ОТАНДЫ ҚОРҒАУ – ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ

ОТАНДЫ ҚОРҒАУ – ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Отанды, ел мен жерді жақсы көру – иманды азаматтың адамгершілік қасиеттерінің бірі. Өйткені адам баласы үшін дін мен Отан – қасиетті ұғымдар. Ел игілігіне тілектес пендеге Отаннан қымбат мекен жоқ. Себебі асыл дініміз әр мұсыманға Отанды сүйіп, оны жан-тәнімен қорғауды міндеттейді.

Дінімізде Отанды сүю ұлтшылдық пен жершілдікке бөліну болып есептелмейді. Бір кісі ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла елшісі! Бір адам өзінің ұлтын, қауымын жақсы көрсе, бұл ісі рушылдыққа жата ма?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ. Егер адам өзінің қауымының зұлымдық етуіне жәрдем берсе, бұл ісі – рушылдық», – деп жауап береді.

Халқымыз: «Жақсы ердің қайғысы ауылының басында. Жаман ердің қайғысы өз отының қасында» дейді. «Отанды сүю – иманнан» деп өсиет қалдырған бабаларымыз өз ұрпағын елдің қамын ойлауға  тәрбиелеген. Шын мәнінде әрбір ер адам үшін Отанын қорғау – қасиетті парыз, мызғымас міндет. Антына адал, сертіне берік жігіттің мәртебесі биік.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Бір күн, бір түн шекара күзету күндіз ораза ұстап, түнді құлшылықпен өткізген бір айдан жақсырақ. Егер шекара күзету барысында қаза болса, жасағысы келген амалының сауабы мен ризығы жалғасып, қабір жаманшылығынан аман болады», – деген. Мұндайда «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген қанатты сөз еріксіз еске түседі.

«Отанды сүю отбасынан басталады», «Отбасы – шағын мемлекет» дегендей, баланың бойындағы алғашқы адамгершілік қасиеттер өз үйінде қалыптаса бастайды. Отбасында, яғни кіші Отанында дұрыс тәрбие көрген бала ел мен жердің өркендеуіне аянбай үлес қосады.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін әке-шешенің әрбір әрекеті маңызды. Түйіндеп айтқанда, Отанға қызмет етуді мақсат тұтқан кез келген азамат өз отбасын жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелеуден бастаған абзал. Сонда ғана қоғамда ізгілік негіздері қанат жаяды.

Отанды қорғау өз отбасыңа, көршіңе, айнала-төңірегіңе, ағайын-туысыңа жақсылық жасаудан, оларға барынша қамқорлық көрсетуден басталады. Өз арамызда ауызбіршілік пен бауырмалдық қасиеттер көбірек көрініс табуы тиіс. Сонда ғана еліміздің іргесі берік болмақ.

«Ел қадірін көрген біледі, жер қадірін жүрген біледі» деп бабаларымыз айтқандай, ел мен жер қадірін білетін ұрпағымыз көбейсін. Алла Тағала еліміздің ішін даудан, сыртын жаудан аман еткей. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: