Шымкент қаласында орналасқан «Ықылас» қарилар дайындау орталығында қари-хафиз, Құраннның 10 қырағат иесі Шоқан қари Нұралиұлымен кездесу ұйымдастырылды.
Игі шараны «Ықылас» қарилар дайындау орталығының диекторы Ықлас қари Майлан ашып, жүргізіп отырды. Осыдан кейін, аталмыш қарилар дайындау орталылығының түлегі Шоқан қари Нұралиұлы жас шәкірттерге тәжірибесін бөлісіп, қарилық жолдың қыр-сырларын айтып берді.
«Қарилар жаттаған сүрелерін пысықтап алуы тиіс. Әйтпесе Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай: «Ақиқатында, Құранды жаттаған адам – түйелерді байлаулы түрде ұстаған адам секілді. Егер ол түйелерін осындай жағдайда (байлаулы) ұстайтын болса, ол ұстап қалады. Егер босатып жіберсе, олар қашып кетеді». Яғни, жаттағанды қайталап, пісіріп алу өте маңызды.Құранды толықтай сіңіру, бекіту «Нұр Мүбарак Мысыр Ислам мәдениеті» университетінде нәсіп болды. Мысырдағы Әл-Әзһар университетінен келген ғалымдардың барлығы дерлік қари-хафиз деуге болады. Солардың дәрістері қасиетті Құранды пысықтап, ижаза алуыма мүмкіндік берді» – деді қари Шоқан Уәлиев.
Мұнымен қатар, жуырда Ливан еліндегі арнайы орталықта Құранды толық өткізіп, 10 қырағат дәрежесінің иегері атанып «Ижаза» алып, ұстаздарының батасымен елге оралды. Кездесу барысында шәкірттерге шабыт беретін қызықты кеңестерін айтып, Құран аяттарынан арнайы 10 қырағат бойынша үзінді оқып берді.
Айта кетсек, кездесу соңында Шоқан қари Нұралиұлы Ливан елінен алған 10 қырағат дәрежесінің «Ижаза» құжат көшірмесін жас қариларға шабыт берсін, ғибратты болсын деген мақсатында кезінде өзі білім алып, түлеп ұшқан «Ықылас» қарилар дайындау орталығына табыс етті.