Иордан Хашимит Корольдігіне жұмыс сапарымен барған ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел астанасы Амман қаласындағы Дүниежүзілік Ислам ғылымдары университетінде оқып жатқан бір топ қазақстандық студенттермен жүздесті.
Кездесуге осы елде білім алып жатқан 30-ға жуық шәкірт келді. Оларға ҚМДБ Төрағасы ең алдымен елдің сәлемін жеткізіп, жағдайларымен танысты. Сондай-ақ кездесуде Бас мүфти білім алушыларға Өзінің насихатын айтты.
«Иордан Хашимит Корольдігіне жұмыс сапарымен келіп отырмыз. Бұл елде де біздің бауырларымыз білім алуда. Бұл ретте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Білім алу – әрбір мұсылманға парыз» деді. Ең бір сәулелі сәтті бастан өткізіп жатырсыздар. Жастық шақта алған білім қаққақ қазықтай сақталып қалады. Алла Тағала бір құлына білім нәсіп етсе, сол берілген ілім үшін сұралады деді Пайғамбарымыз. Сондықтан елде болсын, шетелде болсын алған білімді өз мақсатына сай жарата білу керек. Мақсаттарыңыз – бабалар салған таза тұнық діни білімді алып, елге қызмет жасау және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен әрдайым байланыста болу. Біздің мақсатымыз бабалар жолымен жүру, ұлттық құндылықтарды сақтау, дін мен дәстүрді қатар алып жүру.
Қазір білімнің заманы. Мемлекет басшысы да үнемі білімді жастарды қолдап келеді. Біз де өз тарапымыздан шетелде оқып жатқан жастарды қолдаймыз әрі бір мақсат жолында күш біріктіреміз. Әрқайсыңыз өз салаңызда үздік атаныңыздар. Оқуды аяқтап елге қызмет ету бақыты бұйырсын» деді Бас мүфти.
Сондай-ақ Бас мүфти бастаған делегация құрамындағы наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Ықтияр Палтөре кездесуде өз насихатын жеткізіп, еркін әңгіме құрды. Шәкірттер Бас мүфти сауалдарын жолдап тұшымды жауап алды.
Кездесу соңынан Аммандағы студенттерге Діни басқарма атынан дастарқан жайылды.