Жамбыл облысы Байзақ ауданының наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы Базарбай ауылдық «Базарбай» мешітінде III аймақ имамдарына «Жат ағым жарға жығады» тақырыбында семинар өтті.
Семинарда Бақытбек Бауыржанұлы: «Жастарымыздың жат ағым жетегінде кетуінің ең басты себебі – діни сауатсыздық. Діни сауаты төмен адамның түрлі ағымдардың сөзіне еріп, алдауына көніп қалуы оңай. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш уахи етіп түсірген аяттарында: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерін білдірді», – деп оқуға бұйырды («Ғалақ» сүресі, 1-5 аяттар). Бұл аяттардан оқудың, білім алудың дініміздің ең басты талаптары екенін ұғамыз.
Жат ағым өкілдері діни сауаты төмен адаммен тілдескенде қасиетті Құранның астарлы мағынада келген аяттарын тікелей мағынада түсіндіріп, не қате бұрмалап талдау жасау арқылы өз қатарына тартуға тырысады. Сондықтан жат ағым жетегінде кетуден сақтанудың ең негізгі жолы – діни сауатты арттыру. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис шәріпте: «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деп, білім алудың әрбір ер және әйел мұсылманға міндет екенін айтқан», - деді.