Сауда-саттық – Алла Тағаланың халал еткен істерінен. Жаратушы Иеміз бұл жөнінде Құранда былай деген:
أَحَلَّ اللهُ الْبَيْعَ
«Алла сауда-саттықты адал еткен».
Тарих қойнауына үңілер болсақ, мұсылмандар басқа елдермен сауда-саттық мәселесінде адалдық пен аманатшылдықтың үлгісі бола білген. Бұл көптеген адамдардың Исламға келуіне себеп болған. Сондықтан да сауда-саттық әдебінде білгеннің маңызы зор. Олар мыналар:
1. Сауда-саттыққа харам істерді араластырмау
Мұсылманның сауда-саттығы тек халал заттардан болуы шарт. Ал арақ-шарап, кез-келген бас айналдырып, адамның өміріне қатер төндіретін заттар, ұятсыз бейнелі газет-журналадар сынды, т.б. дініміз тыйым салған заттардан аулақ болуы шарт. Сонымен қатар, ұрланған заттар да осылардың қатарына кіреді.
2. Тауарға бағаны тым артық қоспау
Саудагер сататын тауарына тым артық баға қосуы дұрыс емес. Тауарға қосатын құн орташа болғаны жақсы. Бұл тауардан табыс көрумен қатар, басқа адамдарға деген мейірімділіктің белгісі болмақ. Өйткені, кім басқаларға мейірімділік танытпаса, Алла ол адамға да мейірімділік етпек емес.
3. Тауарды өткізу мақсатында жалған ант бермеу
Сатушы тауарды өткізу мақсатында жалған ант беруіне болмайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деп айтқан:
إياكم وكثرة الحلف في البيع فإنه ينفق ثم يمحق
«Саудада көп ант беруден сақтаныңдар. Өйткені, ол өтуіне себепші болғанымен, берекені қашырады»[1].
Әбу Заррдан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (ﷺ) былай дейді:
ثلاثة لا يكلمهم اللَّه يوم القيامة ولا ينظر إليهم ولا يزكيهم ولهم عذاب أليم قال فقرأها رَسُول اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيهِ وَسَلَّم ثلاث مرار. قال أبو ذر: خابوا وخسروا من هم يا رَسُول اللَّهِ؟ قال: المسبل، والمنان، والمنفق سلعته بالحلف الكاذب
«Үш адаммен Алла ақырет күні сөйлеспейді, оларға қарамайды, оларды (күнәларынан) тазартпайды және оларға ауыр азап дайындалған!» Әбу Зарр (р.а.): «Алла елшісі (ﷺ) бұл сөздерін үш рет қайталады», – деп айтты.
Сонда Әбу Зарр (р.а.): «Олар сәтсіздікке тап болып, шығынға ұшырайды! Иә Алланың елшісі (ﷺ) олар кімдер?» – деп сұрады. Ол: «Киімдерінің соңын жерге түсірушілер, өзінің игілікті істерімен адамдарға міндетсінетіндер және (саудада) өзінің заттарын жалған антпен сатушылар», – деді[2].
Демек, бұл тауарды осындай бағаға алып едім, саған осыншаға беремін деп өтірік айту, тауардың сапасының жақсы екенін айтып, жалған ант ішу сияқты т.б. істерді осыған жатқызуға болады. Мұндай жалған ант ішу – тауардың тез өтуіне себепші болғанымен, ондай саудаға Алла Тағала береке бермесі анық.
4. Тауардың айыбы болса оны айту
Сауда-саттыққа байланысты әдептердің бірі – егер тауар бойында қандайда бір айып болса, сатушы оны айтуға міндетті. Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді:
أن رَسُول اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّم مر على صبرة طعام فأدخل يده فيها فنالت أصابعه بللاً، فقال: ما هذا يا صاحب الطعام؟ قال: أصابته السماء يا رَسُول اللَّهِ، قال أفلا جعلته فوق الطعام حتى يراه الناس! من غشنا فليس منا
«Алла елшісі (ﷺ) бірде сатуға қойылған бидайдың жанынан өтіп бара жатып, оның ішіне қолын салды да ылғал тигенін байқап: «Әй тағам иесі бұл не?» – деп сұрады. Ол: «Мұны бүлдірген аспан, иә Алланың елшісі (ﷺ)», – деді. Сонда Пайғамбар (ﷺ): «Сен неге суланғанын адамдар көруі үшін үстіне салмадың? Бізді алдаған бізден емес!» – деді»[3].
Егер сатушы тауар бойындағы айыпты айтпайтын болса, басқа адамдарға қиянат еткен болады. Құранда Алла Тағала:
إِنَّ اللهَ لاَ يُحِبُّ الْخَائِنِينَ
«Расында Алла қиянат етушілерді жақсы көрмейді»[4], – деп айтқан. Шариғатымызда сатушы тауардың айыбын жасырып сататын болса, сатып алушы алған затын қайтарып беруге немесе басқа кемшілігі жоқ затқа ауыстырып алуға хақысы бар.
5. Таразыдан жемеу
Таразыдан жеу – біреудің ақысын жеумен бірдей. Сондықтан ол күнәлы істердің қатарына кіретіні сөзсіз. Құранда бұл турасында былай делінген:
وَيْلٌ لِّلْمُطَفِّفِينَ الَّذِينَ إِذَا اكْتَالُوا عَلَى النَّاسِ يَسْتَوْفُونَ وَإِذَا كَالُوهُمْ أَوْ وَزَنُوهُمْ يُخْسِرُونَ
«Өлшеу тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да, қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді»[5]. Алла Тағала таразыдан кеміткендері үшін Шуғайыптың халқына ашуланған. Сонда Шуғайып оларға былай деп айтқан:
يَا قَوْمِ اعْبُدُوا اللهَ مَا لَكُم مِّنْ إِلَهٍ غَيْرُهُ وَلاَ تَنقُصُوا الْمِكْيَالَ وَالْمِيزَانَ إِنِّي أَرَاكُمْ بِخَيْرٍ وَإِنِّي أَخَافُ عَلَيْكُمْ عَذَابَ يَوْمٍ مُّحِيطٍ وَيَا قَوْمِ أَوْفُوا الْمِكْيَالَ وَالْمِيزَانَ بِالْقِسْطِ وَلاَ تَبْخَسُوا النَّاسَ أَشْيَاءَهُمْ وَلاَ تَعْثَوْا فِي الأَرْضِ مُفْسِدِينَ
«Әй елім! Аллаға құлшылық қылыңдар. Сендердің одан басқа тәңірлерің жоқ. Сондай-ақ өлшеуді, таразыны кемітпеңдер. Расында мен сендерді молшылық ішінде көремін. Күдіксіз мен сендерге байланысты тырп еткізбейтін күннің азабынан қорқамын» деді. «Әй елім! Өлшеуді, тартуды толық орындаңдар, адамдардың нәрселерін кемітпеңдер! Сондай-ақ жер жүзінде бұзғыншы болып жүрмеңдер»[6].
6. Саудаласқанда жұмсақтық таныту
Сатушы мен сатып алушы бір-біріне ілтипат пен сыйластық танытулары қажет. Саудаласуда тым шеттен шығып дауласу – шариғатымызға жат іс. Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадисінде былай делінген:
رَحِمَ اللَّهُ عَبْدًا سمحًا إذَا بَاع وَإِذَا اِشْتَرَى وَإِذَا اِقْتَضَى
«Сатқанда, сатып алғанда, қазылық еткен жұмсақтық танытқан пендені Алла рахмет етеді»[7].
7. Арада жеккөрініштілік алып келетін істерден сақтану
Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл турасында былай деп айтқан:
لا تحاسدوا، ولا تناجشوا، ولا تباغضوا، ولا تدابروا، ولا يبع بعضكم على بيع بعض وكونوا عباد اللَّه إخواناً
«Бірі-біріңе көреалмаушылық пиғылда болмаңдар, бағаларды көтермеңдер, бір-біріңе арқаларыңды қаратпаңдар, жақтырмаушылықтан бас тартыңдар, бір-біріңнің саудаларыңның үстінен сауда жасамаңдар және бір-біріңе бауыр болыңдар»[8].
«Бағаны көтеру», яғни, تناجش «танажуш» дегеніміз: қандайда бір адамның бір затты алатынын көргенде, алғысы келмесе де оған зиян келтіру үшін сатушыға әлгінің беретінінен жоғары баға ұсынып, сатып алуы.
Ал басқаның саудасының үстіне сауда жасау дегеніміз: екі адамның саудада келіскенінен кейін үшінші бір адамның араласып: «Мен тура сол тауарды одан арзанырақ беремін немесе мен де одан жақсысы бар», – деп айтуы. Бұл екеуі де шариғатымызда тыйым салынған істерден. Мұсылман адамдар арасында жеккөрушілікке әкеліп соғатын мұндай арам пиғылдардан аулақ болуы керек.
ҚМДБ, Семей өңірі, Аякөз қалалық мешітінің бас имамы:
Сайфуллин Думан Нәдірұлы