Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы «һибатулла Тарази» мешіті жанындағы әйел-қыздар секторының діни сауат ашу курсында білім алып, Құранға түскен шәкірттерді алғыс хатпен марапаттады.
Шәкірттердің діни білімін жетілдіру жолындағы еңбегін ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған шара бас имамның Құран оқуымен басталды.
«Құран – Алланың сөзі, адамзатты тура жолға бастайтын нұрлы кітап. Құранды жаттау – бұл үлкен жауапкершілік әрі аманат. Оны тек жаттап қана қоймай, өмірімізге енгізіп, амал етуіміз қажет», – деген бас имам шәкірттерге діни білім алудың маңыздылығы мен оның адам өміріндегі рөлін түсіндіріп, білім жолындағы табандылықтары үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, салтанатты жиын барысында шәкірттерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, тәж кигізілді. Сонымен қатар, жүздеген шәкіртке білім берген мешіт ұстаздарына алғысын білдіріп, еңбектеріне жеміс тіледі.
Әйел-қыздар секторының жетекшілері бұл курс аясында шәкірттердің тек Құран оқуды үйреніп қана қоймай, рухани және адамгершілік құндылықтарды меңгеруге де басымдық беретінін атап өтті.