الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Аллаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Асыл дініміз әрбір мұсылманға өзіне жүктелген құлшылық амалдарды орындаумен қатар, қоғамға пайда келтіретін, ізгі істер жасауды бұйырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф» сүресі, 30-аятында:
إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ إِنَّا لَا نُضِيعُ أَجْرَ مَنْ أَحْسَنَ عَمَلًا
«Расында иман келтіріп, ізгі іс істейтіндерге келсек, Біз көркем жақсылық істейтіндердің сауабын әсте зая етпейміз», – деп айтқан.
Қоғамға пайдалы іс жасаған адам ісінің жақсылығын өзгелер көрген сайын сауабын алады. Тіпті жақсылық жасаушы кісі дүниеден өтіп кетсе де, көзі тірісінде қоғам үшін жасаған ісінің сауабы артынан барып тұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِذَا مَاتَ الْإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثَةٍ؛ إِلَّا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ
«Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді. Ол: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан білім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деген (имам Мүслим).
Сондықтан өзгелерге пайдасы тиетін игі іс жасау мұсылман адамның өмірлік мақсаттарының бірі болуы тиіс. Хакім Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлының бірі боласың», – деп айтқан.
Қоғамға пайда тигізу үшін атқаралатын ізгі амалдардың түрлері өте көп. Соның кейбіріне тоқталатын боламыз:
Адамның жақсысы өзгелерге көбірек пайда тигізгені. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
خيرُ الناسِ أنفعُهم للناسِ
«Адамдардың жақсысы (өзге) адамдар үшін көбірек пайда тигізгендері», – деген (имам Табарани). Халқымыз: «Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі», – деп, өзгелерді ойлап, оларға пайдалы іс жасаудың маңызын айтқан.
Үзілмей жалғасып тұратын садақаны ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «садақатун жәриятун» деп атаған. Мұндағы «жәриятун» сөзі көпке жария етіп беру дегенді білдірмейді. Бұл сөз үздіксіз жалғасып тұратын, үзілмейтін садақа дегенді білдіреді. Мысалы, кімде-кім көзі тірісінде халыққа пайдасы тиеді деп көпір салса, әлгі адам дүниеден өтіп кетсе де, көпірі қанша уақыт көпшілікке қызмет еткен сайын, ол соның сауабын алады. Сол сияқты мешіт салу, мектеп салу, аурухана салу сияқты көпке қызмет ететін іс жасаудың барлығы осы жария, яғни үздіксіз пайдасы тиіп тұратын садақаға жатады.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Кімде-кім ешкімге зұлымдық қылмастан және біреудің ақысын жеместен, қандай да бір ғимарат тұрғызса немесе біреудің ақысын жемей, зұлымдық жасамастан ағаш отырғызса, Алланың жаратылыстары одан пайдаланған сайын, оған сауап барып тұрады», – деген.
Бір күні, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саңлақ сахабаларының бірі Әбу Дәрда (Алла оған разы болсын) Шамда көшет отырғызумен айналысып отырады. Оның жанынан өтіп бара жатқан бір кісі ағаш егуін – дүниеге құмарлық, дүние тіршілігіне деген махаббаттан туындаған әрекет деп ойлайды. Әбу Дарданың ісін жаратпағандай сыңай танытып: «Алла Елшісінің сахабасы бола тұра мұндай іспен несіне айналыстыңыз?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Дәрда ол кісіге: «Мен жайлы бірден үкім беруге асықпа! Өйткені мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَغْرِسُ غَرْسًا أَوْ يَزْرَعُ زَرْعًا فَيَأْكُلُ مِنْهُ طَيْرٌ أَوْ إِنْسَانٌ أَوْ بَهِيمَةٌ إِلَّا كَانَ لَهُ بِهِ صَدَقَةٌ
«Бір мұсылман жеміс талын отырғызса немесе егін ексе, одан құс не адам немесе жануар жейтін болса, оны еккен адам үшін садақа болып есептеледі», – дегенін естідім», – деп жауап береді (имам Бұхари).
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында мұсылмандар ауыз су таппай қиналған кезі болатын. Олар сол кезде Рума құдығынан басқа ішер су таба алмады. Бұл құдық мұсылмандарды өзіне жау тұтатын бір адамдікі болғандықтан, қара судың өзін мұсылмандар үшін өте қымбат бағаға сататын. Бұл жағдай ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанына қатты батты. Сахабалармен бірге отырған бір сәтте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рума құдығын кім сатып алса, Жәннатта да оның осыған ұқсас құдығы болатынын айтты. Мұны естіген хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) бірден, сол адамды тауып алып, құдықты сатып алғысы келетінін айтады. Әлгі адам құдықты толық сатуға көнбей, өте қымбат бағаға оның жартысын ғана сатады. Хазіреті Осман қуаныштан төбесі көкке жетіп, ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, құдықтың жартысын сатып алып, мұсылмандарға бергенін жеткізеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Османның бұл әрекетін мақтап, оған ыстық ілтипат білдіреді. Осылайша, құдықтан бір күн су алу құқығы хазіреті Османдікі, ал екінші күні әлгі адамдікі болып бөлінеді. Хазіреті Осман өз күнін халыққа бергендіктен, халық Османға тиесілі күні жаппай жеткілікті дәрежеде құдықтан су алып алатын болғандықтан, құдықтың екінші жартысына иелік ететін адамға тиесілі күнде ешкім су алуға бармайтын болады. Шарасыз күйге түскен әлгі адам осылайша құдықтың қалған жартысын да арзан бағаға сатуға мәжбүр болып, Хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) құдықты толығымен халыққа садақа етіп береді.
Осылайша мұсылмандарға садақа етілген хазіреті Османның (Алла оған разы болсын) құдығы ғасырдан ғасырға жалғасып, бірнеше ұрпаққа өз қызметін көрсетеді.
Адамның пайдалы білім алуымен қатар алған білімін өзгелерге үйретуінің сауабы өте үлкен. Ардақты Пайғарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
خَيْرُكُمْ مَنْ تَعَلَّمَ القُرْآنَ وَعَلَّمَهُ
«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», – деген хадисінің бір мағынасы осы (имам Термизи).
Ислам діні әр нәрсенің зекеті бар екенін ескерту арқылы әркімге өз мүмкіндігі жеткенінше қоғамдық істерге атсалысу керектігін ұқтырады. Дәулеттілер түрлі қайырымдылық шараларға ұйытқы болу арқылы халықтың әл ауқатының артуына жағдай жасауға міндеттелсе, білімділердің зекеті – білгенін басқаларға үйрету.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса. Үйреткеннен не пайда, қайырымы қайтпаса», – деп, білгенін өзгелерге үйретуге шақырған. Ғалым Қаныш Сатпаев: «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірбиелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады», – деген.
Пайдалы білім қалдыруға шәкірт тәрбиелеу, көпшілікке пайдасы тиетін ғылыми жаңалықтар ашу, адам дүниеден өтседе өзінен кейінгі адамдар тағылым алатын кітап жазу сынды істер жатады.
Әз Жәнібектің алпыс уәзірі болған екен. Бір жолы ол уәзірлеріне: «Дүниеде не өлмейді?» – деп сұрақ қойғанда, алпыс биі бір ауыздан:
Ағын су өлмейді,
Асқар тау өлмейді,
Аспанда ай мен күн өлмейді,
Әлемде қара жер өлмейді, – депті. Осы кезде Жиренше шешен бәріне қарсы шығыпты:
Ағын судың өлгені,
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгені,
Басын бұлттың жапқаны.
Ай мен күннің өлгені,
Еңкейіп барып батқаны.
Қара жердің өлгені
Қар астында жатқаны.
Ажал деген атқан оқ,
Бір Алланың қақпаны.
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді, – деген екен.
Адамдармен қарым-қатынаста мейірімді болу – қоғамдағы адамдардың бір-біріне жақсылық жасауына, қарайырымдылық көрсетуіне себепші болатын негізгі сипат. Асыл дініміз адамдарға мейірімділік таныту арқылы адам баласы Жаратушысының мейіріміне бөленетінін үйретеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَا يَرْحَمُ اللَّهُ مَنْ لَا يَرْحَمُ النَّاسَ
«Адамдарға мейірімді бола білмеген кісіге, Алла да мейірімділік танытпайды», – деген (имам Бұхари).
Мейірімділік адамдар арасындағы сыйластық, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттерге негізделеді. Хакім Абай: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз», – деп өзгелерге рақымды болып, мейірімділік танытуды бес асыл іс деп атаған болса, Шәкәрім бабамыз: «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол шын адам болады», – дейді.
Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әнбия» сүресі, 107-аятында Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ
«Уа, Мұхаммед! Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым ретінде ғана жібердік», – деп айтқан. Жаратушымыз ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барша адамзатқа мейірім ретінде жіберуі де, мейірімділік сипатының мұсылман жандар үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл сөзінде, ісінде мейірімділіктің теңдессіз үлгісін көрсетті. Ол қасындағы сахабаларын мейірімділіктің аясында тәрбиеледі. Ол тәрбиелеген сахабалар әлемдегі теңдессіз тұлғаларға айналды. Дінге, өзіне, қасындағы ең жақын деген адамдарына қаншама қастандық істеген дұшпандарының өзіне мейірімділік танытып, олардың істеген қателіктерін кешіру арқылы, қаншама адамдардың жүрегіне иман ұялауына себепші болды.
Мусғаб ибн Умайырдың бауыры Әбу Ғазиз Бәдірде мүшріктердің туын ұстаған еді. Мүшріктер жеңіліп, Әбу Ғазиз мұсылмандардың қолына түседі. Ол тұтқындық өмірін, мұсылмандардан көрген мейірімділікті былай баяндайды: «Бәдірде мен тұтқынға түсіп, ансарлық бір топ кісінің қарауына берілген едім. Бәдірден қайтқанымызда, олар таңертеңгі және кешкі аста нанын маған тарту етіп, өздері кепкен құрманы жейтұғын. Өйткені Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге, яғни тұтқындарға жақсы мәміле жасауды өсиет еткен еді. Олардың бірінің қолына нанның бір тілімі тисе, дереу маған әкеліп беретін. Мен қатты қысылып, ұялып нан тілімін оларға қайтып беретінмін. Бірақ олар нан тілімін маған қайта беріп, қол тигізбейтін».
Сахаба Мұғаз ибн Жәбалға (Алла оған разы болсын) бір кісі келіп: «Маған насихат айтшы», – деген екен. Сонда Мұғаз: «Мейірімді бол! Жәннатқа кіруіңе мен кепіл болайын», – деп жауап беріпті.
Ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі еткен әр мұсылманның жүрегінен мейірімділік, әр ісінен жұмсақтық көрініс табуы қажет. Жүсіп Баласағұни бабамыздың:
Не дер екен мейірімі мол кісі:
Мейірбандық – кісіліктің үлгісі.
Есіңе ұстап мейірбанның нақылын –
Дәулет болар алсаң соның ақылын.
Мейірімнен шынайы леп еседі,
Соны бақсаң – дәреже, бақ өседі, – деп айтқан сөздерінде де үлкен мағына бар.
Асыл дінімізде қайырымдылық мақсатында мұқтаж жандарға берілетін қаржылай немесе заттай көмекті садақа деп атайды. «Садақа» сөзі Құран тілінде «әс-сидқу», яғни «шыншылдық» сөзімен түбірлес. Өйткені садақа – адамның иманының шынайылығын дәлелдейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
وَالصَّدَقَةُ بُرْهَانٌ
«Садақа – дәлел», – деп айтуының себебі осы.
Қасиетті Құранда садақа берудің артықшылығы мен маңызы жайында келген аяттар өте көп. «Бақара» сүресінің алғашқы аяттарына Алла Тағала тақуа құлдарын:
الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاَةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنْفِقُونَ
«Олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) жұмсайды», – деп сипаттаған.
Адам баласы Алла Тағала берген несібенің белгілі бір бөлігін мұқтаж жандарға беріп, жәрдемдесуі арқылы, зор сауапқа кенеліп, мал-дүниесіне береке кіреді. Ол адам үшін періштелердің өзі дұға жасап, тілек тілейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
مَا مِنْ يَوْمٍ يُصْبِحُ الْعِبَادُ فِيهِ إلا مَلَكَانِ يَنْزِلانِ فَيَقُولُ أَحَدُهُمَا: اللَّهُمَّ أَعْطِ مُنْفِقًا خَلَفًا وَيَقُولُ الآخَرُ: اللَّهُمَّ أَعْطِ مُمْسِكًا تَلَفًا
«Әр күні Алланың құлдары оянатын уақытта, көктен екі періште түсіп, олардың бірі: «Иә, Алла, дүниесін (сауапты істерге) жұмсағандардың дүниесін толықтыр!» – десе, екіншісі: «Иә, Алла, сараңның ісін опат қыл!» – дейді» (Имам Бұхари, Мүслим).
Қайырымдылық жасаған кезде Алла Тағаладан көркем сауап үміт еткен кісінің садақа ретінде беретін заты мал-дүниесінің ішіндегі ең көркемі, бағалысы болуы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда:
لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّى تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ
«Сендер сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар», – дейді («Әли Имран» сүресі, 92-аят).
Бұрынғы өткен ізгі адамдар садақа берген кезде Құранның осындай аяттарын әрдайым басшылыққа алатын болған. Мысалы, Айша анамыз (Алла оған разы болсын) садақа бергенде қолын жақсылап жуып, садақасына әтір сеуіп береді екен. Ол кісіден неге олай істейтіндігін сұрағандарға: «Садақа кедейге бармастан бұрын Алланың құзырына барады», – деп жауап береді екен.
Қадірменді жамағат!
Мүмин кісі Алла Тағаланың сыйлаған әрбір күнін өзгелерге пайдасын тигізіп, ізігілік, қайырымдылық амалдар жасау үшін берілген мүмкіндік деп қабылдайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 97-аятында:
مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ
«Ер немесе әйелден кім иман келтірген бойда ізгі амал істесе, әлбетте біз оған өмір сыйлаймыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз», – деп, ізгі амал жасаған пендерлерге дүниеде де, ақыретте де мол жақсылықтар бар екендігін айтқан.
Алла Тағала баршамызды иманына берік, ізгілік амалдар жасайтын құлдарының қатарынан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі