#Байзақ: ШӘКІРТТЕР АУДАНДЫҚ МУЗЕЙМЕН ТАНЫСТЫ

#Байзақ: ШӘКІРТТЕР АУДАНДЫҚ МУЗЕЙМЕН ТАНЫСТЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің ұжымы ұйымдастыруымен, «Дархан дала» жобасы аясында «Имани жаз» сауат ашу курсында оқып жатқан шәкірттер Байзақ аудандық өлкетану музейін аралап, ондағы қойылған экспонаттардың тарихымен танысты.

Байзақ ауданы әкімінің 2010 жылғы маусым айының 14-і күнгі   №377 Қаулысы бойынша  Байзақ ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Аудандық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны құрылды. Жалпы аудандық музей бес экспозициялық залдан құралған.

Археология залы. Бұл залда аудан аумағында жүргізілген көптеген археологиялық экспедициялардың нәтижесінде табылған ортағасырлық архитектуралық көрінісі бар құрылыс заттары, сәулет өнерінде қолданған қабырға кірпіштері, тұрмыс заттары, су құбырлары тағы басқа археологиялық жәдігерлер қойылған.

Этнография залы. Этнография залында қазақ халқының тұрғын үйі - киіз үй және оның  жабдықтары, дәстүрлі қолөнер бұйымдары, көшпенді қазақ халқы қолданған  ас үй бұйымдары қойылған. Қазақ халқы үшін киелі саналатын киіз үйдің ішкі жабдықтарына оралатын болсақ, көптеген ұлттық нақыштағы тұрмыс бұйымдарын көре аламыз. Мысалы, абдыра – киім кешек немесе басқа да бағалы бұйымдарды сақтауға арналған сандық. Жүкаяқ- жиған жүктің астына қоюға арналған ағаш тұғыр. Сонымен қатар, бұл залдан тұрмыста қолданылған бұйымдар  – бесік,  қоржын, күбі, келі-келсап, диірмен тас және ат әбзелдері - ер тоқым, алты өрімді қамшы, сойыл шоқпар, қазақтың қара домбырасы, ою-өрнекті– комзол, қасқыр ішік, сары тон, жалпы ұлттық киімдерімізді көре аласыздар.

Залдан ұлттық ойынымыз – асыққа арналған бұрышты да байқаған боларсыздар. Асық-малдың сан мүшесіндегі асықты жілік пен сирақты бір-біріне тұтастырып тұрған немесе, санның жоғарғы буыны мен сирақты бөліп тұрған, орыны жағынан толарсақпен асықты жілікке тәуелді келетін, мал сүйектерінің ішіндегі тұтас біткен ең шымыр сүйек.

Біздің музейімізде сақтаулы тұрған ғасырлардан ғажайып мұра боп жеткен ұлттық әшекей бұйымдар – дәл осы залға қойылған. Халқымыздың әшекей бұйымдарында үлкен тәрбиелік мән бар. Жалпы нәзік жандар үшін әшекейсіз жүру «төрт құбыласы тең» еместей көрінген. Сондықтан да әшекей бұйымдар ұлттық киімнің ажырамас бөлігі ретінде саналған.

Шашбау – қыз-келіншектер шашына тағатын сәндік әшекей бұйым. Кезінде ақындар жырға қосқан мына шашбау XIX ғасырдан жеткен асыл мұра. Сәндік әшекей бөлшектерімен безендірілген шашбау бұрымның түбіне ілінеді немесе шашпен бірге өріліп, бұрымға сән беріп тұрады. 

Сырға. Сырғалардың түрлері өте көп. Қазақ үшін сырғаның атқаратын рөлі өте маңызды болған. Себебі халқымызда бүгінге дейін сақталған "сырға салу" дәстүрі бар.

Жүзік. Ұлтымызда жүзік түрлері де көп. Жүзікті көп баланың анасы атанған бәйбішелер, құдағилар тағады. Көрмеге - екі саусаққа киілетін құдағи жүзік қойылған.

Білезік. Білезіктің жалпақ, сондай-ақ топсалы, сақинамен шынжырлар арқылы жалғасқан және жіңішке түрлері кездеседі. Көз орнатылған да түрлері бар. Барлық жастағы әйел заты таға береді.

Қапсырма. Қапсырма – бір-біріне топса арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Олар үш бұрыш, сүйір, доға тәріздес әр түрлі пішінде болады. Қапсырманың бетіне аң-құстың, ай мен күннің, немесе өсімдік тектес өрнектер салынып, тастар қондырылып әсемделеді.

Алқа. Оны өңіржиек деп те атайды. Алқалар бір-біріне шығыршық арқылы жалғасады және бірнеше төрт бұрышты әшекейлерден құрастырылады. Әр әшекейдің ортасына, жиектеріне асыл тастар орнатады.

Бұдан бөлек мұражайда аудан тарихы, мәдениет, өнер залдары да қамтылған.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: