Олар – ақиқаттан да, ақидадан да адасқандар

Олар – ақиқаттан да, ақидадан да адасқандар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Дін. Дәстүр. Мәдениет. Бұл – қазақ дүниетанымынан ажырағысыз, бір-бірімен біте қайнасып, тамыры тарихпен қоса өрілген ұғымдар. Қазақы болмысымызға қапысыз байланып, өмірлік өлшеміне айналған ата дінімізге кереғар бағытты ұстанған кейбір діни ағым өкілдері ел ішіне бүлік салып, ағайын арасын араз қылып, бүтін қоғамды пікір қайшылығына алып келді. Әрісі бұлтартпас тарихи деректермен, берісі Қазақстан Республикасының Заңымен қорғалған Әбу Ханифа мәзһабына қарсылық қайдан пайда болған? Діни экстремизмнің алдын алу үшін не істемек керек?

Дәстүрлі дін насихаты қалай жүргізіледі? Осы сауалдарға тақырып аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл имамы, «Нұр-Ғасыр» орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспан жауап берді. 

– Төлеби Дәділұлы, қазіргі таңда дін мәселесі дау-дамайға, талас-тартысқа түсті. Әлемді шарпыған құбылыстар біздің елге де кері әсерін тигізді. Тарихта ислам атын жамылған ағымдар немесе топтар қай кезден қалыптасты?

– Кезінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғаннан соң кейбір саяси топтар өз мақсат-мүддесіне қол жеткізу үшін ел ішінде әр түрлі бүлік салды. Соның салдарынан пайғамбар ақиқатынан айныған ағымдар пайда болды. Тарихқа зер салсақ, хазреті Әлидің халифалығы тұсында тарих сахнасына шиит ағымымен қатар харижиттер деген ағым шықты. Бұл харижиттердің өзі өз ішінде Мухакима, Әзариқа, Нәжәдат, Суфрия сынды бірнеше топтарға бөлініп кетті. Олар Халифаға қарсы шықты. Халифа Әли бүлікшілерге мәселені бейбіт шешу үшін алдын ала бірнеше рет адам жіберіп, мұсылмандардың бірлігі үшін дипломатиялық әрекет жасап бақты. Алайда, харижиттер Халифаның татуласу жөнінде білдірген тілегін қабыл етпей тыныш жатқан елді шауып, бейкүнә адамдарды кәпір санап, шетінен қыра бастады. Халифа амалсыздан бүлікшілерге күш қолданды. Тіпті, қырып салды. Иә, бүлікшілерге барынша ақиқаттан айнып, тура жолдан тайғандарын түсіндіруге тырысты. Бірақ, қолы қанға боялған бүлікшілер Халифаның насихатына құлақ түрмеді. Қазіргі таңда діни бүлік салушылардың оқиға желісі осы іспеттес. Мешіттерде үгіт-насихат жұмыстары аз жүргізіліп жатқан жоқ. Мінберде, ғаламторда, әр түрлі басқосуларда айтылуда. Бірақ, теріс ағым жетегінде жүргендер ақиқатты іздеушілер емес, олар өз сенімін ғана «ақиқат» деп білушілер. Сондықтан, бейне бір тас керең секілді, естігісі келмейді. Сонда да, имамдар мұны түсіндіруден танбақ емес. Өйткені, олар біздің қандастарымыз. Олар үшін жүрегіміз ауырады.

– Өз дәуірінде үлкен мемлекеттер басқарылған, өркениет көштерін бастаған Ханафи мәзһабының тарихы тереңде екенін білеміз. Дей тұрғанмен, мәзһабқа қырын қарау, тіптен, осы мектеп ғалымдары мен өкілдерін күстәналау қайдан шықты? – Мәзһаб дегеніміз – бағыт-бағдар, жол. Демек, адамдарды бағытынан, жолынан адастырса дегеніне қол жеткізбейді ме?! Адамды бағытынан адастыру үшін оның көңіліне алдымен күмән, сенімсіздік, жеккөрушілік салуға тырысады. Тіпті, мәзһаб ғалымдарын масқаралаудан да тайынбайды. Мұның барлығы да адамды жолынан адастырып, тұтастас қалыптасқан мектебінен қол үздіруге бағытталған әрекеттер. – Мәзһаб ғалымдары тарапынан талас тудырған тақырыптарға тиісті дәлел-дәйектер де аз айтылмаған. Сонда «мәзһабсыздық» ағымын ұстап тұрған не нәрсе?

– Имам Шафиғи мәзһабқа қатысты еңбегін бірінші Ирақ қаласында жазады. Бірақ, Мысыр еліне оралған соң жергілікті салт-дәстүрлермен санаса отырып, еңбегін қайта жазып шығады. Тіпті, «ескі мәзһаб кітабы» және «жаңа мәзһаб кітабы» деген атаулар да берілген. Міне, көрдіңіз бе, жергілікті халықтың ұстанымын ескеру қаншалықты маңызды. Ал, бұл тұрғысынан алғанда Ханафи мәзһабы халқымыздың салт-санасы мен ұлттық ұстанымына өте жақын болды. Мәзһабсыздық ағымын ұстап тұрған факторларды санамалай беруге болатын шығар. Мәзһабсыздыққа қарсы тұратын иммунитет – адамның өз халқына деген сүйіспеншілігі, кіндік қаны тамған жеріне деген ыстық ықыласы мен ата дініне деген беріктігі. Біздің ақидамыз анық, мұсылманшылығымыз мығым болса, мұндай ғұмыры ұзаққа созылмайтын кеселді жеңіп шығамыз.

– Ақтөбе облысында соңғы уақытта діни жағдайлармен байланысты уақиғалар жиі орын алды. Өңірдегі діни ахуалға қандай баға бересіз?

– Бүгінгі таңда Ақтөбе облысындағы діни ахуал тұрақты. Жамағат арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Жамағаттың бірлігіне бағытталған қоғамдық және спорттық іс-шаралар да ұйымдастырылуда. Жуырда ғана «Жастар» сарайында Мәуліт мерекесін атап өттік. Сарайда ине шаншар орын болған жоқ. Халық көтеріңкі көңіл-күймен тамашалады. 2016 жылы Ақтөбе облысында жүргізілген «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында бірқатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстары оң нәтиже беріп, проблемаларды зерделеуге мүмкіндік берді. Бүгінде аталмыш жұмыстар жалғасын табуда.  

   – Жалпы, дін ұстанамын деп, дүбәра жолға түскен жастарды қайтарудың қаншалықты мүмкіндіктері бар? Профилактика немесе қайта тәрбиелеу жұмыстарындағы мәселелер жайын айтсаңыз?

– Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыстардың бірі – жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Кейде насихат жұмыстарының нәтиже бермеуінің себебі – өзінікін ғана «ақиқат» деп санап, басқаның пікірімен санаспауында. Жуырда Ақтөбе қаласында «Оразадағы ойран» атты деректі фильм түсірілді. Сюжет барысында 5 маусымда Ақтөбе қаласында лаңкестік әрекетке барып, бүгінде өмір бойы бас бостандығынан айрылғандардың өкініш сөздері берілген. Ол – шын өкініш. Бірақ, оларға қаншама рет қате түсінік пен теріс жолда жүргендері туралы қаншама ескертілді. Алайда, ол кезде олар ақиқатты қабылдаған жоқ. Енді бастарына түскенде ғана мұның қаншалықты қауіпті екендігін және өздері белгісіз біреулердің қол шоқпары болғандықтарын түсінді. Кеш түсінді. Бірақ, қолыңмен жасағанды мойныңмен көтеруің керек. Яғни, жасалған қылмыс қылмыскерді жазадан құтқармайды. Тура жолда жүрміз деп жолдан жаңылысқандар жайлы арнайы түсірілген деректі фильмдерді, өткен жылы көрерменге жол тартқан «Есігіңді қаққан кім?» драмалық спектаклі сынды дүниелерді жастарға көптеп көрсету керек. Жасағалы тұрған әрекетінің соңы немен аяқталатынын көрсе, санасының саңлауы бар адам ойланады ғой. – Кез-келген дертке қарсы дауа – оның дәрісі, ем-шипасы. Теріс діни түсінікке тосқауыл – дұрыс діни таным екені даусыз. Осы ретте дәстүрлі дінді насихаттаудың маңыздылығын қысқаша түсіндіріп берсеңіз. – Халықтың салт-дәстүрі, айтыс-жыры, аңыз-дастаны, қымызы мен шұбаты, келінінің сәлемі мен сүндет тойы, міне, мұның барлығында ұлттың рухы бар. Біз осылармен мақтанамыз, осы дүниелер болған кезде өзімізді ұлт ретінде сезінеміз. Өйткені, бұл – біздің болмысымыз. Ал, базбіреулер осы қазақи болмысымызға тән дүниелерді бидғатқа балап, шариғатта жоқ шатпақтарға шығару арқылы жастарды өз болмысына жиіркене қаратуға тырысады. Ал, өзінен жиіркенген ұрпақ жауға оңай шағылатын жаңғақ болмақ. Ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі Ислам діні – қашанда өміршең. Ол ашаршылық нәубаттары мен зұлмат замандарда ата-бабаларымызды бүгінгідей арсыздық пен айуандық әрекеттерден арашалап қалған. Сондықтан, сол ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дінді насихаттау, ел арасында тарату ауадай қажет.

–  Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

ummet.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: