Қазіргі таңда ата-бабамыздың көрсетіп кеткен өнегеден мақұрым, салт-дәстүрден жұрдай, имандылықтан алшақ қалған қоғамдағы көптеген адамдар арасында туысқандық қарым-қатынастың жоқтығы көрініп тұрады. Бәрінің айтары бір сылтау өздері араласқысы келмейді деп. Десек те, бұл сылтау емес, бауырмалдықтың жоғалып, бір-біріне деген туыстық қатынастың үзілгендігі десек қателеспейміз.
Тіпті кейбір отбасының ішінде өзара дауласып жатқан аға мен інінің не дүниелік болмашы бір жағдайдың себебібімен бір-бірінен қол үзіп кеткен ағайын-туысқандарды кезіктіріп жатамыз. Осы себепті мақаламызда туысқандық қатынастың қаншалықты маңыздылығы мен өзектілігіне, сонымен қатар, туыстық қатынасты үзудің жазасы осы өмірде берілетін жазанының қаншалықты ауыр екендігіне тоқталуды жөн санадық.
Ағайын-туысқандармен жақсы қарым-қатынас пен көркем мәміледе болып, өзара байланысты нығайту – бізді Жаратушымызға жақындататын ең ұлы ғибадаттың бірі. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде туған-туысқандарымен жақсы қарым-қатынаста болған мүміндерді былайша мадақтайды:
«Олар Алланың уәдесін орындағандар, әрі серттерін бұзбағандар. Олар Алланың жалғасты-руды әмір еткенін (туысқандық байла-нысты) жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер». («Рағыд» сүресі, 20-21-аяттар).
Тағы Құран Кәрімде былайша бұйырып:
«Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады», – деп ескерткен («Нахыл» сүресі, 90-аят).
Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізген:
«Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхари, Мүслім).
Сонау VІІ ғасырда Қарахан заманынан бері ата діні Исламмен жүріп, қасиетті Құран мен ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерімен сусынданған ата-бабамыз туысқандық қарым-қатынасқа ерекше мән берген. Оның дәлелі ретінде – халқымыздың озық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің, өткір де ойлы өлең-жырларының, мақал-мәтелдерінің шариғатпен ұштасуы.
Құран Кәрімде туыстық қатынасты сақтаудың маңызы жайында мынандай аяттар бар.
«Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады», – деп ескерткен («Нахыл» сүресі, 90-аят).
Қазіргі таңда жат ағымның ықпалында кеткен кейбір жастарымыз өкінішке орай, Құранмен, сүннетпен жүрміз деп жүргендері Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне қарама-қайшы әрекет етуде. Дәлірек айтсақ, өздерінің діннен хабарсыз жүрген туған-туысқандарына дінді көркем, әдемі етіп жеткізудің орнына, оларға «кәпірсің» деп айып тағып, әке-шешелерінің шаңырақтарынан кетіп, ағайындарымен туысқандық қатынасты үзушілер де кездеседі. Бұл Ислам құндылықтарына қайшы нәрсе.
Егер біз туған-туыстың арасында бір кемшілік көретін болсақ, оған айып тағудың орнына имандылықты жеткізіп, істеген кемшілігінің дұрыс еместігін жақсы сөз және көркем мінез-құлықпен жеткізуіміз керек. Себебі, әке-шешеге құрмет көрсету мен туыстық қарым-қатынасты үзбеудің дінімізде маңызы зор.
Ешбір адам туысын таңдап алмайды. Біз жақындарымызбен олар бай не кедей, жақсы не жаман болғаны үшін емес, Алла бізді туыс қылып қойғаны үшін араласамыз.
Жоғарыда айтылған аят-хадистерден туысқандық қарым-қатынастың маңыз-дылығы мен киелілігін естігеннен соң, әркім өзіне: «Туысқандарыммен қатынасым қандай деңгейде?», – деп сұрақ қойып, ойланғаны жөн. Бабаларымыздың: «Ағайын-мен жауласпа – басың азаяды, Көршіңмен дауласпа – асың азаяды», – деген өсиетін естен шығармайық!
Қазақ туысын «бауыр», «бауырым», «ет жақыным» деп атайды. Себебі, бауыр деген – адамға ең жақын ағзалардың бірі. Туыс-бауыр бүтін болса, ел де аман, жұрт та тыныш, мамыражай күн кешеді емес пе? Сондықтан жақындарымыздың жанын жараламай, ағайынды алаламай игілік істейік!
Жамбыл облысы, Жамбыл аудандық
Бәйдібек мешітінің бас имамы Құттыбаев Дәурен