Рамазан – берекеге толы ай

Рамазан – берекеге толы ай

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жаратқанға сансыз шүкіршіліктер болсын, көптен күткен Рамазан айы да арамызға келіп жетті. Бұл ай несімен ерекшеленеді? Бұл ай - Құран түскен ай. Алла Тағала бұл айдағы әрбір игіліктерді өз берекесімен түсірген. Кезекті мақаламызда жалпы береке деген нәрсе жайында азды-көпті білгенімізді қағаз бетіне түсіргені жөн санадық.

 Береке сөзі араб тілінен аударғанда "Алланың мархаметі" дегенді білдіреді.

Береке сөзінің мағынасына терең үңіліп қарайтын болсақ, жақсылықтардың көбеюі, өсіп-өнуі дегенді білдіреді. Береке уақытқа түссе ол ұзартылады, дене мүшелерімізге түссе саулық табады, перзенттерімізге түссе олардың салихалы болғаны болып саналады. Адам баласы бұл әлемнің берекесінен пайдалануы үшін шынайы имани сенімде болмағы ләзім. Өйткені Құранда: "Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп, сақсынса еді, әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік" дейді. Жоғарыдағы аяттан түсінгеніміздей, адам баласына аспан мен жердің берекесі түсуі үшін бір ғана шартты белгілерін байқаймыз. Бұл дегеніміз, пенденің иманды да салихалы болуын бекітуде. Қазір кейбір адамдардың берекемен істері болмай қалғандай сезіледі. Мысалы, уақыт берекесін алайық. Заман ақырда жылдар айлар секілді, айлар апталар секілді, апталар күндер секілді қысқа болып қалады делінеді. Ғылымның дамыған дәуірінде де өмір сүріп жатсақ та көп нәрселерге үлгермей, біраз шаруаларымыздың шешілмей жатқандығын аңғарамыз. Кіммен кездесіп қалсақ та уақыттың берекесі жоғалғандығына наразы екендіктеріне шағымданып жатады. Неге бұлай? Біріншіден әр нәрсе, сол заман өз орнында. Екіншіден, бұрынғылардың жағдайларына назар салатын болсақ, олар біздерге қарағанда уақыттарын өнімдірек пайдаланғанын көреміз. Сол үшін де атақты ғұлама Мәулана Руми "Ризықтарымыз кең, өміріміздің берекелі болуын қалайтын болсақ, уақыттың қадірлеріне жете білейік" деген екен.

Иса пайғамбардың (ғ.с.) Құранда Мәриям сүресінің 31-ші аятында: "Алла Тағала мені қай жерде болсам да берекелі қылды" деп айтқан сөздері бар. Кейде жоғарыдағы осы аятты оқыған кезде әлдебір ойлар туындайды. Біз қандай жолдар арқылы берекелі адамдар қатарында бола аламыз? Береке тек Алланың тарапынан болады, Иса пайғамбар сол үшін де Алладан сұраған. Және тағы бір мысал, Әнәс сахабаның (р.ғ.) анасы оны (Әнәсті) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына апарып: "Уа Расулуллаһ, бұл Әнәс енді сіздің қызметіңізде болады, оның хақына дұға жасаңыз!" деген кезде, Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Аллаһым, оның перзенттерін және мал-дүниесін көбейткейсің! Берген нығметтеріңде оған береке бергейсің!" деп дұға жасаған.

Жалпы Пайғамбарымыз с.ғ.с. адамдарға дұға, жақсылықтар тілеп жүруді көбірек әдетке айналдырған. Мысалы, қандай да бір жұп үйленіп жатса, оларға арнайы барып, құттықтап: "Алла сендерге жақсылықтар берсін, араларыңа мол жақсылықтар төгіліп, береке берсін" дейтін еді. Жомарт жандардың жасаған қайырымдылықтарының үстерінен түсіп қалса да: "Аллаһым бұлардың ризықтарына береке бер, күнәларын кешіріп, рақымыңа бөлегейсің" деп талай айтқан разылық сөздерін сира кітаптары растайды.

Береке деген не? Береке деген - сондай бір нығмет, ол арқылы адам басқалар жасай алмайтын істерді жасай алғаны болып саналады. Нақты айтсақ, басқаларда жоқ мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Мысалы, кейбір адамдар он сағаттап ұйықтаса да, құдды еш ұйықтамағандай мең-зең халде оянады. Ал енді басқа біреулер төрт - бес сағат ғана ұйықтаса да миының едәуір тыныққанын сезініп оянады. Таң уақыты ең берекелі уақыттар қатарына жатады. Бұл жайында Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Уа, Аллаһым! Үмбетімнің таңдарын берекелі ет", деп дұға жасаған кездері де көп болған екен.

Құранда да мына бір аятта береке жайында: "Біз саған түсірген Құран берекелі", деп баяндалады. Демек, жүрегіңізге құран аяттарының қайсысы орныққан болса, сіздің ішкі дүниеңіз де әркез берекелі. Ал егер білген Құраныңызға аз да болса амал ететін болсаңыз, онда бүткіл өміріңіз берекеге толы болары сөзсіз. Сондай-ақ кейбір ғұламалар: "Үйлеріңізде Құранды көбірек оқыңыздар, үйлеріңізге Құранның берекесі жауып, періштелер құтханаларыңызды қоршап алады, әрі ол үйдің адамдарының Алла алдында дәрежелері көтеріледі" деген екен.

Бір ізгі тақуа адам айтқан екен: "Перзенттеріміз үшін қылатын дұғалардың ең жақсысы "Аллам, мені тірі кезімде де, өмірден озған кезімде де осылардың берекесіне жолықтырғайсың!".

Сөз соңында айтарымыз, ризық несібе әрқашанда санмен емес, берекесімен құнды. Берекелі айда сауапты істерден құр қалмайық ағайын! Жаратушымыз қасиетті Рамазан айында жасап жатқан амалдарыңызға береке берсін.

 

Үмбет Сабырханов

"Әлхақ" мешітінің имамы

Тұрар Рысқұлов ауданы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: