Тәубенiң қасиетi. ҚМДБ «Жалпы және Жастар ісінің» меңгеруші Алтынбек Ұтысханұлының
Тәубе ету – күнәлардан бас тарту дегенді білдіреді және оны жасаудың өзіндік шарттары бар.
Ар-Рағиб әль-Исфаһани былай деп айтқан: «تَوْبٌ «Тәубун» сөзінің тілдік мағынасы – күнәлардың барлығы жиіркенішті болғандықтан, ең көркем түрде олардан бас тарту. Ал تَوْبَةٌ «Тауба» сөзінің шарғи терминдік мағынасы – күнәлардың барлығы жиіркенішті болғандықтан, олардан бас тарту әрі жасағанына өкіну, кейін шынайы ниетпен мұндай күнәні жасамауға бел буу және қалпына келтіріп жөндеуге келетінін жөндеу».
Имам ан-Науауи өзінің «Риадус солихиин» кітабында былай деген: «Ғалымдар, әрбір жасалған күнәдан кейін тәубе ету, міндет. Егер адамның күнәсі басқа бір кісінің ақысына қатысты болмаған болса, онда тәубе жасау үшін, үш шартты орындау қажет. Біріншісі – Аллаға бойұсынбаушылықтан бас тарту. Екіншісі – күнә істегендігіне өкіну. Үшіншісі – кейін шынайы ниетпен мұндай істі жасамауға бел буу қажет. Егер осы аталған шарттардың біреуі орындалмаса, жасалған тәубе есептелінбейді. Ал егер де жасалған күнә, басқа біреудің ақысына қатысты болған болса, онда жоғарыда аталған үш шартқа, құқығы кемітілген адамның ақысын өтеу атты төртінші шарт қосылады. Ал егер жасалған қылмыс не күнәлі іс, мал-мүлікке қатысты болған болса, онда мүлік, иесіне қайтарылады да әлгі адам жасаған барлық қылмысы мен күнәлі ісі үшін өкініп тәубе етуі қажет».
Адам баласы табиғатынан күнә жасауға биім жаратылған және ол күнә мен қателік жасағандығы үшін емес, керісінше сол күнәларды жасаған кездегі қырсықтығы себепті айыпқа лайық. Егер де адам күнә жасап қойса, бірден тәубе етіп, Алла Тағаладан кешірім сұрауы қажет. Имам Мүсілім Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) айтқан: «Жанымның Иесі болған Алла Тағаламен ант етемін, егер де сендер күнә жасамағанда, Алла Тағала сендерді күнә жасайтын және Раббысынан жарылқау тілейтін басқа адамдармен алмастырып, есесіне олар Алланың жарылқауына бөленер еді».
Қиямет күні, тәубе ету мен Алладан жарылқау тілеу амалдары, мизан таразысының оң жағын ауыр басып, салмақты етеді. Имам Мүсілім Әнас ибн Мәліктен (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізді:
لَلَّهُ أَشَدُّ فَرَحًا بِتَوْبَةِ عَبْدِهِ حِينَ يَتُوبُ إِلَيْهِ مِنْ أَحَدِكُمْ كَانَ عَلَى رَاحِلَتِهِ بِأَرْضِ ، فَلَاةٍ فَانْفَلَتَتْ مِنْهُ وَعَلَيْهَا طَعَامُهُ وَشَرَابُهُ ، فَأَيِسَ مِنْهَا ، فَأَتَى شَجَرَةً فَاضْطَجَعَ فِي ظِلِّهَا قَدْ أَيِسَ مِنْ رَاحِلَتِهِ فَبَيْنَا هُوَ كَذَلِكَ ، إِذَا هُوَ بِهَا قَائِمَةً عِنْدَهُ فَأَخَذَ بِخِطَامِهَا " ، ثُمَّ قَالَ : مِنْ شِدَّةِ الْفَرَحِ اللَّهُمَّ أَنْتَ عَبْدِي وَأَنَا رَبُّكَ أَخْطَأَ مِنْ شِدَّةِ الْفَرَحِ
«Расында сендердің біреуің, сапар шегіп келе жатқан уақытта, үстінде азығы мен сусыны артылған түйесі қашып кетіп, шөл далада жалғыз қалып, түйесін табуға үміті үзіліп, бір талдың көлеңкесіне келіп ұйықтап кетіп, кейін оянып, жоғалған түйесі бүкіл азығымен жанынан табылған кезде, дереу ноқтасынан ұстап: «Уа, Аллам, Сен – менің құлымсың, ал мен – сенің Раббыңмын!»-деп, есі шығып қуанғаннан, қателесіп кеткенін білмей қалған пенде қалай қуанса, Алла Тағала құлының тәубесіне, одан да артық қуанады».
Күнәсі үшін тәубе еткісі келген кісіге Алла Тағаланың тәубе есіктері қашан да ашық. Себебі Алла Тағала, құлының тәубесін өлімі алқымға келгенге дейін қабыл етеді.
Имам Бұхари Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) мына бір хадисті келтіреді: «Ерте заманда 99 адамды өлтірген бір адам болады. Кейін ол тәубеге келіп, күнәсі мен қылмысты істерін тастап, дұрыс жолға түскісі келіп білгір адам іздей бастайды. Жұрт оны Исрайл ұрпақтарынан болған бір монахқа сілтейді. Ол әлгі діндарға келіп: «Мен тоқсан тоғыз адам өлтірдім. Енді Алладан рақым тілесем, пайдасы бола ма?»-деген сұраққа, «Жоқ»-деп жауап береді дүмше монах.Сонда ол оны да өлтіреді, сонымен өлгендер саны жүзге жетеді. Қылмыскер әлемдегі ең данышпан адамды іздестіруді жалғастыра береді. Оған адамдар бір ғалымды көрсетеді. Ол ғалымға келіп: «Мен жүз кісі өлтірген адаммын, енді Алладан рақым тілесем бола ма?»,-деп сұрайды. Ғалым: «Ия, болады. Сенің тәубеңе келуіңе не кедергі? Алла қалаған адамының күнәларын кешіруші. Сен тек бір Аллаға сыйынатын пәлен деген жерге бар. Сол жерде шынайы тәубе жасап, құлшылық ет. Өз мекеніңе оралма, ол қарғыс атқан жер»,-дейді. Ол солай қарай бет түзеп, жарты жолдан асқанда қайтыс болады. Жұмақ пен тозақ періштелері оның жаны үшін таласқа түседі. Жұмақ періштелері: «Ол Алладан рақым тілеп, тәубе етіп келді»-десе, тозақ періштелері: «Ол өмірінде бірде-бір жақсылық жасаған емес»-деді. Оларға адам бейнесінде бір періште келді де, былай деп төрелік жасады. «Оның келген жері мен баратын жерін өлшеңдер, қайсысы көп болса, ол сонда болады»-деді. Періштілер екі жақты өлшегенде оның тәубе етіп баратын жері жақын болып шықты. Күнәларына өкініп, шын тәубе етіп, Алланың рақымынан күдер үзбей жолға шығып, сол жолдың жартысынан көбін жүріп қайтыс болғаны үшін Алла Тағаланың әмірімен оны жұмақ періштелері қабылдады».
Имран ибн Хусейн (р.а.) мына бір оқиғаны риуаят етті: «Жухайна руынан болған бір әйел, Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп зина жасағандығын әрі сол үшін жазаға тартылуын талап етіп, жүкті екендігін ескертті. Сол кезде Алла Елшісі (ﷺ) әлгі әйелдің қамқоршысын шақыртып алып, оған: «Босанғанша бұл әйелге қамқорлық жаса да кейін менің алдыма алып келерсің»,-дейді. Кейін уақыт өте босанған соң, қамқоршысы әлгі әйелді Пайғамбарымыздың (ﷺ) бұйрығы бойынша алдына алып келеді. Содан соң әйелдің қолдарын үстіндегі киімдеріменен қымтап жауып, тартып тастайды да тас боран жазасын орындайды. Кейін Алла Елшісінің бұйыруымен адамдар әлгі әйелдің денесінің алдында жаназа намазын өтейді. Сол кезде Омар (р.а.) өзінің қарсылығын білдіріп: «Ей Алланың Елшісі (ﷺ)! бұл әйел зинақор бола тұра, Сен оған жаназа намазын оқытып жатсың ба?!»-дейді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жанымның Иесі болған Алла Тағаламен ант етемін, ол әйел сондай тәубе жасады, егер оны Мәдина қаласының жетпіс тұрғынына бөліп берер болсақ, жеткілікті болар еді. Ол әйел өзінің өмірін құрбан етті – бұдан артық не болуы мүмкін?» (Мүсілім).
Сонымен қатар Алла Тағала тек күнәларды кешіріп қана қоймай, бұған қоса, жаман істерді жақсысына алмастырады. Алла Тағал айтты:
إِلَّا مَن تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ عَمَلًا صَالِحًا فَأُولَٰئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ ۗ وَكَانَ اللَّهُ غَفُورًا رَّحِيمًا
«Алайда, істеген күнәсіне шынайы өкініп, Аллаға бойұсынуға қайтса (тәубеге келсе) әрі иманға келсе және ізгі амал жасаса, олар басқа. Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла – өте Кешірімді (Ғафур), ерекше Мейірімді (Рахим)» («Әл-Фурқан», сүресі, 70-аят). Бұл аятқа қатысты Ибн Касир былай деп айтқан: «Бұл жаман амалдар тәубенің арқасында игілікке айналады. Әрдайым жүзеге асырған жамандығын есіне алу себепті, мұндай адам шынайы түрде тәубе етіп, қайта-қайта өкінумен болады. Осылайша күнә, Аллаға деген бойұсынушылыққа айналады. Басқаша айтқанда, бұл амал адамның амал дәптеріне жазылады да, бірақ ол – ізгі амалға айналған түрде жазылады. Бұл жайлы сүннетте және әсәрларда айтылған әрі мұны растайтын дәйектер, сәләф салих ғұламаларымыздан да келіп жеткен» (Тәпсір, Ибн Касир).
Ұлы Алла Тағала Пайғамбарына (ﷺ) Өзінен кешірім сұрауды бұйырып, былай деді:
وَاسْتَغْفِرْ لِذَنبِكَ وَلِلْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ
(«Ей Мұхаммад! (Өзіңнің күнәң үшін және иманды ерлер мен иманды әйелдер үшін кешірім тіле»(«Мұхаммед» сүресі, 19-аят). Әрбір мұсылман, діндегі бауырлары үшін кешірім тілеуге, оларға кеңес беруге, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтаруға міндетті (Тәпсір, А. Сағди).
Пайғамбарымыз (ﷺ) да өмірінде Алла Тағаладан жиі жарылқау тілеп, тәубе ететін болған. Имам Бұхаридің Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят еткен хадисінде Алла Елшісі (ﷺ) айтқан: «Расында, мен Алла Тағаладан күніне жетпістен аса мәрте кешірім тілеп, тәубе жасаймын».
Алла Тағаладан жарылқау тілеумен адам баласы қайтадан күнәсін уайымдайды да кінәсін мойындайды және Жаратушысының мейіріміне қол жеткізуді үміт етіп, Раббысымен байланысын сезінеді. Сондықтан жарылқау тілеу иман келтірген, тақуа жандардың жасайтын амалы. Тақуа момын-мұсылман әрқашан да өзі мен Раббысының арасындағы ерекше байланысты сезінеді де Алла Тағаланың оны бақылап тұрғандығын әрі Жаратушысының кешірімді Ғафур екендігін және Жаббар Иесінің күнәһарлар мен қателік жасағандарды жарылқайтындығын біледі. Сол үшін ол тақуалардың басшысы әрі пайғамбарлар мен елшілердің сардары болған Пайғамбарымыз Мұхаммад Мұстафаның (ﷺ) салып кеткен сара жолындағы үлгі-өнегесінен ғибрат алып, ізіне ереді де Алла Тағаладан жарылқау тілейді.
Түндерін намаз оқумен өткізіп, таңсәріде жарылқау тілегендері үшін Алла Тағала тақуа құлдарды мақтап былай деді:
كَانُوا قَلِيلًا مِّنَ اللَّيْلِ مَا يَهْجَعُونَ وَبِالْأَسْحَارِ هُمْ يَسْتَغْفِرُونَ
«Олар түннің аз ғана бөлігін ұйықтайтын. Ал таңсәріде жарылқау тілейтін еді» («Зәрият» сүресі, 17-18 аяттар). Бұл аятардың мағынасына қатысты имам әл-Қуртуби былай деген: «Олар намаз оқып, Алла Тағаладан жарылқау тілейтін».
Жаратушы Иемізге мінәжәт жасап, намаз оқуға және кешірім сұрап, жарылқау тілеуге сахар мезгіл – ең абзал уақыт болған соң, иман келтірген тақуа жандар таң сәріде Алла Тағалаға дұға жасап, жарылқау тілейді. Алла Елшісі (ﷺ) айтқан: «Кемшіліктен пәк, Ұлы Алла Тағала әр түннің соңғы үштен бір бөлігі қалған кезде, дүние аспанына «Алланың рақымы, мейірімі) түседі де айтады: «Кімде-кім, Маған дұға етсе, дұғасына жауап беремін. Кімде-кім, Менен сұраса, сұрағанын беремін. Кімде-кім Менен жарылқау тілесе, Мен оны кешіремін»,-дейді»,-деп сүйіншіленген (имам Мүсілім жеткізген).
Бұған қоса Алла Тағала айтты:
وَالَّذِينَ إِذَا فَعَلُوا فَاحِشَةً أَوْ ظَلَمُوا أَنفُسَهُمْ ذَكَرُوا اللَّهَ فَاسْتَغْفَرُوا لِذُنُوبِهِمْ وَمَن يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلَّا اللَّهُ وَلَمْ يُصِرُّوا عَلَىٰ مَا فَعَلُوا وَهُمْ يَعْلَمُونَ
«Ал олар қашан арсыздық істесе, не өздеріне зұлымдық жасаса, Алланы естеріне алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Алладан басқа кім кешіреді? Сондай-ақ, олар жасаған істеріне біле тұра қасарыспайды («Әли-Имран» сүресі, 135-аят).
Басқа бір аятта Алла Тағала айтты:
إِنَّ الَّذِينَ اتَّقَوْا إِذَا مَسَّهُمْ طَائِفٌ مِّنَ الشَّيْطَانِ تَذَكَّرُوا فَإِذَا هُم مُّبْصِرُونَ
«Тақуалық етушілер өздеріне шайтаннан бір азғыру тисе, (Алланы) еске алады да, сөйтіп көзі ашылады (түсінеді)» («Әл-Әғраф», сүресі, 201-аят). Аса Ұлы Алланың жазасын еске алады да өздерін қолға алып, күнәдан тиылады және бұл азғырудың шайтаннан екенін түсінеді (Тәпсір, А. Сағди).
Құранда көп жағдайда жарылқау тілеу мен тәубе ету қатар айтылып ескертіледі. Шейх Афиф Табара өзінің «Рух ад-Дин әл-Ислами» атты еңбегінде былай деп жазады: «Құранда жиі кешірім сұрау мен тәубе ету қатар ескертіліп айтылған. Мысалы, Алла Тағаланың мына бір сөзінде былай деп айтылған:
وَيَا قَوْمِ اسْتَغْفِرُوا رَبَّكُمْ ثُمَّ تُوبُوا إِلَيْهِ
«Ей, елім! Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер әрі Оған тәубе етіңдер» («Һуд» сүресі, 52-аят). Өйткені жарылқау тілеу, тәубе етуге жетелейді әрі бұдан түсінілетін нәрсе, адам өзінің күнәсі үшін өкінген кезде ғана жарылқау тілеудің жүзеге асуы мүмкін болады. Себебі күнәһар адам тура жолдан бет бұрып, сол жолға қайтадан түспейінше, кешірім сұрап, жарылқау тілей алмайды. Осылайша, жарылқау тілеу өздігінен талап етілуде, ал тәубе ету – оның міндетті салдары және қажетті толықтырушысы».
Қашан адам баласы Алла Тағалаға тәубе етіп, Раббысынан жарылқау тілегісі келсе, онда оған тахарат алып, қосымша екі рәкат намаз оқуы қажет. Әбу Бәкір ﴾р.а.) былай деген: «Мен Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын естідім: «Егер Алланың бір құлы күнә жасаса, осыдан кейін дұрыс түрде дәрет алса, сосын екі рәкат намаз оқып, Алладан кешірім сұраса, Алла оны міндетті түрде кешіреді» (имам Ахмад).
Тәубе жасаған кезде истиғфар сөздерінің ең абзалы жөнінде Имам Әл-Қуртуби былай деп айтқан: «Ең дұрысы – Пйғамбарымыздан (ﷺ) келіп жеткен жарылқау тілеу дұғаларын қолданып айту».
Шаддад ибн Аус ﴾р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізді: «Алладан кешірім сұрап жасаған дұғалардың мырзасы (патшасы) мына сөз: "Иә, Алла, Сен – менің Раббымсың, Сенен басқа құлшылыққа лайықты еш нәрсе жоқ; Сен мені жараттың, ал мен – Сенің құлыңмын, мен Саған берген уәдеме шамам жеткенше бекем боламын. Өзім жасаған зұлымдықтан пана іздеп Өзіңе сыйынамын, Сенің маған жасаған мейіріміңді мойындаймын, сондай-ақ жасаған күнәләрімді мойындаймын, кешір мені, өйткені, расында, Сенен басқа ешкім күнәләрді кешірмейді!" Осы сөздерге адам толығымен сеніп күндіз айтса, сосын сол күннің кешіне дейін қайтыс болса, онда жұмақ тұрғындарының қатарында болады әрі осы сөздерге толығымен сеніп кешке айтса, кейін сол түннің таңына дейін қайтыс болса, онда жәннат тұрғындарының қатарында болады».
اللّهـمَّ أَنْتَ رَبِّـي لا إلهَ إلاّ أَنْتَ ، خَلَقْتَنـي وَأَنا عَبْـدُك ، وَأَنا عَلـى عَهْـدِكَ وَوَعْـدِكَ ما اسْتَـطَعْـت ، أَعـوذُبِكَ مِنْ شَـرِّ ما صَنَـعْت ، أَبـوءُ لَـكَ بِنِعْـمَتِـكَ عَلَـيَّ وَأَبـوءُ بِذَنْـبي فَاغْفـِرْ لي فَإِنَّـهُ لا يَغْـفِرُ الذُّنـوبَ إِلاّ أَنْتَ
/Аллаумма, Әнтә Рабби, лә иләһа иллә Әнтә, халәқта-ни уа ана 'абду-кә, уа ана 'алә ‘аһди-кә уа уа’ди-кә ма-стата'ту. Ә'узу би-кә мин шарри ма сана'ту, әбу-у лә-кә би-ни'мати-кә 'аләййа, уа әбу-у лә-кә би-занби, фа-ғфир ли, фа-инна-һу лә йағфиру-з-зунуба иллә Әнтә!/
Асылхан қажы Түсіпбек