#Байзақ: «ЗИЯТКЕР ИМАМ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ

#Байзақ: «ЗИЯТКЕР ИМАМ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы «Ар-Рахман» мешітінде “Ислам және дәстүр құңдылықтары жылы» аясында ауданға қарасты имамдар арасында «Зияткер имам» интеллектуалдық сайысы өтті.

Аудан әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен әлеуметтік тапсырыс аясында «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өткен шара «Әбдімажит» мешітінің имамы, қари Қайыржан Пердебайұлының Құран аяттарын оқуымен ашылды.

Топтық сайысқа төрелік еткен Байзақ аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы Билер кеңесінің төрағасы Сәлімбаев Исағали Бошқайұлы, аудан әкімінің орынбасары Қасымов Рүстем Қалмұхамбетұлы, Жамбыл облысы Әкімдігі Дін істері басқармасының басшысы Мыңбаев Сәкен Сәрсенбайұлы, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Жәпек Ғалымбек Төлегенұлы және Сарыкемер ауылындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Қозбақова Қарашаш Мәкенқызы жарысқа әділ ұпайларын беріп отырды.

Жамбыл облысы Әкімдігі Дін істері басқармасының басшысы Сәкен Сәрсенбайұлы мен Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Қалмұхамбетұлы мемлекеттің діни бірлестіктер туралы ұстанымы, дін мен дәстүрдің егіз ұғым екендігі және бүгінгі жарыстың маңызы төңірегінде келелі сөз айтса, Байзақ аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы Билер кеңесінің төрағасы  Исағали Бошқайұлы жарысқа қатысқалы жатқан имамдарға табыс тіледі.

Сайысқа қатысқан ауыл имамдарынан жасақталған, қазақтың бес арысының есімдерімен аталған 5 топ қатысты. Атап айтар болсақ:

  1. Шәкәрім Құдайбердіұлы тобы;
  2. Мағжан Жұмабаев тобы;
  3. Міржақып Дулатұлы тобы;
  4. Ахмет Байтұрсынұлы тобы;
  5. Жүсіпбек Аймауытов тобы.

Аталған топтар «Құран және тәжуид», «Жүзден жүйрік», «Дода», «Мәре» аталымдарында Құран оқу ережелері, ақида, фиқһ, ислам тарихы, дін мен дәстүр және Қазақстан тарихы бағыттарында сынға түсті. Төрт кезеңде жинаған ұпай саны бойынша сайыстың ақтық кезеңіне шыққан Шәкәрім Құдайбердіұлы тобының жетекшісі Рахымбек Кенжебайұлы «Әке мектебі – отбасы тірегі» тақырыбы бойынша және Ахмет Байтұрсынұлы тобының жетекшісі Әли Олжабайұлы «Ұлтты сүю – дәстүр құңдылықтарынан» тақырыбы бойынша уағыз айтып, шешендік өнерлерін жан-жақты көрсете білді. Аталмыш тақырыптар жабық конверттерден таңдалғанын айта кетуіміз керек. Төрешілердің шешімімен Шәкәрім Құдайбердіұлы сайыстың жеңімпазы атанды.

Облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Жәпек Ғалымбек Төлегенұлы осындай шараны ұйымдастырып отырған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі және аудан басшыларына алғысын білдірді. Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы сайысқа қатысқандар топтардың бес арыстың есімдерін таңдау - дін мен дәстүрдің ұштасқандығын тағы бір мәрте дәлелдей түскенін тілге тиек етті.

Шараға белсене қатысқан топтар «Жеңіске жігері үшін» алғыс хатымен және І, ІІ, ІІІ дәрежелі Дипломдар мен сертификаттармен марапаттады. Жарыс қортындысына келер болсақ:

  1. Шәкәрім Құдайбердіұлы тобы (100 000 теңге);
  2. Ахмет Байтұрсынұлы тобы (80 000 теңге);
  3. Мағжан Жұмабаев тобы (60 000 теңге).

Қалған екі топқа «Жеңіске жігері үшін» алғыс хаттары табысталды. Олар:

  1. Міржақып Дулатұлы тобы (20 000 теңге);
  2. Жүсіпбек Аймауытұлы тобы (20 000 теңге).

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: