Пәтуа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының күллі облыстардағы өкіл имамдарының қатысуымен ҚМДБ төралқасында талқыланып бекітілген. Барлық жерде орындалуы міндетті.
Сұрақ: Исламда мәйіт жатқан бөлмеге шырақ жағып қою бар ма?
Жауап: Мәйіт жатқан бөлмеге шырақ жағып қою жоқ, бұлай жасау дұрыс емес.
Сұрақ: Өлген кісінің жаназасы шығарылғанға дейін түнде, қасында бірнеше адам таңға дейін ұйықтамай күзетіп отыру дұрыс па?
Жауап: Жоқ. Оны шариғатымыз бұйырмаған.
Сұрақ: Мәйітті жууға неше адам түседі және мәйітті қандай йіс сумен жууға болады? Кебінге қалампыр үгітіп салу шарт па?
Жауап: Мәйітті жууда шариғат бойынша жуушылардың саны шарт емес. Шамасы келсе бір кісінің де жууына болады, алайда көмекшілердің болғаны жақсырақ. Сондай-ақ сүйекке құда-жекжат, туыстарынан түсемін деушілер болса, оған шариғат қарсы емес. Шариғат бойынша мәйітті жуу – парыз. Мәйіт иіс май қосылмаған таза сумен жуылса да парыз орындалған болып саналады, бірақ мәйітті үшінші рет жуғанда суға иіс май қосу – мустахаб. Ал қалампыр немесе басқа нәрселер кебінге қоса оралмайды.
Сұрақ: Егер мәйіт қос жынысты, яғни хунса болса, оны кімдер жууға тиіс? Ерлер ме әлде әйелдер ме?
Жауап: Балиғат жасына жеткен әйелдік және еркектік жынысы бар (хунса мушкил) адамды әйелдер де еркектер де жумайды. Жабылған күйде тәйәммүм алдырылады. Кебіндері ықтиаттық тұрғысынан әйелдердікі секілді бес қабат болғаны жөн. Үш қабат болған жағдайда да жарамды.
Сұрақ: Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң үйден басымен, әлде аяғымен шығару керек пе?
Жауап: Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң үйден басымен не аяғымен шығару керек деген шариғаттың талабы жоқ. Мәйітті үйдің ыңғайына қарай басымен не аяғымен де шығара беруге болады.
Сұрақ: Сүннеттелмеген мұсылманның жерлеу рәсімі өзге мұсылмандарды жерлегенмен өзгеше бола ма?
Жауап: Жоқ.
Сұрақ: Табыттағы мәйітті көлікке салғанша жерге үш рет қою және үстіне шай, нан тағамдарын қойып, басынан айналдыру қажет пе? Бұл дұрыс па?
Жауап: Бұлар дінде жоқ, адамдар тарапынан ойдан шығарылған амалдар. Дұрыс емес.
Сұрақ: Кейбір жерлерде жаназа намазы сейсенбі күніне келіп қалса, намазды түс ауа оқу әдетке айналған. Бұған шариғатта негіз бар ма?
Жауап: Негіз жоқ.
Сұрақ: Өмірінде намаз оқымаған адамның жаназасы шығарыла ма?
Жауап: Ол мұсылман болса жаназасы оқылады.
Сұрақ: Шошқа баққан немесе оның етін сатқан адамдар өлсе, оған жаназа намазы оқыла ма?
Жауап: Доңыз етін сатқан, оны баққан кісі де шариғат бойынша күнаһар, бірақ ол діннен шықпайды. Сол себепті ондай кісі дүниеден өткенде жаназасы оқылады.
Сұрақ: Өзге дін өкілдеріне тұрмысқа шығып қайтыс болған мұсылманға жаназа намазы шығарыла ма?
Жауап: Өзін мұсылман санайтын әйелдің өзге дін өкілдеріне тұрмысқа шығуы харам. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Мүшірік әйелдерге иман келтіргенге дейін үйленбеңдер. Сендерге ұнаса да азат мүшірік әйелден мүмін күң артық. Және иман келтіргенге дейін мүшірік ерге мүмін әйелдерді де тұрмысқа шығармаңдар...», - деген (2:221). Өзге дін өкіліне мұсылман қыздың тұрмысқа шығуы – үлкен күнә. Алайда, ондай әйел егер өзге дінді қабылдамай өз дінінде қалған болса, яғни мұсылман боп жан тәсілім етсе, жаназасы шығарылады.
Сұрақ: Мәйітті жуғанда қолданылған медициналық қолғаптар мен алжапқыш т.б. заттарды не істеу қажет?
Жауап: Медициналық қолғаптарды қоқысқа тастау қажет. Алжапқышты тазартып жуғаннан кейін қайта қолданса болады.
Сұрақ: Мәйітке жаназа қай уақытта оқылады?
Жауап: Жаназа намазы мәкрүһ уақыттан басқа кез келген уақытта – күндіз болсын, түн болсын оқыла береді. Мәкрүһ уақыт деп күн шығып немесе батып бара жатқан және күн тас төбеде тұрған кездер айтылады.
Сұрақ: Мәйітті жерлеуді асықтыру және бұл рәсімді жедел атқару туралы дәлел бар ма?
Жауап: Имам Алау ад-Дин Касани әл-Ханафи (р.а.) өзінің «Бәдәиъус-Санаиъ» атты кітабында: Алла Елшісінің (ﷺ): «Мәйіттеріңді жерлеуге асығыңдар. Мәйіт жақсы кісі болса жақсылығына жылдам жеткізіңдер, ал жаман кісі болса тозақ иелері бізден алыс болсын», - деген хадисіне байланысты мәйітті жерлеуді асықтыру мұстахаб, яғни жақсы амал, - деген. Пайғамбарымыз (ﷺ) асықтыруды мустахаб еткен. Мәйітті жерлеуді кешіктіру – сүннетке, мәйітті құрметтеуге қайшы әрекет. Қаншалықты кешіктірсе сонша оның қадір-қасиетін қашырады.
Сұрақ: Өзін өзі өлтірудің діндегі орны не? Жаназасы оқыла ма?
Жауап: Адам баласының өз-өзіне қол жұмсауы адамдық тұрғыдан да, дін тұрғысынан да үлкен қате. Өйткені, жан – Алланың адам баласына берген ең қасиетті аманаты. Өз өмірін қию – сол аманатқа жасалған қиянат. Сонымен қатар, ол үлкен күнә жасағандығы үшін Тозақта азап тартады Пайғамбарымыз + көптеген хадистерінде өзіне қол жұмсаған адамның үлкен күнәға бататынын, Тозақта азап шегетіндігін айтқан. Өзіне қол жұмсау бұрынғы үмметке де тыйым салынған. Жундуб ибн Абдуллаһ Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Сіздерден бұрынғы үмметтер арасында жараланған бір адам ауруына шыдай алмай қолын пышақпен кесіп, қан тоқтамай қансырап өлді. Сонда Алла Тағала «Құлым Мен берген жанымды қолдан алды. Мен оған Жұмақты харам еттім», - деген хадисін риуаят еткен. .
Өз-өзін пышақтап өлтірген адамның жаназасын Пайғамбарымыздың (ﷺ) оқымағандығы айтылады. Алайда сахабалар бұл адамның жаназасын оқыған. Имам Ағзам мен имам Мұхаммед және өзге де ғұламалардың көпшілігі өз-өзін өлтірген адамның жаназасы оқылады деп фәтуа берген. Расында өзіне-өзі қол жұмсауға діни, рухани өресі төмен адамдар психологиялық ауру немесе жындар ықпалымен де барып жатады. Өзіне қол жұмсаған кісі ауыр күнәға батқанымен, діннен шықпағандықтан, жаназасы шығарылады. Алайда, күнәнің ауырлығын білдіру, әрі басқаларға сабақ болу мақсатында жаназаны мүфти, дін ғалымдары, бас имамдар емес, жаназа шарттарын білетін басқа кісілердің шығарғаны жөн.
Сұрақ: Қарызы бар кісінің жаназасы шығарыла ма?
Жауап: Қарызы бар кісінің жаназасы оқылады. Ал қарызы артында қалған мүлкінен берілуі керек.
Сұрақ: Егер де мәйіт жаназа намазы оқылмай жерленген болса не істеу керек?
Жауап: Марқұмның жерленгеніне көп уақыт өтпеген болса, онда қабір басында тұрып жаназа намазын оқу қажет. Бұл ретте жаназа намазы қабір алдында құбылаға қарап оқылады.
Сұрақ: Жаназа оқылғаннан кейін митинг жасау дұрыс па?
Жауап: Дұрыс емес. Өйткені жаназа намазының өзі діни, шариғи іс-шара болып есептеледі.
Сұрақ: Кейбір кісілер мәйітке жаназа намазы оқылып болысымен, мәйітке конфет, тиын шашады. Қабірге жерлеген соң қабірдің бас жағына ыдысқа су құйып қояды және айналасына күріш шашады. Осындай істердің шариғатта негізі бар ма?
Жауап: Мұндай істер шариғатымызда жоқ қате амалдар.
Сұрақ: Мәйіттің бас жағынан бауырсақ салынған ыдысты айналдырып, үйге алып қалу дұрыс па?
Жауап: Ешқандай пайдасы жоқ, шариғатқа қайшы амал.
Сұрақ: Мұсылмандарды кремация (өртеу) арқылы жерлеуге бола ма?
Жауап: Кремация, яғни, мәйітті өртеу – исламда харам.
Сұрақ: Мәйітті қабірге қоярда аяғымен кіргізу керек пе, жоқ әлде басымен кіргізу керек пе?
Жауап: Мәйітті қабірге қоюдағы шариғаттың талабы – оң жағына жантайтып, жүзін қыбылаға қаратып қою. Ал қабірге басымен не аяғымен кіргізу мәселесі, қабір ыңғайына қарай атқарылады.
Сұрақ: Мәйітті қабірге жайғастырғанда мәйіттің бетін ашып тастау керек пе?
Жауап: Мәйіт бетінің ашылмағаны жөн.
Сұрақ: Мәйіттің колы немесе аяғы протез болса, протезді не істеу керек?
Жауап: Протезді, алмалы тісті шешіп тастау қажет. Ол мәйітпен бірге көмілмейді. Өйткені оның ағзасы емес.
Сұрақ:Зиратқа құлыптас орнату дұрыс па?
Жауап: Қабір басына құлыптасты белгі ретінде суретсіз, мүсінсіз орнатуға болады.
Сұрақ: Қабір басына салынатын құрылыс нысанын бір жүйеге түсіруге бола ма? Яғни, орнатылатын көк тастың көлемі белгіленсе және марқұмның бейнесін қашап естелік орнатылуына тыйым салынса дұрыс болар еді.
Жауап: Ханафи мазһабының ғұламалары мәйіт жерленген орынды қиындықсыз табу үшін, қабір басына белгі қойып, аты-жөнін жазуға рұқсат берген. Алайда зәулім тас, қажетсіз қоршау, үлкен сәнді күмбездер орнату, қашап сурет салу және т.б. осы сияқты амалдар ысырап әрі бәсекелестік болғандықтан шариғатымыз тыйым салған.