Тараз қаласының "Һибатулла Тарази" мешітінің, найб имамы Кеңесбайұлы Таңат
ЖҮРЕКТЕГІ ІБІЛІС АЗҒЫРУЫНЫҢ ЖОЛДАРЫ
1.Адамның жүрегі туралы
«Жүректегі Ібіліс уәсуәсасының терезелері» деген тақырыпты қозғамас бұрын, ең әуелі Алла Тағала адамның жүрегін не үшін және қандай қасиеттермен жаратқанына көңіл аударайық. Адамның жүрегі – тек қана денедегі қанды айналдырып тұратын «мотор» емес. Қасиетті Құран аяттарында айтылғандай, жүрек – аса сезімтал мүше. Жүрек – адамның құлағы мен сезім мүшелері сезбейтін әлдебір нәрселерді сезеді және оның өзінше ойлау қабілеті бар. Бұл – мимен ойлаудан басқа, илаһи құбылыс.
Адамдар бір-бірімен сөйлесіп отырғанда немесе оңаша отырғанда алыстан бір жақсылықты немесе жамандықты жүрегімен сезіп отырады. Мұндай жағдайда адам: «Жүрегім бір нәрсені сезіп отыр» немесе «Көңілім бір нәрсені сезіп отыр» дейді. Мұндай сезімді ғалымдар «интуиция» деп атайды. Бірақ, олар бұл сезімнің қалай пайда болатынына нақты түсінік бере алмайды.
Алла Тағала Қасиетті Құранның «Мүминун» сүресінің 78-аятында:
وَهُوَ الَّذِي أَنْشَأَ لَكُمُ السَّمْعَ وَالْأَبْصَارَ وَالْأَفْئِدَةَ
«Ол (Алла) сендер (адамдар) үшін есіту, көру және (жүрекпен) сезу қабілетін жаратты…» [1], «Ахқаф» сүресінің 26-аятында:
وَجَعَلْنَا لَهُمْ سَمْعًا وَأَبْصَارًا وَأَفْئِدَةً
«…Сондай-ақ, оларға (адамдарға) есіту, көру және (жүрекпен) ойлау қабілетін берген едік…» [2] деген.
Яғни, Жаратушы Иеміз бізге, адамдарға, жүрекпен сезу, жүрекпен ойлау қабілетін берген. Ислам ғұламаларының білдіруінше, жүрек – Алла Тағаланың қарайтын, Жаратушы Иеміздің нұры түсетін мүше. Алла Тағала әрбір пенденің барлық іс-әрекеттерін, тіпті не ойлағанын да біледі.
Жүрек – көз, құлақ, тіл сияқты сезім мүшелерімен тығыз байланыста болады. Мысалы, адам көзін Алла Тағала тыйым салған харам нәрселерге қараудан тыймаса, құлағын харам сөздерді есітуден тыймаса, тілін харам, ғайбат, өсек сөздерден тыймаса – оның жүрегін де харамнан қорғау қиын болады. Сондықтан, жүректі үнемі тазалап, қорғап жүрмесе, адамға оны харам мен күнәдан сақтау қиынға соғады.
Алла Тағала «Ғафыр» сүресінің 19-ы аятында:
يَعْلَمُ خَائِنَةَ الْأَعْيُنِ وَمَا تُخْفِي الصُّدُورُ
«Алла көздердің қиянатын және көкіректердегі құпияны біледі»[3].
Олай болса, жүректі тазалау үшін, денедегі басқа мүшелерді де харамнан қорғау керек. Жүрек таза болса, дене мен сезім мүшелері де таза болады. Ал егер жүрек ластанған болса, денедегі барлық сезім мүшелері ластанған болады.
Осы себептен жүректі тазалауға көп күш салу керек. Жүректі тазалау үшін, ылғи Алла Тағаланың есімдерін зікір етіп, Оның әмірлерін бұлжытпай орындап, тыйым салғандарынан тиылып, Мұхаммед ﴾с.а.у.﴿ Пайғамбардың сүннетіне сай амал-әрекет етіп, харам нәрселерден сақтанып, нәпсіге алданбай жүрген жақсы.
Жүректі зікірмен әбден тазалаған кезде, жүректе Аллаға деген махаббат еріксіз өздігінен пайда болады. Мысалы, іші суға толы бір ыдыстан суды төгіп тастағанымызда, оның ішіне ауа еріксіз өздігінен кіріп кететіні сияқты, жүрек тазарғаннан кейін, Алла Тағалаға деген махаббат та өздігінен оянып, жүрекке келіп, орналасады. Бір жүректе бір уақытта Алла Тағалаға деген махаббат пен Алла ұнатпайтын басқа нәрселерге деген сүйіспеншілік бірге бола алмайды.
Жүрек тек бір нәрсені ғана шын сүйіспеншілікпен өте жақсы көре алады. Көп нәрсені бір уақытта бірдей жақсы көре алмайды. Адамға мал-мүлік, бала-шаға, әйел және мансап, т.б.с.с. көптеген дүниелік нәрселерді жақсы көретіндей болып көрінетін болса да, ақиқатында осы әртүрлі сүйіспеншіліктердің бәрі бір жалғыз ғана сүйіспеншіліктен туындайды. Бұл жалғыз сүйіспеншілік – адамның өзіне, яғни нәпсіге немесе Алла Тағалаға деген сүйіспеншілігі.
Егер нәпсіге деген сүйіспеншілік жоғалса, әлгі басқа нәрселерге деген сүйіспеншілігі де жоғалады. Яғни, жүректе Аллақа деген шынайы сүйіспеншілік орнап, адам Аллатың шынайы діні – Исламды қабылдап, иман келтіргеннен кейін, Алланың пайғамбарларын, Құранды, періштелерін, жәннатты т.б.с.с. илаһи нәрселерді жақсы көре бастайды.
Жүректе нәпсіге деген сүйіспеншілік жоғалмайынша, Ібілістен (шайтаннан) келетін уәсуәсалардың (жаман ойлардың) бәрі нәпсі әммарадан (тәрбие көрмеген нәпсіден) туындайды. Өйткені, нәпсі әммара әрдайым пендені дүниелік ләззаттарға қол жеткізуге қызықтырып, Жаратушы Иеміздің тура жолынан тайдырады. Міне, осындай нәпсіден мұсылманның жүрегіне (көңіліне) келетін уәсуәсалар жүректегі иманға зиянын тигізеді. Сондықтан, жүректі таза ұстау үшін нәпсіні тәрбиелеуіміз керек.
Жүректе міндетті түрде не иман, не күпірлік болады. Иман – Алла Тағаланың жалғыз Жаратушы және барлық жаратылыстардың Иесі екендігіне, Оның пайғамбарларына, періштелеріне, кітаптарына (Тәурат, Забур, Інжіл және Құранға), ақырет күніне және пенделердің өлгеннен кейін Қияметте тіріліп, пәни дүниеде істеген барлық іс-әрекеттер үшін Аллатың алдында есеп беретініне ешбір шүбәсіз сену, Алла мен Пайғамбардың ﴾с.а.у.﴿ айтқандарын орындау, Жаратушы Иеміздің тыйым салғандарынан тыйылу.
Ал күпірліктің белгісі – керісінше, жоғарыда айтылғандардың бәріне сенбеу және барлық жаман нәрселерді жақсы көру. Адамды күпірлікке апаратын – Ібілістің сарбаздары, Ібілістің уәсуәсуалары (азғырулары).
2. Ібіліс туралы
Адамды күпірлікке апаратын – Ібіліс деген кім? Ібіліс – Құранда бірнеше жерде айтылған. Ол – діни ұғым бойынша: Жаннаттан қуылып, Адам Атамен ﴾а.с.﴿ бірге жерге түсірілген, адамдарды Алланың тура жолынан тайдыратын, оларды азғырып күнәға ұшырататын жаратылыстың есімі. Ібілісті басқаша – «шайтан», «әзәзіл», «албасты», «пері», «Алланың жауы» немесе жай ғана «дұшпан» деп атайды. Бір сөзбен айтқанда, Ібіліс – барлық қара ниеттілердің басшысы.
Әдетте, мұсылмандардың Аллаға сыйынулары:
أَعُوذُ بِاللهِ مِنَ الشَّيْطانِ الرَّجِيمِ
«Аъузу билләәһи мин-аш-шайтаанир-ражим» «Қуылған шайтаннан Аллаға сиынамын» деп, Ібіліске қарсы сөздермен басталады. Ібіліске қарсы дұғалар Құранның «Фәлақ», «Нас» сүрелерінде т.б. көптеген аяттарында келтірілген.
Құранда Ібілістің Аллатың тілін алмай, Оның бұйрығын орындамай, Адам атаға ﴾а.с.﴿ сәжде қылудан бас тартып:
وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلَائِكَةِ اسْجُدُوا لِآَدَمَ فَسَجَدُوا إِلَّا إِبْلِيسَ كَانَ مِنَ الْجِنِّ فَفَسَقَ عَنْ أَمْرِ رَبِّهِ أَفَتَتَّخِذُونَهُ وَذُرِّيَّتَهُ أَوْلِيَاءَ مِنْ دُونِي وَهُمْ لَكُمْ عَدُوٌّ بِئْسَ لِلظَّالِمِينَ بَدَلاً
«(Мұхаммед) сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» деген едік. Ібілістен басқа періштелер сәжде қылған еді. Жыннан болған ол, Раббыңның әмірінен бас тартты. Сонда да Менен өзге оны және ұрпақтарын дос етіп, аласыңдар ма? Олар болса, сендерге дұшпан. (Алла барда, шайтанды дос көру) Залымдар үшін нендей жаман өзгеріс!»[4]
Міне, осындай Алла Тағалаға қарсы әрекеті үшін ол «кәпір» атанып, Жұмақтан қуылып, Қиямет қайымда мәңгі тозақ отына тұратын болып ұйғарылды. Алайда, Ібіліс Алладан бұл жазасын Қиямет қайымға дейін кешіктіруін жалбарынып сұрап алды. Сонымен қатар, ол адамдарды азғырып, теріс жолға түсіруге уәде берді.
Ібіліс өзінің алғашқы пенделерден – Адам Ата ﴾а.с.﴿ мен Хауа Анадан жоғары екендігін дәлелдеу үшін, оларды тәтті сөздермен алдап, азғырып, оларға Алла Тағала тиым салған жемістерді жегізді. Яғни, ол Адам Ата ﴾а.с.﴿ мен Хауа Ананы Алланы тыңдамауға иландырды.
Ібіліс сол уәдесінде тұрып, Адам Ата ﴾а.с.﴿ мен Хауа Анадан жұмыр Жердің бетіне тараған барлық адамдарды, тіпті пайғамбарларды да жолдан тайдыруға өмір бойы бір тынбай әрекет жасап келеді.
3. Шайтандар туралы
Шайтан сөзі «азғын, қарсы келуші» деген мағынаны білдіреді. Түбірі – «алыстады», «ұзақтады» деген мағынаға саятын – «Шәтанә / شطَنَ يشطُن، شُطُونًا» етістігінен шыққан. Оған бұл атау Раббымызға қарсы келіп, Оның әміріне теріс әрекет еткені үшін тағылған. Оның тағы бір аты «Ібіліс» – үмітін үзді деген мағынаны білдіретін «أبلس» етістігінен шығады. Алланың кешірімі мен мейрімінен үмітін үзгендіктен оған «Ібліс» аты берілген[5].
Алла Тағала Құранның «Нұр» сүресінің 21-аятында:
أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَتَّبِعُوا خُطُوَاتِ الشَّيْطَانِ وَمَن يَتَّبِعْ خُطُوَاتِ الشَّيْطَانِ فَإِنَّهُ يَأْمُرُ بِالْفَحْشَاء وَالْمُنكَرِ وَلَوْلَا فَضْلُ اللَّهِ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَتُهُ مَا زَكَا مِنكُم مِّنْ أَحَدٍ أَبَدًا وَلَكِنَّ اللَّهَ يُزَكِّي مَن يَشَاء وَاللَّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ
«Әй, мүміндер, шайтанның ізіне ермеңдер. Кім шайтанның іздеріне ерсе күдіксіз ол ұятсыздықты, жамандықты меңзейді. Сендерге Алланың игілігі, мейірімі болмаса еді, еш біреуің әсте ағармайтын (тазармайтын) едіңдер. Бірақ Алла әр нәрсені естуші, білуші»[6] деп, адамдарды ескерткен.
Неге Алла Тағала Құранда: «…шайтанның ізіне ермеңдер. Кім шайтанның іздеріне ерсе күдіксіз ол ұятсыздықты… меңзейді» деген?
Бұл жерде Алла Тағала «шайтан» деген сөзбен негізінен терең ұғымды білдіріп тұр. Яғни, Жаратушы Иеміз «шайтан» деген сөзді екі мағынада айтқан. Шайтанның көрінбейтін түрін – «жын-шайтан», ал көрінетін түрін – «адам-шайтан» деп атайды. Алла Тағаланың шайтанына қарағанда, «адам-шайтан» – ең қауіпті «шайтан». Ондай «шайтан-адамдарды» Алла Тағала «Ібіліс сарбаздары» деп атаған.
Оған дәлел Құранның «Шұғара» сүресінің 221-226 аяттары:
هَلْ أُنَبِّئُكُمْ عَلَىٰ مَن تَنَزَّلُ الشَّيَاطِينُ تَنَزَّلُ عَلَىٰ كُلِّ أَفَّاكٍ أَثِيمٍ يُلْقُونَ السَّمْعَ وَأَكْثَرُهُمْ كَاذِبُونَ وَالشُّعَرَاءُ يَتَّبِعُهُمُ الْغَاوُونَ أَلَمْ تَرَ أَنَّهُمْ فِي كُلِّ وَادٍ يَهِيمُونَ وَأَنَّهُمْ يَقُولُونَ مَا لَا يَفْعَلُونَ
«Шайтандар кімге түседі, сендерге хабар берейін бе? (221) Олар әрбір өтірікші, күнәһарға түседі.(222) Олар шайтандарға құлақ салады. Олардың көбі өтірікші. (223) Рас, олардың ойпаттарда қаңғып жүргенін көрмедің бе? (225) Рас, олар істемеген істерін айтады». (226)
Құранның «Әнғам» сүресінің 112, 113-аяттарында Алла Тағала:
وَكَذَٰلِكَ جَعَلْنَا لِكُلِّ نَبِيٍّ عَدُوًّا شَيَاطِينَ الْإِنسِ وَالْجِنِّ يُوحِي بَعْضُهُمْ إِلَىٰ بَعْضٍ زُخْرُفَ الْقَوْلِ غُرُورًا ۚ وَلَوْ شَاءَ رَبُّكَ مَا فَعَلُوهُ ۖ فَذَرْهُمْ وَمَا يَفْتَرُونَ وَلِتَصْغَىٰ إِلَيْهِ أَفْئِدَةُ الَّذِينَ لَا يُؤْمِنُونَ بِالْآخِرَةِ وَلِيَرْضَوْهُ وَلِيَقْتَرِفُوا مَا هُم مُّقْتَرِفُونَ
«Осылайша әр пайғамбарға адамдардың және жынның шайтандарынан дұшпан қылдық. Олар алдап бір-біріне жалтыраған сөздерді сыбырлайды. Раббың қаласа, олар оны жасамас еді. Оларды жасанды сөздермен қойып қой. Олар, ақиретке сенбегендердің көңілдері оған ауып разы болсын да, істеген күнәларын істей берсін» деген.
إِنَّ الشَّيْطَانَ لَكُمْ عَدُوٌّ فَاتَّخِذُوهُ عَدُوّاً إِنَّمَا يَدْعُو حِزْبَهُ لِيَكُونُوا مِنْ أَصْحَابِ السَّعِيرِ
«Шәксіз сендерге шайтан дұшпан. Сондықтан сендерде оны дұшпан тұтыңдар. Шын мәнінде шайтан өз тобын тозақтықтардан болуға шақырады»[7].
Шайтан әртүрлі адамды, әртүрлі жолдармен азғырады. Кәпірге, имандыға арнайы жолдары бар. Имандылардың намаз оқитынымен, намаз оқымайтынды азғыратын жолдары бар. Және барлығына бірдей жүретін жолдары бар. Мысалы: ашкөздік және сол сияқты ойлар, оны пенде қанағат және сенім арқылы жеңеді.
Осы өмірге деген махаббат және осы дүниенің ісін көбейту, кенеттен келетін өлімнен қорқумен женеміз.
«Шайтан-адамның» басты белгілері – ғылымсыз, дәлелсіз айтылған өтірік, өсек сөздер, салтқа-дәстүрге, ар-ұятқа қарсы қылықтар. Олардың ең көп кездесетін жерлері: ойынханалар, тойханалар, дәмханалар, базарлар мен көшелер. Олардың негізгі насихат құралдары: көгілдір экран мен порнографиялық журналдар мен фильмдер.
4. Жүректегі Ібіліс уәсуәсасының терезелері
Алла Тағала қасиетті Құранда:
ثُمَّ لَآتِيَنَّهُمْ مِنْ بَيْنِ أَيْدِيهِمْ وَمِنْ خَلْفِهِمْ وَعَنْ أَيْمَانِهِمْ وَعَنْ شَمَائِلِهِمْ وَلَا تَجِدُ أَكْثَرَهُمْ شَاكِرِينَ
«Оларға алдарынан, арттарынан, оң жақтарынан, сол жақтарынан келемін (алдап-арбап тура жолдан тайдырамын) және олардың көпшілігінің шүкіршілік етпейтіндігін көресің»[8] дейді.
Әңгімеміздің басында, «Адамның жүрегі туралы» деген бөлімінде айтып өткеніміздей, жүрек – көз, құлақ, тіл сияқты сезім мүшелерімен тығыз байланыста болады. Сондықтан, адамды алдап-арбап азғыру үшін осы сезім мүшелері арқылы адамның жүрегіне жол табады.
«Жүректегі Ібіліс уәсуәсасының терезелері» дегеніміз не? Бұлар – Ібілістің уәсуәсасаларын (азғыруларын) жүзеге асыратын адамның сезім мүшелері. Енді сол Ібіліс уәсуәсасының терезелеріне нақты тоқталайық.
Көз. Ібіліс адамның көздерін Алла Тағала тыйым салған харам нәрселерге (адамның көзбен қарауға болмайтын дене мүшелеріне, теледидардан нәпсіні қоздыратын киноларды т.б.) жиі-жиі қарата берсе, көздер бірте-бірте оларға ұялмай қарай беретін болады. Яғни, көзден ұят кетіп, харамға былғанады. Көзбен бірге жүрек те былғанады.
Құлақ. Ібіліс көзбен бірге құлақтарға да сыбырлап, әртүрлі айла-шарғымен алдап-арбап: «Мен сенің ата-бабаңның аруағымын. Саған менің аруағым қонайын деп жүр. Егер сен менің аруағымды ұстамай, адам емдемесең, саған және сенің отбасы мүшелеріңе қиын болады…» деген сияқты сөздермен, Ислам дінінен хабары жоқ пенделерді Алла Тағаланың тура жолынан тайдырады. Құлақ арқылы Ібіліс жүрекке жол тауып, оны да сендіреді. Осылайша адамдар адасып, бірі – емші, екіншісі – «әулие», үшіншісі – «көріпкел» болып кетеді.
Тіл. Ібіліс тілді екі түрлі мақсатқа пайдаланады. Біріншіден, адамды алдап-арбап Алла Тағала тыйым салған харам тағамдардың (доңыз етінің, арақ-шараптың, есірткілердің т.б.) дәмдерін татқызып көргізеді. Оларға үйір болып алғаннан кейін, тіл мен ауызға тыйым салуға жүрек әмір бере алмай, қауқарсыз болып қалады.
Екіншіден, Ібіліс адам баласын сәби кезінен бастап боғауыз сөздерге үйір қылуға тырысады. «Боғауыз айтқыш» балалар сөздің мәнісін түсінбесе де, бірте-бірте дарақы болып, ақырында «ұр да жық» бұзық болып өседі. Мұндай балаларды жас кезінен бастап жөнге салып, дұрыс тәрбиелемесе, ер жеткен кезде оларды қайта тәрбиелеу қиын болады. Жастайынан дұрыс тәрбие көрмеген мұндай балалар (әсіресе, қыз балалар) өсек, ғайбат сөздер айтатын болады.
Көз, құлақ, тіл Алла Тағала тыйым салған харамдарға былғанса, олармен тікелей байланыста болғаннан кейін, жүректі де харамнан қорғау қиын болады. Бір сөзбен айтқанда, көзден, құлақтан, тілден ұят кетсе – оларды басқаратын жүректен қуат кетеді. Сондықтан, әрбір адам өзінің сезім мүшелерін – жүректегі Ібіліс уәсуәсасының терезелерін ашып тастамай, үнемі бекітіп жүргені жөн. Яғни, әрбір адам өзінің сезім мүшелерін үнемі бақылауда ұстап жүруі керек!
Әбдімүтәліп Дәуренбеков
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы