ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», - деген еді халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы. Расында да бала бойына ата-анадан кейінгі адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңіруші – ұстаз. Сондықтан ұстаздық – ең мәртебелі мамандық саналады.

Ата дінімізде де ұстаздың орнын жоғары бағалаған. Құран Кәрімнің «Зүмәр» сүресінің 9-аятында: «Айтшы,  білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деп білімді адамның мәртебесі биік екендігін баса айтылған. Сонымен қатар Мұхаммет пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисіндегі «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар» деген сөзінен-ақ ұстазға әрдайым құрмет көрсетудің маңыздылығын аңғарамыз.

Халқымызда «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы», «Ұстазыңды әкеңдей сыйла»,  деген сөздердің астарында ұстаз адамды сыйлап, құрметтеу, оның алдында әдеп сақтауға үндейді. Таус (р.а.): «Ғалымды сыйлау- сүннеттен» десе, имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) «Арамызда жеті көше болғанына қарамастан, ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намазымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін», – деген екен.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Мужәдәлә» сүресінің 11-аятында:«Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен өздеріне ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар», – деп айтқан. Сондай-ақ, хазрет Әли (р.а.): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның құлы болуға бармын» деп, бір әріп болсын үйреткен адамға алғыс айту, ардақтау қажеттігін білдірген.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай айтқандай, қастерлі мамандықтың бірі – ұстаздық екені айдан анық. Сондықтан әрбір адам білім алған ұстазымен мақтанып, оны құрметтеуі,  оны көрген жерде кішіпейілдік танытуы, әрдайым шынайы құрметін көрсетіп жүруі керек.

Қазіргі заманға керегі – жан-жақты, бәсекеге қабілетті, еліне, туған жеріне адал қызмет ететін азамат. Білімді ұрпақ – еліміздің болашағы. Сондықтан жыл өткен сайын білім мен ғылымға деген сұраныс артып келеді. Білікті ұстаздың алдынан білім алған шәкірттеріміз ел игілігіне қызмет ете берсін, деп тілейік.

Абиров Рахымбек Кенжебайұлы

Жамбыл облысы Байзақ ауданы, Байзақ ауылы

«Тілеш қажы» мешітінің имамы.

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: