Меркі ауданы, Тәтті ауылының имамы Асхат Көпбосыновтың ұйытқы болуымен ауыл әкімшілігі, клуб қызметкері және ауыл жастарының ұйымдастыруымен аналарға ақ дастархан жайылды.
Жиын ауыл имамы Асхат Көпбосыновтың Құран оқып, ауыл ақсақалының бата берумен басталды. Асхат имам іс-шараға келген аналарымызға алғысын айтып, әйел адамның исламдағы орны, оның дәрежесі, ана болу бақыты жайлы уағыз–насихат айтты. Ақ жаулықты аналарымыз осы іс-жиынды ұйымдастырған жандарға ризашылығын білдіріп, рақметтерін айтып дән риза болып қайтты.
Дініміз «Жәннәт – аналардың табанының астында» деп ананың дәрежесін ерекше ұлықтаған. Ардақты Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Уа, Алланың Елшісі, кімге жақсылық жасайын?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Анаңа», – деп жауап береді. Әлгі адам екінші рет: «Одан кейін кімге жасайын?», – дегенде, – «Анаңа» деген жауап алады. Әлгі адам тағы: «Одан кейін кімге жақсылық жасайын?», – дегенде Пайғамбарымыз үшінші ретте де «Анаңа», – деп жауап береді. Тек төртінші рет тағы да «Одан кейін кімге?», – деп қайталағанда, Пайғамбарымыз: «Әкеңе», – дейді. Бұл хадис Исламда ананың мәртебесі үш есеге жоғары екенін көркем түрде жеткізген.
Ана болу – әйел адамның бақыты. Ананың жауапкершілігі де қиындығы да көп. Сондықтан, Алла Тағала анаға сондай мол сауап береді.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі