Құрметті отандастар!
Баршаңызды қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын! Бұл мейрам күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды Рамазан айының аяқталғанын білдіреді.
Ежелден исламға тән құндылықтар – бейбітсүйгіштік, жанашырлық пен бауырмалдықтың терең мән-мағынасы осы шуақты күндерде айқын сезіледі. Ораза айтта шын жүректен ақ тілек айтылып, әр адам адами қарым-қатынастың жылылығы мен айналасындағылардың қамқорлығын сезіну үшін қайырымдылық шаралары жасалады.
Ізгі ниет пен игі істер қоғамда өзара түсіністіктің орнауына, халқымыздың татулығы мен ауызбіршілігін нығайтуға септігін тигізеді.
Бұл – еліміздің одан әрі тұрақты және сенімді дамуының басты кепілі. Бірлік пен татулық жүрегімізде әрдайым бейбітшілік пен жасампаздықтың жылуын ұялатсын! Осы мерекеге орай барша қазақстандықтарға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Ораза айт қабыл болсын!
«Ақиқатында, менің үмбетім адасушылыққа бас қоспайды. Егер қарама-қайшылық байқасаңдар, қарақұрым халықпен бірге болыңдар».(Табарани)