Кимешектің өміршеңдігі халық арасында жоғалтып бара ма?

Кимешектің өміршеңдігі халық арасында жоғалтып бара ма?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әр ұлттың өзінің қоңыстанып мекен еткен жерінің климаты мен ұстанатын діні мен мәдениетіне негізделген ер мен әйел адамдардың жас ерекшеліктеріне негізделген киім үлгілері бар екені белгілі. Бұл ерекшелік әр ұлттың өзінің қай ұлттан екенің және ұстанатын дінінен хабар беріп тұрса, үстеріне киген киімдерінің тігілу стилі және басқа да ерекшеліктері сол ұлттың мәдениетінің қаншалықты денгейде екенінің айқын көрінісі еді.

Бұл ерекшеліктер XX ғасырдың басына дейін өз қасиеті мен құндылығын жоймаған еді. Ал қазіргі кездегі біз өмір сүріп отырған XXI ғасыр, өзінің көптеген ерекшеліктерімен қатар технологияның шарықтап дамып шыңына дейін шығып барлық нәрсе қол жетімді жерде болып, бұрындары айлап жылдап жүретін жерлерге адамдар қас қағым уақытта жетіп баратын, әр ұлт бір-бірімен жақыннан қарым-қатынас жасап, алыс-беріс көбейіп барлық ұлттардың киім үлгілері бір стильге ауысып, аз ұлттар көп ұлттардың мәдениетіне шырмалып өздерінің ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерінен айырылып жатқан уақыт. Қазір дүние жүзіндегі ұлттардың санаулысы ғана өздерінің ұлттық киімдерін үстерінен тастамай қандайда бір ресми іс-сапар, ресми кездесу болсада, үй жағдайында да үстерінен тастамай киіп жүреді. Алысқа бармай-ақ өзіміздің көрші елдер өзбек пен қырғыз елін алып қарасақта болады. Алашапанды өзбек ағайындар, айыр қалпақты қырғыз бауырлар деп өздерін ерекшелеп тұрған үстеріне киген киімдері мен бастарына киген қалпақтарына қарап атаймыз.

Осындай өздерінің ұлттық құндылықтарын соның ішінде ұлттық киімдерін өзге елдің мәдениетіне жұтылып киім үлгілері өз ерекшелігі мен артықшылығын жоғалтпай өзгеріске ұшырап кетпей сақтап отырғанда, біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін нендей іс – әрекеттер жасап жатырмыз деген сұрақ туындайды. Бізде қазіргі кезде тек өзіміздің ұлттық мейрамдарда ұлттық киімдер кию үрдісі қалыптасқан. Ал, басқа уақыттарда көп жағдайларда сандықтың түбіне салып, келесі ұлттық мейрам келгенше сыр сандықтын ішінде өзінің бойындағы бар сыры мен ерекшелігін бойына сақтап келесі ұлттық мейрамды күтіп жатады. Ал, біздер сол азғана күнде өзіміздің ұлттық киімдердің бойындағы ерекшелігі мен өзіміз бен келешек ұрпаққа беретін тәрбиелік қасиеттерін бойымызға сіңіріп балаларымызға қадір қасиетін ұғындырып жеткізіп ұлттық тәрбие бере аламызба? Жоғарыда айтқандай әрбір ұлттық киімнің өзінің бойына сақтаған ұлттық ерекшеліктері мен ұрпақ тәрбиелеуде өзінің орны болған. Осындай ұлттық киімдеріміздің ішіндегі бірегейі, әйел адамның ажары мен көркі болған, киімнің падишағы халық арасында кенжелеп  тұрған кимешекті  мақалама арқау еттім. Біздің мақсат теңіздің жағасын дірілдеткен асау толқындай осы мақаланы оқыған әрбір оқырманның жүрек түкпіріндегі ұлтқа деген сүйіспеншілігін түртіп козғап жіберсе болғаны.

Кимешек апа-әжелеріміз киген бас киім үлгісі. Төбеден бастап алдыңғы омырау мен артқы белге дейін түсіп әйел адамдардың зейнетті жерлерін бүркемелеп жауып тұратын бас киім үлгісі. Бұрындары кимешекті босағадан жаңадан аттаған жас келіннен бастап жасы келген апаларға дейін өзінің жас ерекшелігіне қарай бастарынан тастамай киетін болған. Мысалға: жас келін түскенде, балалы болғанда, ене болғанда, жесір қалғанда, жасы келгенде киетін кимешектін өзінің ерекшеліктеріне қарай түрлері бар екені белгілі. Кимешек әйел адамдарды өзге ер адамдардан зейнетті жерлерін қорғайтын ары мен абыройы болып табылады. XIV – XV ғасырларда өмір сүрген белгілі ғалым, емші, этнограф Өтебойдақ Тілеуқабылұлы кимешек жайында: «Киім пірі – кимешек» деп өзінің бағасын берген екен. Бұлай айтуында үлкен мән жатыр деп ойлаймын. Өйткені кимешек ол әйел адамның абыройын қорғап тұратын бірегей бас киім үлгісі. Ал, абыройы қорғалған, өзге ер адамдардан зейнетті жерлері жабық жүретін әйелдерден намысты текті ұрпақ дүниеге келеді. Ал, тектіден намысты саналы өзінің қарабасынан бұрын ұлттың тағдырын жоғары қоятын ұрпақ дүниеге келеді. Тарихқа үңіліп қарасақ қаншама ақ жаулықты апа-әжелеріміздің шынайы образын көріп тәнті боласың. Осындай аналардың омырауынан нәр алып, осындай әжелерден ертегі, жыр – дастан тыңдап өскен бала қалайша өскенде кемеңгер, ойшыл, ғалым болмайды деп тамсанасын. Болашақ кемеңгер ақын Абайдай балаға ертегі айтып, батыр-жыраулардың ерлік дастандарымен сусындатып өсірген Зере әжеміз бен болашақ ғалым Шоқандай балаға ғылыми, келешек өміріне жол сілтейтін қызықты әңгімелер айтып өсірген Айғаным әжеміз.

Абайдың шешесі Ұлжан, Шоқанның шешесі Зейнеп барлығының кигендері кимешек еді. Қазақ даласының тау - сайларын, өзен-көлдерін, құм – тастарын, аң – құстарын өзінің әсем әуенді күйлерімен баураған күйші Дина әжеміздің кимешек киіп домбыра тартып отырған бейнесі. Осының барлығы қаймағы бұзылмаған біздің ғасырымызға дейін өмір сүрген апа – әжелеріміздің шынайы келбеті мен қазақи бейнесі еді. Міне осындай деректерге қарап отырып, бұрыннан қазақ даласында «әжелер» мектебі мықты болып қалыптасқанына ешқандай дау туындамасы белгілі. Сол апа-әжелерімізден жалғасын тауып келген «әжелер» мектебіне жан бітірсе, болашақ қыз-келіншектерге қазақы тәрбие мен ұлттық құндылықтарымызды бойларына сіңіріп өсуіне ұшан теңіз пайдасын тигізер еді. Өйтені қыз балаға берілген тәрбие ол ұлтқа берілген тәрбиемен бірдей. «Әжелер» мектебі қазіргі кезде әрбір облыс, аудан, ауылды жерлерде өз жұмыстарын жақсы денгейде жүргізіп отыруы үлкен қуаныш көңілге демеу. Бірақ әлі де көп жерлерде өз арнасын таба алмай бір жолға қоя алмай отырған өңірлер көп екені белгілі. Кейбір өңірлерде «әжелер» мектебі болмасада кейбір отбасылардың ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда өздерінің әулеттерімен үлкен іс-шараларды ұйымдастырып жатқаның көргенде еріксіз сүйсінесін.

Сөзімізге тұздық болсын, осы жақын күндерде өзімнің ауылымда Әбиевтер әулетінде, сол әулеттің шам шырағы болған жеті қыз үш ұл тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты батыр ана Жебегенқызы Тұрсынкүл әжеміздің 90 жас еске алу асында сол әулеттен өсіп-өрбіген ұл-қыздары үлкен іс – шара ұйымдастырып, ауылымыздағы көп балалы аналарға өз қолдарымен кимешек тігіп барлығына бір-бір кимешектен кигізіп, кимешектін қадір қасиеті мен ерекше құндылықтарын жиналған көпшілікке айтып ендігі жерде осы кигізілген кимешектерді бастарынан тастамай киіп ауылдың ақжаулықты апалары болуға тілектестіктерін білдіріп өздерінің ризашылықтарын білдіріп жатты. Жебегенқызы Тұрсынкүл әжеміз басынан өмірі кимешегін тастамай киіп жүретін жан болған дейді көзін көргендер. Қазіргі кезде Фатима, Айман деген қыздары кимешекті тастамай киіп жүруі және «әжелер» мектебін ашып ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда елеулі жұмыстар жасап жатқаны осы бір Тұрсынкүл әжеміздің негізгі тәрбиесі екендігі белгілі. Тағы бір ауылымызда болған осыған ұқсас елеулі оқиғаны айта кетейін.

Ауылымызда Қырғызбектер әулетінде де осындай тәрбиелік мәні зор іс – шара болып өтті. Садұғұлқызы Күләш әжеміздін немересі Айсара кезінде әжесінің тәрбиесінде болып, әжесінің кимешек киіп жүретінін көріп өскен жан екен. Сол немересі кезінде әжесімен жақсы араласқан кұрбылары мен көрші әжелерге осындай кимешекті тіктіріп әкеп барлығына тарту етіп кигізіп шықты. Міне осындай өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды әрқашан осылай насихаттап қолдау білдіріп отыратын болсақ, әрбір ұлттық құндылығымыз халық арасында өзінің өміршендігін бір сәтте жоғалтпас еді. 

 Зульфухар Түзелбаев

«Төртбай ата» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: