұнымен ғана шектелмейтін: әйел зат ретінде мұрагерлікке беріліп отыратын. Алла Тағаланың: «Әй, мүминдер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес. Және бергендеріңнің бір бөлімін алып қалу үшін оларды зорламаңдар »(Ниса, 19) деген сөзін тәпсірлеген ибн Аббас (р.а) былай дейді:« Ері өлгеннен кейін оның туыстары марқұмның отбасынан гөрі әйелін иеленуге көбірек құқылы болатын.Ері өлген әйелді туыстары үйленгісі келсе оған үйлене алатын, оны басқа біреуге тұрмысқа беріп те жіберетін немесе мүлдем тұрмыс құрғызбайтын ». Ислам жоғарыда келтірілген аятта айтылғандай, бұған тыйым салды. Ол әйелге белгілі бір мөлшерде мұра берілуін талап етті. Бұл келесі аятта көрсетілген: «Әке-шеше және жақындардың қалдырған нәрселерінен әйелдерге де үлес бар. Аз немесе көп болса да, одан өлшеулі несібе бар » (Ниса, 7)
Мұра бөлісу кезінде мүлікті отбасын асырау міндеті жүктелген ер адамға беріп, әйелді барлық қаржылық міндеттерден босатқан дұрыс емес пе? Ислам әйелдің мұрадан үлес алу құқығын сақтай отырып, оларды қаржылық міндеттерден босатты, оны ер адамға міндеттеді. Ер адаммен қатар өзіне тиесілі мүлікке мұрагер етті. Бұл адалдық емес пе? Шариғат заңдарына сәйкес әрбір мұсылман ер мен әйел мұра алуға құқылы және ешкімнің оларды бұдан айыруға қақысы жоқ. Сол үшін «өсиет» бойынша мұсылман өзінің мүлкінің үштен бір бөлігінен басқасын мұрагерлік тиісті емес бөгде адамға өсиет етуіне құқығы жоқ.
Амр ибн Са'д ибн аби Ваккас әкесінің (Алла екеуінен де разы болсын) былай дегенін жеткізеді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) қоштасу қажылығы болған жылы мен ауырып жатқан кезде көңілімді сұрай келді. Мен Оған (с.ғ.с.) былай дедім: «Мен қатты аурумын әрі баймын. Ал қызымнан басқа менің мұрагерім жоқ. Мен өзімнің мүлкімнің үштен екісін садақаға берсем бола ма? ». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жоқ», - деді. Мен: «Ал жартысын ше?». Ол (с.ғ.с.): «Жоқ», - деді де артынша: «Үштен бірі де көп болады. Өз мұрагерлегіңе адамдардан қайыр сұрайтындай кедейлік қалдырғанша, байлық қалдырыңдар. Алла үшін берген әрбір нәрсеге сауап аласың, тіпті әйеліңнің аузына бір түйір тамақ салсаң да », - деді. (Сахих аль-Бухари, 1 б, 435 бет, № 1233).
Осылайша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелге лайықты өмірге кепілдік берді. Ол (с.ғ.с.): «Ей, адамдар! Сендердің Жаратушыларың - біреу, әкелерің - біреу. Арабтың араб еместен, араб еместің араб алдында, қызыл нәсілділердің қара нәсілділердің алдында, қара нәсілділердің қызыл нәсілділердің алдында ешқандай артықшылығы жоқ, тек тақуалығынан басқа », - деген.
(Муснад аль-имам Ахмад, 5 б, 411 бет, № 23536).
Ислам шариғатына сәйкес барлық әйелдер мен еркектер тең және әрқайсысының табиғи жаратылыстағы ерекшеліктеріне тән міндеттері бар. Құран Кәрімде былай делінген: «Мүмін ерлер мен әйелдер бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады. Сондай ақ олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бой ұсынады » (Тәубе, 71). Сонда олардың Раббылары тілектерін қабыл етті: «Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел ғамал істеушілердің ғамалын зая қылмаймын» (Әли Ғымран, 195).
Некеге отыру үшін екі жақтың да келісімі міндетті. Ер адамды да өзі қаламаған адамға үйлендіруге, әйел адамды өзі риза болмаған адамға тұрмысқа беруге болмайды. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді: «Ей, иман келтіргендер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес. Және бергендеріңнің бір бөлімін алып қалу үшін оларды зорламаңдар » (Ниса, 19).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деді: «Жесір әйелмен ол келіспейінше ерлі-зайыптылық қатынасқа барма және қызбен оның ризалығынсыз ерлі- зайыптылық қатынасқа барма».
Әйел адам риза болмаса, тіпті әкесі де оны қыстауына болмайды. Бұл Пайғамбарымыздың мына сөздерінен көрінеді: «Қыз баланың рұқсатын әкесі сұрайды» (Хадис Муслимнен). Әкесі қызының қалауынсыз оны тұрмысқа бермесе, онда еш күнә жоқ. Алайда, ол қызын қорғап, сақтау керек. Егер қызға екі адам сөз салса, «Мынаны қалаймын» десе, оған сай болу шартымен соған күйеуге тиеді.
Ислам заңдарына сәйкес әйелді оның рұқсатынсыз күштеп тұрмысқа беруге болмайды.
Ханса бинт Хизам әкесі оның қалауынсыз екінші рет тұрмысқа берген кезінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келген кезінде, Ол (с.ғ.с.) бұл некені бұзғанын айтады.
Аль-Бухари мен Муслимнің хадистер жинағындағы Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Жесір әйел өзі келісім бермейінше тұрмысқа шығарылмайды. Өзі қаламаса, қыз бала да тұрмысқа шықпайды. Ал күшпен алынған келісім жарамсыз болып табылады !!! ».
Пайғамбарымыздың әйелі Айша (р.а.) былай дейді: «Бірде бізге бір қыз келіп, әкесінің оны туыс ағасына күйеуге беретінін, алайда өзінің риза еместігі туралы айтты. Мен үйге кіріп, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) күтуін өтіндім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйге келісімен қызды мұқият тыңдады. Содан кейін қыздың әкесін шақыртып, күйеу таңдау құқығы қызға берілетіндігі туралы айтты. Бұны естіген қыз: «Мен әкемнің таңдауына қарсы емеспін және оған қарсы шықпаймын. Менің мақсатым барлық қыздарға әкелері олардың тағдырын толық иемденуге құқығы жоқ екендігін көрсеткім келді », -. Деді (ан-Насаи х ж.)..
«Оларды зиян салып қанау үшін ұстамаңдар. Кім осыны істесе, рас өзіне зұлымдық қылған болады » (Бақара, 231).
Қалыңдық пен күйеудің өзара келісімінсіз жасалған неке заңды емес. Алла бұндай некені қабыл алмайды! Оның алдында бұндай неке жоқ!
Ислам күштеп қиылған некеге қарсы
Шариғат заңы бойынша қалыңдықты «ұрлау» дұрыс болып есептелмейді. Қалыңдықты ұрлау оның келісімімен жүзеге асса да тыйым салынған (харам).
Исламда неке егер екі жақтың келісімі болса, екі куәгердің болу шартымен жариялану арқылы дұрыс болып есептелінеді.
Қалыңдықты ұрлау кезінде бұл шарттар орындалмағандықтан, бұл неке күшіне енбейді және ұрлаушы ұрлық істеуші, зорлық- зомбылық көрсетуші болып табылады. Бір де бір имам бұл некені қимайды.
Ислам шариғаты Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне негізделген. Соның ішінде отбасын құру мен онымен қатысты нәрсенің бәрі де Аллаһтың бұйрығы мен Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) көрсеткен үлгісіне негізделеді.
Ислам тарихында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Айша бинт Әбу Бәкірге (р.а) оның алты жасында құда түсіп, ал тоғыз жасында өз ата анасының үйінен кетіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үйіне тұруға келеді.
Исламда ерте некелесуге тыйым салмағанмен, міндеттемейді. Өкінішке орай, Аллаһтың ризалығын алуға ұмтылып, қаһарынан қорыққан жастарымыз дінді үйрену мақсатында өз бетінше діни әдебиеттерді оқып немесе діни құндылықтарды түсіндіре алмайтын адамдарға жүгінеді. Ал олар болса ешқандай ғалымның тәпсіріне сүйенбестен және қоғам өмір сүріп жатқан маңызды жағдайларды ескерместен Құран мен сүннеттен өз түсінуі бойынша мысалдар келтіреді. Ерте үйлену жасөспірім қыздың білім алу мүмкіншілігінен ұзақтатады. Бұрынғы ғасырлардағы ерте үйлену біздің қазіргі қоғамымыздай қиындықтар тудырған жоқ. Мысалы, ол кезде өмір сүру үшін белгілі бір мамандық иесі болудың қажеті жоқ еді. Қазіргі кезде ер адам болсын, әйел адам болсын өзіне және балаларына жағдай жасаулары үшін белгілі бір мамандық иесі болулары тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген: «Білім алу -әрбір мұсылман ерлер мен әйелдерге парыз». Келесі бір хадисте: «Білімді Қытайда болса да барып алыңдар» деп, мұсылмандар тек діни білім алып қана қоймай, сонымен қатар қажетті және пайдалы нәрселерді де оқып, үйренулері керек екенін ашық білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) кезінде де тарихта аттары алтын әріппен жазылған ғалым әйелдер болған.Айша бинт Әбу Бакір, Хафса, Зейнеп бинт Джахш, Абдуллаһ ибн Масғудтың әйелі Раита және басқа да мұсылман әйелдер қоғамның дамуына үлкен үлес қосып, ғасырлар бойы мұсылман әйелдердің білімге деген құштарлықтарын арттырып, үлгі болуда.
Қыздарына ерте тұрмыс құруға рұқсат еткен ата-ана, жасөспірім қызға үйленуге дайын ер адамдар, 15-18 жастағы жасөспірім қыздарда ерте жаста жүкті болу денсаулыққа зиян екенін ұмытпағаны жөн. Бұл жастағы жасөспірім қыздардың жүктілігі бала тастау, әр түрлі формадағы ауыр қан кетулермен баланың өлі туылуы немесе баланың түрлі кемістіктермен туылуы және бала өлімінің жоғарғы көрсеткіші сияқты көптеген ауытқушылықтармен жүзеге асатындығын көрсетеді. Бұл - ағза қызметінің жетілмеуімен байланысты. Әлемдік статистикалық көрсеткіштер бойынша 18 жастан төмен босанған жасөспірім қыздардың өлімі ересек әйелдерге қарағанда өте жоғары. 15 жасқа дейінгі босанған ананың және / немесе баланың өлімі айтарлықтай жоғары. Мектеп бітірмей, оқуын аяқтамай жасөспірім кезінде босанған қыздар болашақта белгілі бір мамандық алуға мүмкіндігі болмайды, жақсы жұмысқа орналаса алмайды, өзінің қабілетін толық көрсете алмайды және әлеуметтік қалыптаспауы және болашақтағы қорғансыздығы орын алады.
Ата- аналар отбасы мүшелерінің алдындағы міндеттерін ұмытпауы керек. Алла Елшісі (с.ғ.с.):, - деген «Әркім өз отбасының бақташысы және әркім өз отары үшін жауапты.». Отбасы иесі ер балалармен қатар қыз балаларын да жақсы тамақтандыруға, киіндіруге, үлгілі тәрбие беруге, оқытуға міндетті. Тақуа әке Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Білім алу -әрбір мұсылман ерлер мен әйелдерге парыз» деген сөзін отбасы мүшелерінің алдындағы өзіне жүктелген міндет етіп қабылдауы керек. Балаларды тәрбиелеуде ананың білімділігі мен тәрбиелігі үлкен рөл атқарады. Себебі, балалар көп уақытын анасының қасында өткізеді.Әйелге ерінің жағдай жасауы балаларына деген қамқорлық болып табылады.
Шариғат кәмелет жасына толса да, толмаса да некесіз жыныстық қатынасқа түсуге тыйым салады. Өйткені ол арсыздыққа жол ашады. Некесіз жақындасу әдептілік, рухани құндылықтарын жоюға апаратын жауапкерсіздікті тудырады.
Қорыта келе, дін бауырластарымызға Аллаға және Қиямет күніне сенген әрбір мұсылман өзіне және қоғамға тек пайда келтіруі тиіс. Ал басқа бір адамға зиян шектіру - үлкен күнә. Біз әрқашан мынаны естен шығармауымыз керек: біз денемізді, денсаулығымызды, уақытымызды, қабілетімізді пайдалы әрі жақсы істерге жұмсауымыз керек.