Жақсы сөз – жарым ырыс

Жақсы сөз – жарым ырыс

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

            Тіл адамның ең құрметтеген және сонымен бірге, ең қатерлі ағзасы болып саналады. Егер адам оны жақсылыққа қолданса, демек, үлкен игіліктерге қол жеткізгізгені. Ал енді жамандық жағына қарай пайдаланған болса, әрине оның да өз зардаптарын тартатыны сөзсіз. Ақыл-есі дұрыс мүмін пенде шырын сөзді және ашық жүзді болады. Түрлі жамандықтардан (фитна) әркез жырақта болады. Адамдар арасында тіліне бекем, яғни өтірік, ғайбат және өсек сөздер айтудан сақтанып жүреді.

            Ал енді бұл жайында Құран аятына көз жүгіртіп көрелік:

"Олардың өзара күңкілдерінің көбінде қайыр жоқ. Бірақ, кім бір садақаны не бір игілікті немесе адамдардың арасын жарастыруды әмір етсе, ол қайырлы. Және біреу, осыны Алланың ризалығын іздеп істесе, сонда оған жедел ірі сауап береміз."(Ниса сүресі, 114 аят).        

            Жаратушы Иеміз әрбір адамға оның сөздерін жазып отыру үшін бір періштені бекітіп қойған. Оның айтқан сөздері еш ұмытылып кетпейді, жазылып, сақталып тұрады. Сондықтан елестетіп көріңіз, қасымдағы періште отыз екі тісімің арасынан шығып жатқан әрбір сөзімді аңдап бағуда, әрі жазылып сақталуда деп. Бұған төмендегі Құран аяты нақты дәлел бола алады: "Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы (сөзді жазып алушы періште) дайын". (Қаф сүресі, 18 аят.) Сонымен Құранда не делінген екен? Мейлі жәй сөз болсын, мейлі әзіл сөз болсын, айтылған әрбір сөздерімізді Рақиб және Ғатид есімді екі періште жазуда екен. Адамның мәңгі мекен болған жұмаққа немесе тозаққа кіруіне де басты себеп, өзінің тілі болады екен. Әбу Һурәйрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Кімде кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, тек жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін!",-деген. (Бұхари) Абу Мұса р ғ. риуаят етеді, Бір кісі Пайғамбарымызға с.ғ.с.:"Уа, Алланың Елшісі! Исламда қандай амал ең абзал амал болып саналады?"-,деп сұрады. Сол кезде Пайғамбарымыз с.ғ.с.:"Қолынан және тілінен мұсылмандар әрқашан зияндық көрмеген кісілердің амалдары", деп жауап берген екен.

           Адамның жамандықтан құтылуына әрқашан жасаған тақуалығы және көркем мінезі себепкер болатын болса, пәлекеттерге ұшырауына басты себептер, ол керексіз сөздер сөйлеуі мен әуретін сақтамауында екен. Тағы бір хадис шәріптерде: "Адамның тозаққа кіруіне себепкер болатын дене мүшелеріміз бар, ол тіл және ұятты жерлеріміз",-делінген екен. (Тирмизи риуаяты). Демек, жәннат кепілдігі тілімен адамдарға ешқашанда өз зиянын тигізбегендерге, зина жасамайтындарға, әрі әуреттерін сақтайтын адамдар үшін берілген екен. Тіл сондай маңызды рольге ие, тіпті адам баласы бір ғана сөзімен мұсылман болуы немесе бір ғана сөзімен діннен шығып кетуі де мүмкін. Кейбір адамдар болады, айтқан сөздеріне еш мән бермейді, ой елегінен еш өткізбейді.  Ал мұның соңы үлкен машақатқа, қауіпке әкеліп соғады. Қазіргі осы тілдің зардабын жер бетінде қаншама халық тартуда. Тіпті мемлекеттер арасында да түрлі бұзықтықтар (атыс-соғыс, дұшпандық) орын алған. Түпкілікті мағынасына мән беріп қарайтын болсақ, Алла тілімізді ауызымыздың ішіне жайғастырғанының өзі, әрбірімізге бір тіл, екі құлақ бергенің өзі бір үлкен хикмет деп түсінгеніміз абзал. Яғни, аз сөйлеп, көбірек тыңда деген мағынаға сай келіп тұрғандығын аңғартады. Дінімізде жөні жоқ құр бос сөз сөйлей беретін адам екі өмірде де береке таппайтыны айтылады. Осы орайда Хасан Басри айтады: "Кімнің сөзі көбейсе, қателігі де көбейеді. Кімнің малы көбейсе, күнәсы да көбейеді. Кім мінезін жаман қылса, азабы да көбейеді!".

           Суфиян Сәури айтады: "Маған қарай садақтың оғын атқан адамның оғы тілімен атқаннан әлдеқайда жақсырақ. Өйткені, тілмен атылған оқ ешқашан қисық (қате) кетпейді. Ал садақ оқтары қисық-қиғаш (мүлт) кетуі мүмкін." Жақсы сөз құдды бір тәтті бал сияқты тіліңді үйіретіні сөзсіз. Діни қызметім халықпен көп араласып жүргендіктен болар, бір жолы бір адамдармен бас қосып қалдым. Дастархан үстінде байқағаным, бір бауырымыздың сөйлеген әрбір сөзі кітап сөзімен байланысқан десем артық айтпаймын. Әрбір сөзі әдеби сөздермен байланыстырған. Күнделікті насихат сөздерді жиі айтып жүрген менің өзім дәл бұлай сөйлей алмасымды сезіндім. Сөйлегенде де әр сөзі нық, тіпті кейбір тұрмыстық заттар мен терминдердің қазіргі қазақша өз атауларымен атағанының өзі неге тұрарлық десеңізші?! Біздер өзіміз байқамайды екенбіз, қазақ тілі әдеби сөздермен айтылған кезде, өте керемет естіледі екен.

            Бір қоғам қайраткері ағамыз бір жағдайға тап болып, абдырап не істерін білмей тұрған кезде, кенеттен өзінің істерінің оңынан шешіле қалғанын, сол арада аяқ астынан таныстары кездесе қалғанын, өте керемет сәттіліктер туындай қалғанын: "Асылмаған қазанға, атылмаған қоянның келіп түсе қалғанның реті келе қалғаны бар емес пе", деп жеткізгеніне куә болып, қазақ тілі тілге бай, шешен екендігіне көзім жеткен еді. Ендеше неге тек әдеби, тек жақсы сөздер сөйлемеске деген ойға келдім.

            Әңгімемізді түйіндей келе айтарымыз, мұсылман адам Алланың нығмет етіп берген тілін тек жақсылыққа, жақсы сөздер сөйлеуге, адамдар арасын жарастыруға пайдаланғаны абзал. Алла және Оның Пайғамбары қайтарған ғайбат, өтірік, өсек т.б. сияқты жиіркенішті амалдардан тиылғанымыз жөн. Міне, сол кезде ғана баршамыз Имам Тәбәраниден жеткізілген, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): "Тілдеріңізді тыймайынша, ешбіріңіз иманның ақиқатына жете алмайсыздар", - дегендей, тілімізге ие болу арқылы шынайы иман иесі бола алады екенбіз.

 

Үмбет Сабырханов

Әл-Хақ мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

28.03.2024

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: