Тәуелсіздік – Тәңір берген сый

Тәуелсіздік – Тәңір берген сый

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамзаттың асыл діні Исламда Отанды сүюге, оған қалтқысыз қызмет етуге айрықша мән берілген. Жаратушымыз адам баласын ұлттар мен ұлыстарға бөлген. Яғни, әр ұлттың өз Отаны бар.

Қасиетті Құран Кәрімде: "Ей, адамдар! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, ұлыстарға бөлдік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың - тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы",- дейді. (Хужурат сүресі, 13 аят).

Жаратушы Иеміз жер бетіндегі адамдарды бірін-бірі тану үшін бөлген. Алла әр ұлттың тілі мен дінін, салт-дәстүрі мен мәдениетін де толық жаратты. Демек, берекелі бірліктің кілті - ұлттар арасында да, ел ішінде де дұрыс сақталуы керектігін ғалымдарымыз осы аяттың мағынасында терең түсіндіреді.

Адамның жүрегіндегі ең үлкен қуаныш ол - Отан қуанышы. Отанды сүю - өз отбасыңды, барша адамзат баласын сүю.  Отанды сүю барша мұсылманның борышы. Туған-туыстардың, отбасы мүшелерінің аман саулығын Алладан қалай тілесек, Отанның да есендігін, тұтастығын әркез дұғамызға қосуымыз керек. Себебі, Отанымызда бірлік болмаса, біздің тірлігіміз де түзу болмақ емес. Сол үшін де Ислам дінінде Отаныңды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды һәм дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Егер кімде-кімнің бойында осы қасиет болатын болса, ол қасиет Жаратушымыздың ол пендеге берген ең үлкен нығметі болып саналады. Өйткені өзі туып өскен ата жұртынан асқан артық жер жоқ. Ел ішінде "Өзге елдің бау-бақшасынан өз жұртыңның жантағы артық" деген нақыл сөз де тектен текке айтылмағандығын аңғарамыз.

Адам баласы бақытты ғұмыр кешуі үшін еркін болуы керек, еркін болуы үшін тәуелсіз болуы керек. Бүгінгі мақаламызда Тәуелсіздіктің қадір- қасиеті, маңызы жайлы білгенімізше азды көпті сөз еткенді жөн санадық.

1991 жылы 16 желтоқсан еліміздің Тәуелсіздік алған күні.Сол күннен бастап бұл күн күнтізбемізге енді. Жоғалып кетуге шақ қалған асыл құндылықтарымыз (рәмізіміз, дініміз, наурыз мерекесі, қажылық сапарлары т.б.) қайта оралды. Тәуелсіздігіміз біздерге ең әуелі тыныштық нығметін берді. Тәуелсіздігіміздің арқасында еліміздің көк туы, рәмізі мен әнұраны және ұлттық валютасы белгіленді. Мазмұнға толы Конститутциямыз қабылданды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: "Өткендеріңізді (марқұмдарыңызды) қылған жақсылықтарымен бірге еске алыңыздар", дейді.

Егемендік алардан алдын біздер кеңестер (советтік) заманындағы тарихтарды оқыған болсақ, тәуелсіздіктен кейін өз тарихымызды обьективті түрде терең оқуға үлкен мүмкіндіктерге ие болдық. Тарихты білмеген адам терең сауаттылар қатарына жатпайды және барлық пәндер тек тарих пәндері негіздері арқылы ғана дамитыны сөзсіз.

Біздер алдыңғы өткен буындардың келелі еңбектерін бағалай білуге міндеттіміз. Олардан сабақ ала отыра, кейбір игілікті ерен еңбектерін көре де білуіміз керек. Соның ішінде айтқым келгені ел тәуелсіздігін алғаннан бері жерімізде қаншама мешіттер мен діни оқу орындары ашылды. Діни білім ордаларынан қаншама шәкірттер сауат ашып шықты. Бұл да еліміздің азаттық алғандығының айғағы деуге әбден болады. Мағына жағынан айтар болсақ асыл дініміз де "Тәуелсіздік маған не берді деп емес, мен өзім тәуелсіздік үшін істедім", деген оймен өмір сүруге шақырады. Әр адамның білім ізденуі, өнер табуы, адал кәсіп ізденуіне шақырады.

Хазреті Әли (р.ғ.) бір кісіге: "Нығмет шүкіршілікпен бағаланады. Адам қандай да нығметке шүкіршілік қылуын тоқтатпаған болса, Алла да Өз нәсібін беруден тоқтатпайды", деген екен. Хасан Басри айтқандай, "Адам баласының бір күні өтсе, ол хақында пікір қылсын, нәтижелер шығарып, қорытындылап, қадіріне жете білсін!",- деген.

Сөз соңында айтарымыз, отанды сүю, оның ішіндегі барлық нығметтерін (егемендігімізді) әркез ардақтап, қадіріне жете білгеніміз жөн. Тәуелсіздік күні - Бабалардың аманаты орындалған зор орасан тарихи қуанышымыз. Бұл сәтті ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаумен күткенін жадымыздан шығармағанымыз абзал. Шыңғыс хан бір сөзінде: "Құлаш бойым құласа да, тіккен туым құламасын!" деген екен. Сол айтқандай, Көк туымыз желбіреп, еліміздің сырты жаудан, іші даудан" аман болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын!

Үмбет Сабырханов

Әл-Хақ мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: