Ислам діні адамдардың татулық пен ынтымақта болуын, жалпы әлемге бейбітшілік орнатуды мақсат ететін дін. Ислам діні – адамзатқа жіберілген ең соңғы кемел дін. Осындай қасиетті дінді қазақ халқы ежелден дәстүрлі дін етіп ұстанып, татулық пен ынтымақта өмір сүріп келген. Қазақстан көпұлтты мемлекеттер қатарына жатады.
Мейлі қоғамымызда болсын, мейлі отбасымызда болсын, мейлі ұлттар арасында болсын татулықпен ғұмыр кешкенге не жетсін. Ислам шариғаты барша мұсылмандарды, ұлттарды өзара татулықта ғұмыр кешуге шақырады. Пайғамбарымыз с.ғ.с. қоштасу қажылығында айтқан хұтбаларында: "Әрбір мұсылман бір-бірлеріне аға-іні іспеттес. Расында мұсылмандар өзара бауыр. Уа, Адамдар! Сіздердің бабаларыңыз бір, Раббыларыңыз бір. Арабтың араб еместен, қараның қызыл түстіден, (ұлттар жайлы айтылуда) қызыл түстінің қара түстіден артықшылығы жоқ. Артықшылықтарыңыз тек тақуалық танытқандарыңызда", деген. Ол кісі (с.ғ.с.) сөзін жалғастыра келе, адамдарды өздерінің ата-бабаларымен, ұлттарымен, руларымен мақтанудан қайтарған.
Қажылық амалды өтеудегі мақсатымыз да сол екен. Барлық пенделер Алланың құзырында бірдей тең дәрежедегі құқықтарға ие, әрі жер бетінің барлық жерлерінен барған құлдары бір сапта тұрып Раббысына мінәжат етеді. Мұның өзі татулық пен ынтымақтастыққа бастаудың көріністерінен деп білуімізге болады. Бұл көрініс Ислам үмметтерінің бірлік рәмізі деп түсінуіміз керек.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде кім мұсылмандарға, тіпті өзге дін өкілдері болса да оларға өз зарарын тигізетін болса, қиямет күні мені өзінің дұшпаны сипатында көреді", - деген екен. Аталмыш хадиске терең мән берген Омар (р.ғ.) Амр ибн Асты (р.ғ.) Мысырға жіберіп жатып: "Сақ бол, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өзіңе дұшпан етіп алмағайсың!",- деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біздерге өрнекті жолымен көптеген үлгілер қалдырған. Соның бірі, Бір күні сахабалар Пайғамбарымызбен с.ғ.с. бірге отырған еді Адамдар бір жаназаны көтеріп, алып өтті. Сахабалар: "Уа, Расулаллаһ, қайтыс болған кісі яһуди еді ғой, неге орныңыздан тұрдыңыз?" дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Яһуди адам емес пе? Дініміз татулыққа шақырады. Біздер олармен татулықты сақтап ғұмыр кешуіміз керек! "деп жауап береді. ХХ ғасырда өмір сүрген танымал ағылшындық жазушы Герберт Уэллс: "Ислам діні арқылы жұмсақтық, бауырмашылдық пен татулықты сезіндім "деген екен. Құран Кәрімнің бірнеше аяттарында ұлтаралық татулық, тыныштық пен бауырмашылдық жайында келтірілген. Соның ішінде Әнбия сүресінің 92-ші аятында: "(Әй, адамдар!) Сіздердің осы бір дініңіз (асылында) бір дін (яғни Ислам). Мен (баршаңыздың) Раббыларыңмын. Маған ғана құлшылық қылыңдар!", дей келе, өзара татулық пен ынтымақта өмір сүруге шақырады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: "Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе айтайын ба?- деді. Сахабалар: Иә, Я Расулуллаһ!- десті. Пайғамбарымыз: Жарастыру, татуластыру",- деді» (Тирмизи риуаяты, 56) Құранда адамның қадір-қасиеті өте жоғары деңгейде бағаланып, бір-бірлерімен татулықта ғұмыр кешуге шақырады.
Дана халқымыз "Байлық байлық емес, бірлік пен татулық – байлық" деп бекер айтпаса керек. Аталмыш қанатты сөз әсіресе, ағайын-туыс арасында да кеңінен сақталатын болса, әр істер әркез өз ымырашылдығымен шешілетінін де сөзсіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Нағыз мұсылман өзге адамдар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» деп айтқан. Демек, нағыз мұсылман – қоғамдағы өзге адамдарға зиян тигізбей мемлекеттің тыныштығын басты назарда ұстайтын адам. Сөз соңында айтарымыз, Жаһандану заманында халықтардың тату-тәтті ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешудің басты жолы өзара құрмет пен сыйластығында екен. Татулық пен келісім, бейбітшілдік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қабан (Қабылиса) жырауда:
"Бақыт қайда барасың?
Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі
Ұйымшыл елге барамын",- деп жырлаған екен. Бабаларымыздың мұндай жырлары талай санаға сәуле құйып, түсінген жанға үлкен үгіт болатыны сөзсіз.
Жаратушымыз жұртымызды тыныштық пен татулықта ғұмыр кешуді нәсіп қылсын!
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы