Байзақ ауданының бас имамы бастаған имам молдалар халықпен бірге Қосы батыр Сәмбетұлының 355 жылдық мерейтойында қазақ дәстүрін насихаттау мақсатында Қосы батыр ауылында қазақша күрес пен қошқар көтеруден жарысты тамашалады. Жарысқа өңірдің үздік балуандары қатысып, Қосы батырдың ерлік рухын бойларына сіңіргендей, намысты дода көрсетті. Ерік-жігері мен намысы сыналған спортшыларға арнайы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Мерейтой соңы Үшбұлақ ауылы маңындағы ипподромда «Қосы батыр» қорының демеушілігі арқылы ұйымдастырылған аламан және құнан бәйгеге ұласты. Аламан бәйге қашықтығы 35 шақырым, құнан бәйге 15 шақырым болып белгіленді. Жүйрік тұлпарлармен бірге шабандоздардың жігері сынға түскен сәтте, дала төсінде нағыз ұлттық рух сезілді.
Қорыта айтқанда, Қосы батыр Сәмбетұлының 355 жылдығы – өткен тарихқа тағзым, бүгінгі ұрпаққа өнеге болған мерейтой. Бұл шара ел жадындағы ерлерді дәріптеп қана қоймай, халықтың бірлігі мен намысын тағы бір мәрте асқақтатты.



09 Ноябрь 2025
18 Джумада-авваль 1447

