Ішімдіктің салдарынан - ажыраған отбасы, тiрi жетiмдердiң көз жасы, мүгедек туылған сәбилер. Мемлекеттердiң көпшiлiгiнде маскүнемдiктi емдеудiң жолдары қарастырылған. Әрине, теледидар, баспасөз беттерiнде iшкiлiктiң зияндығы туралы сөз болатыны рас. Бірақ iшкiлiктi насихаттау ісі одан да күшті. Бұған дәлел – жарнамалар. Қысқасы, әлемдегі ең зиянды зат арақтан құтылудың жолын шешкен – Ислам шариғаты.
Алла Тағала «Маида» сүресінің 90-91 аяттарында айтады:
يَأَيُّهَا الَّذِينَ آامَنُوا إِنَّمَا الْخَمْرُ وَ الْمَيْسِرُ وَ الْأنْصَابُ وَ الْأَزْلَامُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُنَ . إِنَّمَا يُريِدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ العَدَاوَةَ وَ البَغْضَاءَ فِي الْخَمْرِ وَ الْمَيْسِرِ وَ يَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَ عَنِ الصَّلَوةِ فَهَلْ أَنْتُم مُنتَهُونَ
«Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?»-деп, бұл жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырады.
Міне, бұл екі аятта Алла тағала арақты жоғары дәрежеде харам деп әмір етуде. Арақ құмар ойыны, пұт және бал ашумен қатар бірге айтылған. Бұлардың барлығын ең лас нәрсе деп қайтаруда. Ең лас (рижс) сөзі Құранда тек сорақылығы шектен шыққан және жамандығы жұртқа мәлім нәрсеге айтылған. Бұл аят бойынша арақ – шайтанның ісі. Ал, шайтанның ісі – бұзықтық пен харам. Аятта арақтан алшақ жүруді әмір еткен. Сондай-ақ, бұл кесірден алыс жүру адамды бақытқа жеткізетін жол. Сонымен қатар, әлеуметтік зияны ретінде туысқандық қарым-қатынастың «ат құйрығын кесіп» араласпай кетуге апарып соғатынан айтуда. Арақ ішетін және құмар ойнайтын адамдар арасында сөзсіз дұшпандық пен өшпенділік туындайды. Ал, рухани залалы – пендені діни міндеттемелерінен тоқтатады. Намаздан, оразадан және т.б. құлшылығынан қайтарады. Аталған аят соңында Аллаһ тағала адамдарға бұйыра «...сонда да безбейсіңдер ме?» деп сауал қойды. Сонда осы аятты естіген сол кездегі мұсылмандар: «Раббым! Біз түбегейлі тиылдық», – деп жауап қатты.
Исламға дейін араб халқы араққа салынып кеткен еді. Тіпті, оларда арақтың жүзден астам аты болды. Араққа арнап өлеңдер жазатын.
Ислам маскүнемдікке салынған бұл халықты өте дана тәрбиелік тәсілмен айықтырды. Арақты кезекті жүйемен, бірте-бірте харам етумен түбегейлі тыйды. Әуелгі уақытта арақтың күнәсі пайдасынан көбіректігі жайлы үкім түсті. Бақара сүресінің 219-аятында:
يَسْأَلُونَكَ عَنِ الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ قُلْ فِيهِمَا إِثْمٌ كَبِيرٌ وَمَنَافِعُ لِلنَّاسِ وَإِثْمُهُمَآ أَكْبَرُ مِن نَّفْعِهِمَا وَيَسْأَلُونَكَ مَاذَا يُنفِقُونَ قُلِ الْعَفْوَ كَذَلِكَ يُبيِّنُ اللّهُ لَكُمُ الآيَاتِ لَعَلَّكُمْ تَتَفَكَّرُونَ
«Олар сенен арақ және құмар турасында сұрайды. Сен айт:“оның екеуі де зор күнә. Аздаған пайдасы болуы мүмкін, бірақ, күнәсі пайдасынан әлде қайда ауыр».
Сосын намазға тұрғанда мас күйде болмауды тыйым етті. Ниса сүресінің 43-аят:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَقْرَبُواْ الصَّلاَةَ وَأَنتُمْ سُكَارَى حَتَّىَ تَعْلَمُواْ مَا تَقُولُونَ
«Ей, мүминдер! Не айтып жатқандарыңды бiлмейiнше мас күйде намазға жақындамаңдар!»
Соңында кейін түбегейлі тыйым етілгендігі туралы аят түсті. Маида сүресінің 90-аятында:
يَأَيُّهَا الَّذِينَ آامَنُوا إِنَّمَا الْخَمْرُ وَ الْمَيْسِرُ وَ الْأنْصَابُ وَ الْأَزْلَامُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُنَ
«Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар».
Дәл осы аяттар түскен күні Мәдина мұсылмандары үйлерiндегі ішімдікті сыртқа төкті. Сахаба Әнас ибн Малик бұл оқиға туралы: «Iшкiлiкке тыйым салынғаннан кейiн бiз үйлерiмiздегi арақ-шарапты көшеге шығарып төктiк. Төгiлген iшiмдiктiң көптiгi сонша бiрнеше күн бойы Мәдина көшесінен iшімдіктің иiсi мүңкiп тұрды» деген. Осы оқиғадан кейiн сахабалардың ешбiрi iшiмдiк iшпеген және оны саудалаумен айналыспаған.
Әрі сол күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араққа байланысты он кісіге лағынет айтқан: «Арақты сығушы, сығуға тапсырыс беруші, ішуші, тасушы, алдыртушы, құюшы, сатушы, арақтан түскен пайданы жеуші, арақты сатып алушы және сатып алдырушы» (Тирмизи, Ибн Мәжа).
Кез келген адамның ақылдан айырып, мас ететін ішімдік арақ болып табылады. Мұндай ішімдіктің бір жұтымы да – харам. Хадистерде: «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» (Муслим) және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам» (Ахмед, Әбу Дәуід және Тирмизи), – деп баяндалған.
Тіпті мұсылман арақ-шарап қойылған жерде отырмауы тиіс. Омар (р.а.): «Мен Аллаһ елшісінің «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, арақ қойылған дастарқанға отырмасын» деген сөзін естіп едім», – дейді. (Ахмед)
Әділ халифа ретінде танылған Омар бин Абдулазиз арақ ішкендерді олармен қоса ішімдікті аузына алмаса да сол дастарқан басында отырғандарды дүреге қоса жығатын болған.
Ал сонау тоғызыншы ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұни бабамыз былай деген:
Шарап ішпей, бәледен жүр қашықта,
Байқа, атанба зинақор да, пасық та.
Сақ бол, шарап, зинақорлық күйгізер,
Олар тонын кедейліктің кигізер, – деген екен.
Атам қазақ : «Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені»,– деген ұлағатты сөзі бар. Маскүнемдік адамдардың денсаулығын бұзып, шаңырақтың тату-тәттілігін шайқалтады, адамды әл-қуатынан, ерік-қайратынан айырады.
Бауыржан Момышұлы атамыз «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деп айтқан.
Сали бин Абдулла (р.а.) риуаяты: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салғанан кейін Әбу Бәкір, Омар (р.а.) және бір топ адамдар отырып ең үлкен күнә жайлы әңгіме қозғайды. Олар ортақ ойға келмеген соң, Абдулла бин Амрден сұратты. Ол: «Ең үлкен күнә арақ ішу», – деді. Өйткені, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бәни Исраил патшаларының бірі бір адамға жаза ретінде: арақ ішуді, өлім жазасын, зина жасауды немесе доңыз етін жеуді таңдауға бұйырады. Бас тартса, өлім күтіп тұр. Ол арақ ішуді таңдап, ақыры арақ барлық қылмысты істеуге итермелеген» (Муслим).
Пайғамбарымыз Мұхаммед : «Iшімдік – барлық жамандықтың көзi» – деп ескерткен. (хадистi Ибн Аббастан имам Хаким және имам Байһақи риуаят еткен).
Америкалық академик Жулиус Херш көп жыл арақтан арылу мәселесін зерттей отырып, маскүнемдiкке қатысты жазылған еңбегiнде: «Мұхаммед Құран арқылы арақты шектеп және ғасырлар бойы адамзаттың бір тобын арақтың зардабынан қорғай бiлді. ХХ ғасырда өркендеген Америка әртүрлi ұрандар көтеріп және ғылыми конференциялар ұйымдастырып ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады» деп ашық мойындайды.
Атақты дәрiгер Альфина Дебруч iшiмдiктiң зияндылығын зерттей келiп: «Iшкiлiктi көп пайдаланатын халықта өлiм көбейiп, бала өсiмi күрт төмендейдi. Себебi, дүниеге спирттiң әсерiнен әлсiз ұрпақ келедi. Iшкiлiк себебiнен қылмыстың саны көбейедi. Ұрпағын апаттан сақтап қаламын деген әрбiр саналы адам iшкiлiкке қарсы тұруы қажет» дейді.
Арақтың адам дініне, ахыретіне келтіретін зияны:
Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің асыл сөздерінің бірінде:
عن عبد الله بن عمر رضي الله عنه قال: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: "إن من شرب الخمر لم تقبل له صلاة أربعين صباحاً، فإن تاب تاب الله عليه
«Кімде-кім шарап ішіп, мас болса оның қырық күн бойы (сабахән) намазы қабыл болмайды. Одан кейін күнәсіне тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етіп кешіреді...» (Тирмизи, «Китабуль Әшриба», №1862-хадис), – дейді. Тағы бір хадисінде: «...Кім мас қылатын ішімдік ішсе, қырық күн намазы кемиді....» (Әбу Дәуід, «Китабуль Әшриба», №3680-хадис), – деу арқылы арақ ішудің қаншалықты ауыр күнә екендігіне ишара етіп тұр. Намазға кедергі болып отырған ішімдіктің, еткен дұғасына да залалы тиюі анық. Десе де, жасаған күнәсі үшін шынайы тәубе етіп, келесіде қайталамау шартымен Алладан кешірім тілесе, Алла кешірім иесі.
Хадистегі «қырық күн» сөзін негізге ала отырып ғалымдарымыз ішімдік уыты адам бойына сіңіп, қырық күнге шейін тазармайды деп отыр.
Дегенмен, бұл қырық күн бойы намаз оқымау керек немесе мешітке аяқ баспауы тиіс деген сөз емес. Арақ ішкен кісі тәубе етіп, ары қарайғы бес уақыт намазын қаза етпей, уақытылы оқуы шарт. Осылайша, тым болмаса мойнындағы «парызын» өтеген болып саналады. Ал, хадистегі «қабыл болмайды» деген сөздің төркінінде оқыған намаздары үшін сауабы болмайды, бірақ парызын өтеген боп есептеледі дегендік жатыр (Тухфатуль Әхуизи, Тирмизи шархы, №1862-хадис түсіндірмесі).
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алла Тағала ішкілік ішкен кісінің қырық күндік намазын қабыл етпейді. Осы қырық күн ішінде өліп кетсе, ол адам тозаққа түседі. Алла Тағала оған назар да салмайды», - деді. (Тирмзи)
Әби Әмама Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткізген мына бір хадисінде 3 түрлі адам жәннатқа кірмейтіндігін жеткізген: «Олар: Біріншісі араққа салынған адам, екіншісі туысынан безген адам, үшіншісі сиқырды – шындық деген адам. Кімде-кім арақтан өлсе, Алла тағала заният тозағындағы «ғута» деген сасық және исінің өзі тозақ еліне азап берген өзенінен ішкізеді».(Бұхари)
Қорыта айтқанда. Арақ харам етілгендіктен пендені адамгершiлiктен айырады, иманын әлсiретеді. Иманнан қалған жүрек өлi жүрекке айналады. Сананы иман емес, нәпсi билейдi. Халал мен харамның айырмасы болмай қалады. Күнәға ойланбай барған пендеге шайтан Аллаһ Тағаланың азабын ұмыттырады. Нәпсiнiң құлы болу дегенiмiз – осы. Адам баласын нәпсi мен шайтанға құл ететiн – имансыздық. Иманның асыл қақпасына бiздi бiреу көтерiп кiргiзбейдi. Оған еңбекпен кiру пенденiң мiндетi. Мысалы, бал арасының ұясын қорғаушы күзетші аралар шіріген (спирттік құрамы бар) гүлге қонып, бал жинаған араны ұяға кiргізбейдi екен. Сол сияқты иман қақпасына арақтың иiсiн мүңкітіп кіре алмайсыз. «Аллаһ Тағала арақты iшушi мен жәрдем берушiнi, сатушы және сатып алушыны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келушi мен алып келтiрушiнi және арақтан күн көргендi лағынеттедi» (хадисті ибн Омардан имамӘл–Хаким және имам Әбу Дауд риуаят еткен) дейдi сүйікті Пайғамбармыз. Әлбетте, көкiрегiнде иманы бар адам Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ескертпесіне құлақ асып, Аллаһ Тағаланың қаһарынан сақтануы қажет.
Құрметті мұсылман қауым, ел боламыз десек ең алдымен халқымыздың тамырына балта шабатын арақтан аулақ болғанымыз абзал. Осы арақтың кесірінен небір қауымдар құрып кетті. Арақ атамыздан қалған ас емес. Абай бол, ағайын!
Б.Мырзагелдиев
«Халал өнімдерін стандарттау»
бөлімінің меңгерушісі