Қажылық – Ислам дiнiнің бес негiзiнiң соңғысы. Қажылық жасау – мұсылманның бес парызының бірі. Шариғат бойынша, кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман қажылық парызын өтей алады.
Оның парыз екені қасиеттi Құранда: «Алла үшiн Қағбаны адамдарға қажылық ету – парыз», – деп («Әли Имран» сүресi, 97-аят) ұқтырылса, хадис шарифте: «Ислам бес негiзге құрылған: Алла Тағаладан басқа тәңiр жоқ және Мұхаммед оның елшiсi деп куәлiк ету. Намаз оқу. Зекет беру. Рамазан айында толық ораза ұстау. Байтуллаға қажылыққа бару», – делiнген.
Қажылық ғибадатына назар салған адам жүгірістен, сапарға шығудан, кей жерде орынға таласудан, дауыс көтеру, айқай-шудан басқа нәрсеге ұқсамауы мүмкін. Қай жерге қарасақ та, дауысын жоғарылатып «ләббәйкә» айтқан қажылар, бір-бірін жоғалтқан қажылар, іс-әрекеттен ғана тұратын амалдар көзге бірден түсері анық. Жүрек пәктігі, ықылас, рух тазалығы, ахлақтың өзгеріп жатқаны сияқты амалдарды табу қиын. Бұл қате-кемшіліктердің барлығы да сол қажылықтың тек сыртқы көріністерімен әуре болып, оның ішкі мән-мағынасына үңіле бермеуіміздің сыры болса керек.
Қажылық – сыртқы іс-әрекеттер мен адамның рухани өмірінде үлкен өзгеріске алып келер ұлы ғибадат. Мұны жақсы байқау үшін көп кітап оқып, белгілі оқу орын бітірудің қажеті жоқ. Алла Тағаланың қасиетті аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің мағынасын дұрыс түсінсек те жеткілікті.
Алла Тағала Құранда: «Қажылық – белгілі айларда өтелетін құлшылық. Кім белгілі айларда қажылық парызын өтеуге ниет етіп, бел буса, онда қажылық кезінде жұбайлардың төсек қатынасына түсуіне, шариғат шеңберінен шығуға, дауласуға және шекісуге жол жоқ. (Қажылық кезінде) қандай жақсылық істесеңдер, Алла оны біледі. (Қажылық кезінде) азықтарыңжы қамдап алыңдар. Негізінде азықтың қайрылысы – тақуалық. Уа, ақыл иелері, менен қорқыңдар», – деген («Бақара» сүресі, 197-аят). Міне, кімде-кім Алла Тағала үшін қажылық жасауға ниет етіп, өзін күнәден, жаман сөзден тыйса, аятта айтып тұрғандай, жаман қылықтардан бойын аулақ ұстаса, қажылықтан көздеген негізгі тақуалық пен күнәдан толық арылуға қол жеткізе алады. Жоғарыда атап айтқандай, сыртқы бейнеде ғана қажылық болып жатқаны – Алланың аяттарының мағынасын түсінбеуімізде. Зул-хижжа айының алғашқы күндері – мұсылман жұртшылығы үшін өте маңызды әрі мереке күндері. Бұл күндері қуанышпен қатар қажылықтағы адамдардың ғибадат барысында әдептен озбай, әрбір іс-әрекетін «Раббым көріп тұр» деп орындауы үлкен сынақтан өтіп жатқаны болады. Аятта айтылғандай «шариғат шеңберінен шығуға, дауласуға және шекісуге жол жоқ». Мұндай әрекеттер негізгі мақсаттан ауытқу болмақ. Қажылық кезінде шекісуге, талас-тартысқа, ұрыс-керіске жол берілмеуі керек. Сапар болған соң түрлі сынақтар туындайтыны анық: жолдағы кептелістер, азық-түлік пен күнделікті қажеттіліктер кезінде түрлі қолайсыздықтарға кезігуі мүмкін. Сондай кездерде ұрыс-керістен аулақ болып, мұндай әрекеттердің өрескел қателік екенін естен шығармауымыз қажет.
Қажылық амалдарын өз тәртібімен орындау, әрбір іс-әрекет кезінде аса ұқыптылық таныту – нағыз тақуалықтың белгісі. Ахлақ, әдеп, жүректің пәктігі – қажылықтың қабыл боуының негізгі себептері. Адамдар арасында «Кімде кім қажылық парызын өтесе, анадан жаңа туғандай күнәдан пәк болады» деген сөз кең таралған. Алайда осы сөздің өзі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Алла үшін ұятсыз амалдар жасамай, күнәдан сақтанып, түрлі қателіктерге бой алдырмай, өз қажылығын өтесе, анадан жаңа туғандай күнәдан пәк болады», – деген хадистен алынған. Біздің осы кезде ұмытып жататынымыз – тағы да әдепсіздік пен қателіктерге бой беруіміз. Қажылықтың ихрамын киіп, парызын, уәжібін, сүннетін орындау арқылы сыртқы факторларға ғана мән беріп, Раббымыздың назары түскен жүрегіміздің тазалығын сақтамау, түрлі жүрек кеселдеріне мән бермеуіміз үлкен қателік болмақ.
Қажылық сапарына аттанар алдында ұлы сапарға дайындық жасаумен қоса ішкі жан-дүниеміздің өзгеруіне де аса мән беруіміз керек. Қажылықтан көздеген негізгі мақсатымыз да сол емес пе? Әйтпесе қажылыққа барып келіп, дінімізге кір келтіріп жүрген қажыларды көргенде ерекше қынжыламыз. Ойланып қарайықшы, бір кісі қажылықтан қайтқан соң ерекше өзгерсе, сөзінде, ісінде, күнделікті тұрмысында көркем мәмілелі болса, кімнің болса да бұл парыз амалға қызығып қарауы анық.
Сонымен бірге қажылық – адамның әулиелік дәрежеге көтерілуіне себепші болатын амал. Басқа діндер сияқты Исламда тау-тасқа шығу, көпшіліктен бөліну, ерекшелену секілді амалдары жоқ. Дейтұрғанмен қажылыққа аттанған әрбір азамат ұлы сапар алдында өзінің жақындарымен қоштасып, ризашылығын алып жатады. Себебі бұл сапар оңай іс емес, өзіне тән машаққаттарға жолығып, ауру-сырқауға душар болуы мүмкін. Пенденің Раббысымен жалғыз қалып, ұзақ уақыт дұға-мінәжат жасайтын уақыты. Осы кезде адам баласы күйбең тіршіліктен арылып, ерекше сезімге бөленеді. Раббысының махаббатына малынып, көпшілік қол жеткізе бермейтін Алланың досына айналуы әбден мүмкін.
Қажылықтың тағы бір ерекшелігі,
бұл – іс-әрекет, руханият әрі мал-дүниемен жасалатын ғибадат. Қажылық – адамның бойындағы әр тарапты қамтыған ұлы ғибадат. Алланың парызын орындайтын кісі амалы, ғибадаты, мал дүниесін сарп етуі кезінде ықыласпен орындауы керек. Яғни қажылық – әрбір амалды атқарар алдында Жаратушының ризалығына кенелу үшін бар күшін салатын ғибадат. Сол себепті қажылыққа аттанатын адамдар бірнеше әдепті біліп алуы аса маңызды.
Біріншісі, қажылыққа баратын адам Жаратушымыздың тәубелерді қабыл етуші екенін еске түсіріп, өмірбойы жасаған қателіктерін көз алдынан өткізіп, шынайы түрде тәубеге келуі керек. Шынайы тәубенің белгісі –жасаған қателіктерін болашақта қайталамау. Бұл – амалдағы батылдықтың бір түрі.
Екіншісі, тәубе жасау барысында басқа кісілерден алған ақысы, мал-дүниесі болса, оны қайтаруы шарт немесе риза етуі керек. Ренжіткен адамы болса, одан кешірім сұрауы қажет. Басқалармен қарым-қатынасы кезінде жіберген қателіктерін реттеу де тәубе етуге жатады. Бұл – дініміздің көркемдігі. Себебі бұл әрекет адамгершлік қарым-қатынастың маңыздылығын білдіріп тұр.
Үшіншісі, адал ақшамен сапарға аттануымыз керек. Ұрлық жасау немесе біреудің есебінен, екінші бір кісіні ренжітіп сапарға аттануға болмайды. Алла Тағала – таза, пәк. Ол тек пәк нәрселерді ғана қабыл етеді.
Төртіншісі, ниет Алланың ризалығы үшін ғана болуы керек. Қажы боламын, адамдар мені құрметтесін, көршімнен қалмайын, ағайыннан қалмайын деген секілді теріс ниетте болмауымыз керек. Риядан, яғни басқалар көрсін деген пікірден алыс болуымыз шарт.
Міне, жоғарыда айтылған осы шарт-тар – қажылығымыздың қабыл болуына себеп болатын амалдар. Қорыта айтар болсақ, қажылық жасап келген кісінің сапардан қайтқаннан кейін жүріс-тұрысы мен сөзінде үлкен өзгеріс болып жатса, бұл – ғибадатының қабыл болғанының белгісі. Демек мұсылманның қажылық ғибадаты ғана емес, мінезі мен әдебі де жақсы жағына өзгеріп, құлшылықтан кейінгі өмірі көрінер көзге сүйкімді әрі ұнамды болуы керек.
Алла Тағала жасаған амалдарымызды қабыл еткей! Құрбан айт мерекесі барша мұсылман жұртшылығына берекелі де мерекелі болуын нәсіп еткей Әмин!
Кенжеәлі қажы
ҚОҢЫРАТБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасының
орынбасары, наиб мүфти