Көпті көрген дана қария аймаққа аты шыққан тігінші болатын. Ақсақал өмір атты ұзақ та қиын жолды абыроймен жүріп келе жатқан, әдемі қартайғандардың бірі еді. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып немере қызығын көріп отырған. Сол немерелерінің бірі ақсақалдың жанынан шықпайтын. Атасының шағын шеберханадағы жұмысын күн ұзақ тамашалауға әзір екен. Ойын баласы болса-дағы тігінші атасының қолында қайшы мен иненің матаға қалай жан бітіретінін көруге құмартатын. Оның үстіне атасының әңгімесін тыңдап уақыттың қалай өткенін де байқамай қалатын. Қарты бар үй қазына демекші, ақсақал да періштедей пәк немересіне әр келгенде бір нәрсені үйретіп жіберуге әуес еді. Әдеттегідей, атасының шеберханасына шауып кіріп, жанына отыра кетті. Атасының қолындағы қайшы аса қымбат жәдігерлік екені айтпаса да байқалып тұратын. Күнделікті шаруасын істеп отырған қария кенет матаны пішіп болған соң қолындағы қайшыны жерге тастай салды. Қағылез бала мұны лезде байқап, енді не болар екен деп демін ішіне тартып үн-түнсіз отыр. Екі көзі атасында. Ақсақал әдетінше пішілген маталарды инесімен тігіп жатты. Бір шама шаруасын бітірген соң, инені тақиясына қыстырып қойды. Сонда, баланың шыдамы жетпей: Ата, қайшыны неге лақтырдыңыз? Инеден гөрі қайшы қымбат емес пе?,-деп бағалы затты аяқ асты етуінің сырын ұққысы келгенін байқатты. Ақсақал да немересінің осы сөзін күтіп отырған:
- ВЕРОУЧЕНИЯ
- ҚАРАЛДЫ: 496
Жәдігер қайшы мен құнсыз ине
Е, балам! Оның рас. Бұл қайшы жай қайшы емес, жәдігер. Десе де, бүтін тұрған нәрсені майда бөлшекке бөліп тастаған жәдігерден парша-парша болған жапырақтай кескіндерді біріктірген қарапайым ине артық,-деп елдің ауызбірлігін бұзған ел ағасынан, жұртты ымыраға һәм ауызбіршілікке шақыра білген қарапайым адам абзал екенін айтпақ болды.
Демек, ел ішіне іріткі салған тексіз төреден, ауыл-аймақты татуластырып жүрген қара жақсы. Міне, сондықтан елге пайдаң тию үшін төре болу шарт емес. Ішінде дерті бардың сөзіне құлақ сал, шамаң келсе жәрдем ет. Алдыңа келіп, кешірім сұраса атаңның құнын кеш. Көмек сұрап тұрса, қол ұшыңды бер. Өзің қиналып тұрсаң да, жәрдем беруден тоқтама. Маңайыңа жақсылық нұры мен ізгілік шуағын шаша білетін азамат бол. Бүгін іні боп қызмет етсең, ертең ағалық етіп қолыңды бер. Елге жасаған жақсылығың еш кетпейді.
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.