ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен Ақмола облыстық «Науан хазірет» мешіті жанынан Zeket Hub орталығы ашылды.
Салтанатты рәсімге қор директоры Мақсатбек Қайырғалиев пен облыс бас имамы Қуаныш Сәбит қатысты. «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры мұндай орталықтардың мұқтаж адамдарға көмек көрсетуде маңызды екенін айтты.
Алда осы орталық арқылы қайырымдылық істер жандана түспек. Әсіресе, Рамазан айында ізгілікке көп көңіл бөлінетіні тағы бар. Игі шарада бастаған істің жақсылығы көп болсын деген тілектер де айтылды.
Бұдан кейін Мақсатбек Мақсотұлы мүгедектігі бар тұрғындармен кездесіп, оларға кәсіп ашу жолдары туралы дәріс оқыды. Бреуге алақан жайғаннан гөрі өзіңді өзің қамтамасыз етсең, адал жолмен нәпақы тапсаң қандай жақсы. Шариғатта да бұған ерекше назар аударылады. Қазақтың ұлттық дәстүрінде де мұндай мысалдар көп. Одан бөлек Диана ұстаз қыздарға шеберлік сыныбын өткізіп, кәсіпті қалай бастауға болатынын үйретті.
Сондай-ақ орталық мешітте «Qaiyrymdylyq jarshylary» еріктілерінің форумы өтті. Мұқтаж адамға қол ұшын беру, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болу – бабаларымыздан жалғасқан жақсы дәстүр. Мешіт жанында біреуге көмек қолын созатын ерікті жандар көп. Солардың басы қосылған тағылымды кездесуде «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы насихат айтып, қайырымдылық ісінде ерікті болудың маңызы мен сауабын тілге тиек етті.