Қоғамның ұдайы алға жылжып, баянды дамуы үшін әлеуметтік ортада теңдік пен өзара үндестіктің сақталуы аса маңызды. Бұл – күштілердің әлсіздерге сүйеу болып, мүмкіндігі бар жандардың мұқтаждарға қол ұшын созуынан көрініс табатын асыл қасиет. Алайда адам баласының өзгеге пайдасы тек материалдық дүниемен ғана шектелмейді. Шынайы ниет пен ізгі мақсаттың өзі – үлкен сауаптың бастауы. Осындай қоғам үшін де, жеке тұлға үшін де, дүниесі мен ақыреті үшін де ең игі амалдардың бірі – уақып жасау.
«Уақып» сөзі тілдік тұрғыда «ұстау», «тоқтату» деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – белгілі бір мүлікті жарамсыз болып қалғанға дейін үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану. Яғни, уақып – Алланың разылығы үшін арналып, қоғам игілігіне қызмет ететін мүлік. Бұл амалдың үкімі Құран аяттарымен, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерімен және ислам ғұламаларының бірауызды келісімімен бекітілген. Құранда уақып нақты атаумен келмесе де, мал-дүниені Алла жолында жұмсау, қоғамға пайда келтіру мағынасында кеңінен насихатталған.
Уақып – бұл бір сәттік садақа емес, ұзақ жылдарға, тіпті ғасырларға жалғасатын сауапты іс. Ол арқылы мешіттер мен медреселер салынып, білім мен ғылым дамып, жоқ-жітікке, жолаушы мен мұқтажға тұрақты түрде көмек көрсетіледі. Сондықтан уақып – мұсылман қоғамының әлеуметтік әл-ауқатын арттыратын маңызды тетік.
Қазақ даласындағы уақып дәстүрі
Уақып жөнінде сөз қозғағанда, қазақ жеріндегі тарихи мысалдарды атап өтпеу мүмкін емес. Қазақстанның рухани астанасы саналатын Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – соның айқын дәлелі. Ақсақ Темір XIV ғасырдың соңында бұл кесене-мешітті уақып ретінде салдырып, арнайы «уақыпнама» қалдырған. Бұл құжатта кесененің қызметі мен оған тиесілі мүліктердің қалай пайдаланылуы керектігі нақты көрсетілген. Аталған уақыпнама жайлы ғалым М.Е. Массон өз еңбектерінде кеңінен баяндайды.
Қазақтың көрнекті қайраткері Міржақып Дулатұлы да уақыптың қоғам үшін маңызын терең түсініп:
«Әр болыста жамағат қаржысына ұсталатын бір мешіт, земство қаражатымен жұмыс жасайтын бір медресе болсын» – деп, халықты ортақ игілікке шақырған.
Сондай-ақ Құнанбай қажы бабамыздың Меккеге барған сапарында қасиетті шаһарда «Тақия» атты қонақ үй тұрғызып, оны уақып етуі – қазақ даласындағы уақып мәдениетінің тағы бір жарқын үлгісі. Бұл игі іс жайында Хакім Абай:
Меккеде уақып үй салып,
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір Құдайдың жолына,
Малды аямай бұлапты, –
деп жырлағаны белгілі.
Уақып – тек мүлік беру ғана емес, ол – болашаққа қалдырылған рухани мұра. Ол қоғамның бірлігін нығайтып, әлеуметтік әділдікті қалыптастырады, әрі мұсылманның ақыретке азық жинауына себеп болады. Осы айтылған игіліктердің барлығын ескере отырып, уақып жасаудың қоғам үшін де, жеке адам үшін де аса қажетті әрі сауапты іс екенін түсінеміз. Сондықтан әрбір мұсылман өз мүмкіндігіне қарай уақыпқа үлес қосуды үлкен жауапкершілік әрі сауапты мүмкіндік деп қабылдауы тиіс.
ЕРЖАН КӨШКІМБАЙ
Мойынқұм ауданы
Мойынқұм ауданының бас имамы


19 Январь 2026
30 Раджаб 1447

