«Валентин күнін» тойлау мұсылманға лайық емес.

«Валентин күнін» тойлау мұсылманға лайық емес.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Міне, тағы да жылдағыдай «Әулие Валентин күнінің», яғни «бүкіләлемдік» махаббат мерекесінің дүбірі естіле бастады. Әрине, көп адамдар «Бұл махаббаттың мейрамы емес пе? Махаббат ешкімнің ұлтына, нәсіліне, дініне қатысты емес, бәріне ортақ сезім» деп, Валентин күнін тойлауды жақтап жатады ғой. Бір жағынан олардың махаббатты дәріптеуі дұрыс та шығар, бірақ сонда да Әулие Валентин күнінің мағынасына тағы бір үңіліп көрейікші.
Бұл мәселені талқыламас бұрын алдымен «Мұсылман деген кім?» деген сұраққа жауап беріп өтейік. Өйткені, бұл сұрақтың аталмыш мерекеге тікелей қатысы бар.

 

Адам мұсылман болу үшін ол алдымен мұсылманмын деп, өзі исламға бойсұнуы керек. Екіншіден, ол исламның қағидаларымен өмір сүру керек. Мәселен, тамақтан кейін ас қайыру, кездескенде «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлемдесу, адам қайтыс болғанда мұсылманша жерлеу, сүндетке отырғызу, тағы сол секілді мұсылмандықтың шарттары әрбір «мен мұсыл-манмын» деген адамның орындауға тиіс міндеті. Намаз оқу мен ораза ұстау - Аллаһтың үкім еткен ғибадаттары болса да, оны арамызда орындап жүргендер аз ғой. Бірақ, одан адам кәпір болып қалмайды. Үшіншіден, ол адам  өзге  діннің әдет-ғұрыптарын орындап, мейрамдарын тойламауы тиіс. Мәселен, сіз Құрбан айтты да, православтардың Рождествосын да тойлап жүрсеңіз, онда кім болғаныңыз? Мұсылмансыз ба, әлде христиансыз ба? Сондықтан, өзін «мұсылманмын» деген жан тек ислами ғана мейрамдарды тойлауы керек.


Ал Әулие Валентин күнін мерекелеп жүргендердің көбісі оны «махаббаттың мейрамы» деп қана ойлайтыны рас. Расында, ол - католиктердің діни мерекесі болып табылады. Сонда, ол күнді тойлап жүрген қазағың мұсылман ба, әлде католик пе? Әрине, мен бүгінгі көпшілік жастарымызды жаппай кінәлаудан аулақпын. Себебі, олардың басым бөлігі Валентин күнінің католик-тердің діни мейрамы екенін білмейтіні рас қой. Соны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың санасына жеткізуге тиіспіз. Ал Әулие Валентин күнінің католиктер-дің мейрамы екенін біле тұра тойлаған қазақты өз басым мұсылман деп санамаймын.


Бұл католиктік мерекенің тарихы біздің заманымызға дейінгі кезеңнен басталады. Әскер қатарына алынғанға дейін үйленуге тыйым салған Рим патшасы жарлығын бұзып, жастарды жасырын түрде некелестірген Валентин есімді дін адамын патша нөкерлері біліп қойып, заңнан аттағаны үшін дереу арада өлтіреді. Кейін жастар оны махаббаттың жақтаушысы ретінде атын мадақ қылып, шіркеудің қолдауымен 14-ақпанды діни мерекеге айналдырады. Менің көзқарасымша, осы мерекеде бір кемістік бар. Қай діндегі қандай мереке болсын, ең бірінші Жаратушы Құдайға бағышталып, Сол Иеміздің разылығы үшін өтуі керек еді ғой. Ал бұл «діни» мейрам Валентин деген көптің бірін, яғни адамды мадақтайды. Бұдан мен Аллаһқа серік қосушылықты көрем.


Сондықтан, қазақ жаста-рының 14-ақпанды тойлауына өз басым мынадай үш себеп бойынша қарсымын: біріншіден, бұл өзге діннің мейрамы, оны тойласаң, сенің мұсылмандығыңа шек келеді; екіншіден, мұнда Жаратушы Иемізге серік қосу белгісі жатыр, ол - күнәлардың ең үлкені; үшіншіден, бұл мейрамның жастарымызға түк те да пайдасы жоқ! Валентинсіз қазақтың махаббаты сөніп қалмайды. Бұл тек ақшаның соры, он екіде бір гүлі ашылмаған бүлдіршіндердің арасында зинақорлық зала-лының туындауына себепші, «махаббат, махаббат» деп текке бас айналдыру ғана.  Мүмкін, ішкі есебі барлар өзге діннің жастарын өздеріне тарту үшін діни мерекені махаббат сезімімен араластырып, осылай әдейі жасаған да болар. Бұл болжам шындық ауылына тым жақын жатыр, өйткені нәтиже жоқ емес... «Махаббатсыз - дүние бос» дейміз ғой.


Қазір көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында ай-тылып жүрген «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күнін мереке ретінде жариялауды аса құптаймын. Нағыз қазақи махаббаттың айғағы сол болар еді. Екіншіден, оның жастарға пайдалы жақтары мол. Бұл екі жастың бір-бірін қалайша сыйлау керектігін (өліп-өшіп сүйісу емес) үйрететін, тарихымызды танытатын мереке болмақ. Бұған жақсы насихат керек. Жүрегі қазақ деп соғатын, имандылық жолына бет бұрып жатқан жастарымыз аз емес, Құдайға шүкір. Жоғары жақтан тиісті үгіт жүргізілсе, қазақтың төл махаббат мейрамын жасау қиын емес қой деп ойлаймын.


Майра АМАНТАЙҚЫЗЫ,
Қазақ ұлттық медицина академиясының студенті,
Астана қаласы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: