ҮЛГІЛІ АУЫЛЫНДА МЕШІТ АШЫЛДЫ

ҮЛГІЛІ АУЫЛЫНДА МЕШІТ АШЫЛДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Үлгілі ауылының тұрғындары ауылдағы заманауи үлгіде соғылған  үлкен мешіттің ашылу салтанатына қатысты.

Ауылда бұған дейін мешіт болған. Алайда мешітке баратын жамағаттың көбеюіне, оның үстіне бұрынғы мешіттің ескіруіне байланысты үлкен мешіт керек болды. 500 орындық жаңа мешіт пен 150 орындық жаңа қатымханасымен (ас үйі) соғылуына ауыл тұрғындары ұйытқы болса, Дүниежүзілік  жастар Ассамблеясы бұл ұсынысты қабылдап, демеушілік көрсетті.

Осыдан екі жарым жыл бұрын құрылысы басталған «Әбдімажит» мешіті бітіп, жамағатқа есігін айқара ашып отыр. Оның ашылу салтанатына  халық көп жиналды. Олардың арасында өз ауданымыз ғана емес көршілес аудандардағы ауылдық мешіттердің де имамдары қатысып, қуанышымызды бөлісті.

Мешіттің ашылу салтанаты Халықаралық Құран оқу жарысының жүлдегері және республикалық Құран оқу жарысының жеңімпазы  Мырзакелді Иманәлі қаридың Құран оқуымен басталды.

Оқылған Құранға бата берген облыс бас имамы Бейбіт Әліпбекұлына алғашқы сөз берілді.

- Біз кейінгі жылдары қарапайым халықтың мешітке ағылғанын көріп жүрміз. Әсіресе, кешегі су тасқыны болған өңірлерде, басқада апатты аймақтарда халық мешітке жиналып, шамасы келген азаматтардың  көмегіне мұқтаж  болып, Алланың үйіне паналағанын көрдік. Сенікі емес, менікі емес, тек қана Алланікі деген мешіт ашылып отыр. Бұл мешіт ауылымыздың рухани дамуына  үлкен үлес қосатын орталық.  Ал осында намаз оқып, пешенемді сәждеге қоямын деп арнайы келіп отырғандарыңызға алғыс айтамын, - деген Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы ауылдық мешітке «Құран»  кітабын сыйға тарту етті.

Аудан әкімінің орынбасары Дулат Бекбосынұлы Үлгілілік ағайынды жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап,  жаңа мешіт тәлім – тәрбиенің ордасы болсын деген  өзінің игі тілегін білдірді. Мешіт құрылысына белсене қатысқан ауыл азаматтары Нұрлан Исақов  пен Нұрлан Жақыпбаевқа аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Бұдан кейін Дүниежүзілік мұсылман жастар Ассамблеясы қорының Жамбыл облысындағы өкілі Жәлел Шалбаев, аудандық, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары Серік Ермеков, Фазыл  Шаухаровтар өз құттықтауларын жеткізіп, мешіт құрылысына атсалысқан  ауыл жастарына  ризашылықтарын білдірді.

Ал аудан әкімінің орынбасары Дулат Бекбосынұлы, облыстың бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы, ауыл ақсақалы А.Мұратбаевтар мешіттің ашылу лентасын қиған бетте кимешек киген апалар дәстүрге сай шашу шашты.

Қонақтар мен ауыл тұрғындары Алла үйіне кіріп, кең де, жарық, барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған жаңа мешітте намаз оқыды.

Салтанатты шараға қатысушыларға мешіт жанындағы  асханада ас беріліп, Құран оқылды.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: