«Әзірет Сұлтан» мешітінің «Имани жаз-2024» жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын тәмамдап, шәкірттерге салтанатты сертификат табыстау рәсімін өткізді.
Шараға ҚМДБ Оқу-ағарту бөлімінің басшысы Хасан Аманқұл, Астана қаласының өкілі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов пен дін қызметкерлері, шәкірттер мен ата-аналар, курс бойы дәріс беріп келген ұстаздар қауымы қатысты.
Айта кетсек, оқушылардың мектептегі оқуы аяқталысымен еліміздегі құлшылық ордаларында дәстүрлі «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсы ашылып, еліміз бойынша мыңдаған бүлдіршін жазғы демалыстарында пайдалы білім алып, имандылық нәрімен сусындауға кіріскен болатын. Осы орайда, Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде 10 маусым күні жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастаған болатын.
Курс бағдарламасы аясында бүлдіршіндер арабша хат танып, Құран оқуды меңгеріп қана қоймай, әдеп, ғибадат, дәстүр сабақтарын да өтті. Сондай-ақ, ата-ананы құрметтеу, білім игеру, отанды сүю, жамандықтан қашық болып, жақсылық жасауға талпыну секілді түрлі игі қасиеттерді бойларына сіңіре түсу мақсатында тәлім-тәрбие жұмыстары да қарқынды жүргізілді.
Бүгін осындай көлемді шараның түйінің жасай отырып, Астана қаласының өкілі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған бір топ имамдар «Имани жаз-2024» шарасының жабылу салтанатын өткізді. Шәкірттерге естелік сертификаттары табысталып, дәріс берген ұстаздарға арнайы ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар берілді.