Облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы Акмамбетов Асхат Шүкіршілік ету – мұсылманның әдебі
Шүкіршілік – мұсылманды өмір өткелдерінен алып өтетін өте маңызды құлшылық. Тағдырға шынайы иман келтірген адам өзіне берілген һәм берілмеген барлық несібелері үшін Аллаға шүкіршілік етеді. Мұны бұрынғылар «Аллаға қанағат ету» және «Аллаға шүкір ету» деп екіге бөлген.
Қанағат ету – пенденің қолындағы әрі қолы жетпеген несібелері үшін разы болуы болса ал, шүкір ету – кісінің қолындағы несібелері үшін Аллаға алғыс білдіруі. Бұл жөнінде Құранда:
فَٱذْكُرُونِيۤ أَذْكُرْكُمْ وَٱشْكُرُواْ لِي وَلاَ تَكْفُرُونِ
«Мені естеріңе алыңдар, сонда Мен де сендерді есіме аламын. Маған шүкіршілік етіңдер, шүкірсіздік етпеңдер[1]», – делінген. Ендеше, Жаратқанның берген өміріне, денсаулығына, материалдық және рухани байлықтарына алғыс білдіріп, лайықты түрде шүкірлік қылу – әрбір пенденің міндеті.
Өміріміздегі кез келген мәселенің иманға келу, шүкірлік ету арқылы шешімін тауып жататындығы белгілі. Халқымыздың «Қанағат қарын тойғызар» деп, барға қанағат жасап, жоққа салауат айтып жататындығы да осыдан деп білеміз.
Шын мәнінде, адам баласының тәкәппар кеудесі тығырыққа тірелген сәтте өзінің дәрменсіздігін мойындайды. Құдіретті бір Ұлы Күштің бар екендігіне бойұсынып, оған қолын жайып медет тілейді. Тіпті, кезінде өзін құдайға теңеп, тәңірмін деген перғауын теңіз түбіне батып бара жатып, ажал аузындағы бір мезетте: «Мұсаның Раббысына иман еттім[2]», – деген екен.
Дана халқымыз: «Алла беріп те сынайды, алып та сынайды», – дейді. Кезінде өз заманының заңғар тұлғасы Әбу Ханифа ғылыммен қатар сауда-саттықпен айналысты. Ғұлама қоңыртөбел тірлік кешті. Күндердің күні шәкірттеріне дәріс оқып отырған ол тауарын тасымалдаушы кеменің суға батқан жайлы хабар естиді. Алайда, тіршілік мұратын имандылыққа жеңгізген ғалым бұл хабарды естігенде «әлхамдулилла» дейді де, сабағын жалғастыра береді. Көп өтпей әлгі хабарды әкелген кісі қайта келіп: «Мырза, кешіріңіз, әлгінде әкелген хабарым тура емес екен. Малыңызды тасыған кеме аман-есен келді. Қазір жүк түсіріліп жатыр», – дейді. Әбу Ханифа тағы да: «Әлхамдулилла», – дейді. Қасындағылар бұған таң қалып, ғалымның суыт және жақсы хабарға бірдей көңілмен жайбарақат жауап бергенін сұрады. Сонда ол: «Біздің барлық күйіміз Аллаға шүкірлік ішінде болғаны жөн. Дүние – сынақ орны. Алла құлдарын кейде беріп, кейде алып сынайды. Алдыңғы хабармен Алланың мені зиянға ұшыратып сынағанын ойладым. Шүкіршілік еттім. Кейінгі хабармен Алла мені сыйлап, сынағанын ойладым және шүкіршілік еттім», – деген екен. Міне, мұны Аллаға жақындаған кісінің амал-әрекеті емес деп қалай айта аламыз?!
Тілсіз жау атанған табиғаттың тосын жағдайына тап болған адам баласы жан ұшыра айқайлап, қара басын қорғаудың қамына кіріседі. Ажалмен бетпе-бет келген адам қиындықтан құтылатын ешқандай мүмкіндігі қалмайды. Мұндай сәтте адам Жаратушыға жалбарынып, дұға жасап медетті тек Алладан күтеді. Жәрдем тек Алладан келетінін бар болмысымен және жүрегімен сезеді. Әдетте, «Жаратушы жоқ» дейтін бейбақтың өзі де жаны алқымға таяған шақта Құдайын лезде табады. Алайда, адамның көпшілігі қауіп-қатерден құтылған соң үрей мен қорқыныш сезімдерінің барлығын ұмытып кете барады. Жүрегі жайланып, түк болмағандай күй кешіп, дұғаны да жайына қалдырады. Дәл осы ақиқат Құран Кәрімде былай баяндалады:
هُوَ ٱلَّذِي يُسَيِّرُكُمْ فِي ٱلْبَرِّ وَٱلْبَحْرِ حَتَّىٰ إِذَا كُنتُمْ فِي ٱلْفُلْكِ وَجَرَيْنَ بِهِم بِرِيحٍ طَيِّبَةٍ وَفَرِحُواْ بِهَا جَآءَتْهَا رِيحٌ عَاصِفٌ وَجَآءَهُمُ ٱلْمَوْجُ مِن كُلِّ مَكَانٍ وَظَنُّوۤاْ أَنَّهُمْ أُحِيطَ بِهِمْ دَعَوُاْ ٱللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ ٱلدِّينَ لَئِنْ أَنْجَيْتَنَا مِنْ هَـٰذِهِ لَنَكُونَنَّ مِنَ ٱلشَّاكِرِينَ * فَلَمَّآ أَنجَاهُمْ إِذَا هُمْ يَبْغُونَ فِي ٱلأَرْضِ بِغَيْرِ ٱلْحَقِّ يٰأَيُّهَا ٱلنَّاسُ إِنَّمَا بَغْيُكُمْ عَلَىٰ أَنفُسِكُمْ مَّتَاعَ ٱلْحَيَاةِ ٱلدُّنْيَا ثُمَّ إِلَينَا مَرْجِعُكُمْ فَنُنَبِّئُكُمْ بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ
«Ол сондай Алла, сендерді құрлықта, теңізде сапарға шығарады. Сендер отырған кеме жайлы бір желмен жылжып, адамдар онымен мәз болып бара жатқанда сұрапыл боран шығып, тұс-тұстан толқын ұрғанда, кемедегілер толқын қоршауында қалдық деп ойлайды да: «Бізді осыдан құтқарсаң, өзіңе шүкір қылар едік», – деп, Алладан шын ниеттерімен тілек тілейді. Алла оларды құтқарғаннан кейін, олар жер жүзінде орынсыз бұзықтық істейді. Ей, адамдар! Бұзықтықтарыңның зияны өздеріңе ғана тиеді, дүние тіршілігінің (баянсыз қызығына) масаттанасыңдар. Содан соң сендер алдымызға қайтып келесіңдер. Сонда істеген істеріңді айтып береміз[3]».
Парсы ғалымы Саъди Шерози: «Кімнің қолынан және тілінен Алла Тағаланың берген нығметтеріне лайықты түрде шүкіршілік айту келеді? Егер әр бір нығмет үшін шүкіршілік айту керек болса, адамның бір демі үшін екі рет шүкіршілік айту керек болар еді. Демнің ішке кіруі – өлімнің алдындағы өмір дегені, демнің сыртқа шығуы – өмірдің жалғасуы дегені. Егер бір дем өмірдің екі нығметінен тұрса, оған екі рет шүкіршілік айту керек болса, басқа нығметтер үшін адам баласы қашан шүкіршілік айтпақ? Демек, біз Алла Тағалаға нығметтері үшін, тым құрығанда, тілмен шүкіршілік айтуға да дәрменсізбіз. Соның үшін әрбір пенде Алла Тағалаға лайықты шүкір айта алмай жатқандығы үшін истиғфар (кешірім) тілеуі керек. Өйткені, Алла Тағаланың нығметтеріне лайықты, Оның Жаратушы зат екендігін тасдықтайтындай шүкіршілікті еш бір пенденің қолынан келмейді[4]», – деген екен. Алла Тағала Құран Кәрімде былай баяндалады:
فَأَمَّا ٱلإِنسَانُ إِذَا مَا ٱبْتَلاَهُ رَبُّهُ فَأَكْرَمَهُ وَنَعَّمَهُ فَيَقُولُ رَبِّيۤ أَكْرَمَنِ .وَأَمَّآ إِذَا مَا ٱبْتَلاَهُ فَقَدَرَ عَلَيْهِ رِزْقَهُ فَيَقُولُ رَبِّيۤ أَهَانَنِ
«Ал, енді адамзат қашан Раббы оны сынай сыйлап, игілікке бөлесе: «Раббым мені сыйлады», – дейді. Қашан оны сынап, несібесін азайтса: Раббым мені қорлады, – дейді[5]». Сабыр мен төзімділік таныту – һәм өзінің жағдайы мұнан да төмен болуы мүмкін екендігін есіне алып шүкір ету пенденің міндеті. Мұсылман өз шүкіршілігін келесі үш жағдаймен білдіре алады:
Біріншісі – Адам өзіндегі бар нығметті Алладан екенін мойындау;
Екіншісі – Сол нығметтердің бәрін сізге нәсіп еткен Алла Тағалаға тіліңізбен мадақ айтып (әлхамдулилла), құлшылығыңызбен білдіру;
Үшіншісі – Пенде ол нығметтерді тек Алла бұйырған орындарға ғана жұмсау.
Демек, Аллаға шүкіршілік еткісі келген адам жәй шүкір деп қоймай, осы үштағанды жүзеге асыруға тырысуы қажет. Сонда ғана шүкірліктің шынайы көрінісі, нақты болмысы өзінің лайықты тұрғыдағы орнын алады.
Құран Кәрімнің алғашқы сүресі Фатиха «Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға тән» деген сөздермен басталады. Күнделікті бес уақыт намазын өтейтін жан ең кемінде намазда бұл аятты 30 мәрте қайталайды екен. Осыдан-ақ, шүкірлік етіп, Аллаға мадақ айтудың қаншалықты маңызы бар екендігіне нақты көз жеткізуге болады. Құран Кәрімде шүкір етудің қажеттілігі турасында:
فَٱذْكُرُونِيۤ أَذْكُرْكُمْ وَٱشْكُرُواْ لِي وَلاَ تَكْفُرُونِ
«Әй, мүміндер! Мені еске алыңдар, мен де сендерді еске алайын. Маған шүкірлік етіңдер, маған опасыздық жасамаңдар[6]», – деп бұйырады. Осы аяттан шүкіршілік етудің «Алланы еске алумен» байланыстырылғанын көруге болады.
Негізінде, адам баласының болмысы, табиғаты ұмытуға, ұмытшақтыққа бейім жаратылған. Біз кейбір нәрселерге қол жеткізу үшін еңбектенеміз, сонымен бірге дұға қыламыз. Соңында әлгі нәрсеге қол жеткізгеннен кейін көп жағдайларда шүкір етуді ұмыт қалдырып жатамыз.
Адамның осы болмысын Құран Кәрімде:
لاَّ يَسْأَمُ ٱلإِنْسَانُ مِن دُعَآءِ ٱلْخَيْرِ وَإِن مَّسَّهُ ٱلشَّرُّ فَيَئُوسٌ قَنُوطٌ وَلَئِنْ أَذَقْنَاهُ رَحْمَةً مِّنَّا مِن بَعْدِ ضَرَّآءَ مَسَّتْهُ لَيَقُولَنَّ هَـٰذَا لِي
«Ал, қашан адам баласына бір зиян жетсе, жатса да, отырса да немесе түрегеп тұрса да бізге жалбарынады; Алайда қашан одан зиянды айықтырсақ, тіпті оған тиген зиянды айықтыру үшін бізге жалбарынбағандай-ақ кете береді[7]», – деп сипаттайды.
Көп жағдайларда, тіпті, қолдағы бар нәрсенің қаншалықты құнды екенін түсінбегендіктен Аллаға шүкір етпей жатамыз. Алайда, қолымыздағыдан айырылғанымызда ғана оның қадіріне жетіп бағалай бастаймыз. Және де осылай болуға тиісті және мұнда шүкіршілік ететін ештеңе жоқ сияқты әрекет жасаймыз.
Әсіресе, белгілі бір ауыр науқасқа шалдыққан жан өмірдің құндылығын, Алланың мейірімділігін, айналаны, қоршаған ортаны, т.б. мәселелерді жан-жақты ойлана бастайды. Соның ішінде, тыныс жолдарының қатерлі ісігі ауруына ұшыраған адамдар, тіпті, бір жұтым ауаның бағасын біледі. «Аштықта жеген құйқаның, дәмі кетпес ауыздан» деп бабаларымыз айтқандай, көбіміз қолда барда алтынның қадірін біле бермейтініміз өкінішті.
Сондықтан кейбір дұғаларымыз кешігіп яки орындалмай жатса, оның түпкі мәнісін білмегендіктен абыржып, асығудың қажеті жоқ. Жалпы, шүкірлік ету – үнемі есте сақталуға тиісті әрекет. Адам баласының өмірге шариғат көзімен қарағаны жөн. Бұл дегеніңіз – Құран ақиқаттарының құндылықтарын жүрекке терең сіңіріп, оны күнделікті өмірде қолданысқа енгізу. Сонда ғана барлық нығметтің құны мен маңызы алдымыздан жарқырап шыға келеді.
Ұлы Абай хакім: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой – бес асыл іс көнсеңіз», – деп ғақлия айтады. Осынау өсиеттерден ғибрат алсам деген әрбір жан адамдықтың ең асыл қасиеттерінің бірі – барға қанағат, жоққа шүкіршілік ету екендігіне терең ден қоюы керек.
Әнәс ибн Маликтен (р.а.) келген хадисте айтылған:
إِنَّ اللَّهَ لَيَرْضَى عَنِ الْعَبْدِ يَأْكُلُ الأَكْلَةَ فَيَحْمَدُهُ عَلَيْهَا ، أَوْ يَشْرَبُ فَيَحْمَدُهُ عَلَيْهَا
«Шынында, Алла Тағала бір үзім нан жеп, шүкіршілік еткен және бір жұтым су ішіп, шүкіршілік еткен пендеден разы болады[8]».
Адамдарға рахмет айтып, жақсылық жасау да – шүкіршілік етудің бір белгісі. Усама ибн Зайдтан (р.а.) жеткен риуаятта:
أَشْكَرُ النَّاسِ لِلَّهِ تَعَالَى أَشْكَرُهُمْ لِلنَّاسِ
«Адамдарға алғыс білдірген жан Алла Тағалаға көп шүкіршілік етушілерден[9]».
Әрине, шүкіршілік етудің шынайы озық үлгісін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғұмырынан іздегеніміз жөн. Айша (р.а.) анамыз былай деген екен:
إِذَا صَلَّى قَامَ حَتَّى تَفَطَّرَ رِجْلَاهُ قَالَتْ عَائِشَةُ يَا رَسُولَ اللَّهِ أَتَصْنَعُ هَذَا وَقَدْ غُفِرَ لَكَ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِكَ وَمَا تَأَخَّرَ؟ فَقَالَ: « يَا عَائِشَةُ أَفَلاَ أَكُونُ عَبْدًا شَكُورًا؟
«Алла елшісі аяқтары талғанша намаз оқитын. Бір күні: «Уа, Алланың елшісі! Осыны жасап жүрсің бе? Сенің өткен және келер күнәларың кешірілген еді ғой», – дегенімде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Мен шүкіршілік етуші құл болмаймын ба?[10], – деген жауап қайтарды». Пайғамбармыз (с.ғ.с.) Алланың елшісі бола тұра осындай дәрежеде шүкіршілік етсе, онда біздің жағдайымыз қалай болмақ?!
Американың атақты дәрігер ғалымдарының бірі Лаурансе Браун Жаратушыға жалбарынуды жат санайтын, тіпті мүлде қажетсіз нәрсе деп есептейтін жандардың бірі болған. Ол өмірінде дұғаның күшіне көз жеткізіп, үлкен ізденістің нәтижесінде Исламды қабылдап мұсылман болды. Ол басынан өткен жайт жайлы: «Мен жаратушыға жалбарыну дегенді мүлде қажетсіз, бос нәрсе деп есептеп келдім. Бірақ қызым жазылмайтын сырқатпен дүниеге келді. Оны емдеуге қаражатым жеткенімен, дәрігерлердің қолынан ештеңе келмеді. Қызымның қиналғанын көргенде қатты жаным ашып, қарап тұруға төзімім жетпейтін. Амалсыз бір күшке жалбарыну керектігін сол кезде сезіндім. Сосын өмірімде алғаш рет қол жайып дұға тіледім. Дұғам қайбір дұға дейсіз, атеистің дұғасы ғой. «Ей, Тәңір! Егер бар болсаң, мен көмекке зәру болып тұрмын. Егер қызым аман қалатын болса, маған сенің ең разы болған дініңді көрсетсе, мен соны қабылдауға уәде беремін», – деп іштей, ерекше ықыласпен жалбарындым», – деп әңгімелейді.
Міне, осы дұғадан кейін доктор Браунның қызы сырқатынан құлантаза айықты. Ол дұғасының қабыл болғанына қатты таң қалды, сонда ғана ол бір Жаратушы Құдіреттің бар екеніне сеніп, өмірінде ақиқат дінді табу жолына түсті. Барлық діндерді салыстырып, қаншама жыл уақытын зерттеуге арнады. Ақыры Ислам дінін қабылдады.
Ахметжан қажы Керімбек,
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы