Әбу Язид әл-Бистами жайлы мынандай бір оқиға келтірілген. Аллаға құл болудың барлық жауапкершілігін толық сезіне өмір сүрген әл-Бистами бір күні: «Уа, Алла Тағалам, саған қалай жақындасам болады?» - деп жалбарынады. Сол кезде тосыннан мынандай дауыс естіледі: «Маған Менде жоқ нәрсемен ғана жақындай аласың».
Мұны естіп таң-тамаша қалған әл-Бистами: «Уа, Раббым, Сенде жоқ не болуы мүмкін?» - деп сұрайды. Сонда: «Менде біреуге бас ию, мұқтаждық таныту, дәрменсіздік пен пақырлық жоқ!» - деген жауап естілген екен. Бұл «Құлым, сен өз әлсіздігің мен дәрменсіздігіңді мойындап, мұқтаж екеніңді сезініп, шын ниетпен бас ию арқылы маған жақындай аласың» дегенді білдіруде.