Неліктен амалдан ниет жақсы?

Неліктен амалдан ниет жақсы?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Факих өз иснадымен Зайд бин Майсардың Алла Тағаланың былай айтқанын келтірген: «Мен әрбір данышпанның сөзін қабылдай бермеймін. Бірақ Мен оның ниеті мен тілегіне қараймын. Егер әлгі данышпанның ниеті мен тілегі Мен болып табылсам, онда үнсіздігін оның ойлануы етемін де және үнсіздігінде оның сөздерін еске аламын».

Факих өз иснадымен Ибрахим Наха'идың былай айтқанын келтірген: «Егер адам сөзінің арасында ашуланса, ал сол ашуда игі ниет болатын болса, онда Алла Тағала сол сөздері үшін адамдардың жүрегіне оны ақтап алатын сөздерді салатыны сондай, тіпті бұл адамдар: «Бұл сөздерінің астарында тек игілік қана жатыр», - деп айтатын болады.  Ал егер адам игі ниетсіз көркем сөйлейтін болса да Алла адамдардың жүрегіне бұл сөздерді жеткізеді, бірақ адамдар: «Бұл сөздерімен ол игілікті қаламады», - деп айтатын болады.

Аун бин 'Абдулла былай келтірген: «Жақсылықтың иелері: «Кімде-кім ақирет үшін қам жасаса, Алла Тағала оның бұл дүниедегі істерін оңдап қояды. Кімде-кім өзінің ішкі дүниесін түзесе, Алла Тағала оның сыртқы бейнесін түзейді. Кімде-кім Алламен қарым-қатынасын түзесе, Алла Тағала оның адамдармен қарым-қатынасын түзейді».

Хасан Алла Тағаланың: «Әркім өз ниетіне қарай әрекет етеді» деген сөзі туралы тәпсірде: «Өзіне сай ниеттің арқасында амал іске асады», - деп айтқан.

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз () «Мүміннің ниеті оның амалынан жақсы», - деген.

Сонда ілім иелері: «Ниет амалдан жақсы, өйткені амалсыз ниетке сый нәсіп етіледі, ал ниетсіз жасалған амал сыйдан құр қалады», - деген.

Ал өзге ілім иелері былай айтқан: «Амал ниеттен жақсы, өйткені ниет - ұзақ, ал амал - қысқа. Ол жақсы амал жасауға ниеттенеді, бірақ қалған өмірінде сол амалды іске асыруға әлі жетпей қалады».

Кейбіреулер былай айтқан: «Ниет – жүректің амалы. Ал жүрек – Алланы танитын орын (мағрифат). Өзге орындардан Алланы танитын орын жақсырақ».

Пайғамбарымыз ()  былай айтқан: «Қиямет күні жақсы амалдары үлкен таудай болатын адамдар болады. Сонда Жаршы: «Бұл адамға кімнің өкпе-реніші болса, сол келіп сыйдан алсын», - деп жар салады.

Сонда адамдар келіп, оның сыйынан алып кетеді де ол мүлде сыйсыз қалады. Әлгі құл таңғалады. Жаратушы оған: «Мен періштелерге де, адамдарға да айтпаған сенің бір қазынаң бар», - дейді. Адам: «Уа, Жаратушы, ол не қазына?» - деп сұрайды.  Алла Тағала: «Сенің қазынаң - жақсы ниетің, Мен оны саған жеті жүз мәртеден артық жаздым», - деп жауап береді.

Бани Исраилдың бір құлшылық етуші адамы құмнан болған кіші-гірім таудың қасынан өтіп бара жатып: «Осы тау ұн болғанда ғой, мен бани Исраилдың аш құрсақтарын тамақтандыратын едім», - деп айтады.

Алла Тағала мұны Пайғамбарға (): «Пәленше деген құлыма оның адал ниеті үшін Алла оған сый жазды деп айт», - дейді.

Қиямет күні бір адамның амал дәптерінің оң қолына берілгендігі келтірілген. Берілген амал дәптерден ол қажылық, умра, зекет және садақа сияқты жақсы амалдарды көреді де өзіне-өзі: «Бұл амалдардың бірін де жасамадым, бұл менің амал дәптерім емес», - деп айтады.

Алла Тағала оған: «Оқы, бұл сенің амал дәптерің. Сен: «Егер менің байлығым болса, мен қажылыққа барар едім», - дегенсің. Сенің ниетіңнің шын екенін білдім де сенің әрбір ниетіңе Мен сый нәсіп еттім», - дейді.

Факих: «Адам ниетінің адалдығы – ол өзінде бар аз нәрсеге сараңдық танытпауынан білінеді. Егер оның қажылық парызын өтеуге қаражаты жетпей, жолда қажылыққа шыққан адамды көргенде, ол өзіне былай деп айтады: «Егер менің мүмкіндігім болса, мен міндетті түрде қажылыққа барар едім, бірақ мен қажылыққа бара алмағандықтан, онда мына екі дирхем қажылыққа шыққан адамға болсын».

Егер адам өзінде бар аз нәрсеге сараңдық танытар болса, Алла Тағала оның көп мал-мүлкі болса да сараңдық танытатынын біледі. Және де оның ниеті үшін сый болмайды.

Құран жаттауда да осылай. Бір адам: «Егер мен Құранды жатқа білсем, оны күндіз-түні оқыр едім», - деп айтып, өзі білетін сүрелерін айтар болса, Алла Тағала оның басқа сүрелерді білсе, жатқа айтатынын біледі. Сонда Алла Тағала оған Құранды толықтай жатқа білетін адамға нәсіп еткендей сый береді. Егер әлгі адам жаттап алған сүрелерін айтпайтын болса, онда Алла Тағала оның ниетінің дұрыс еместігін біледі».

Сахл бин Са'д Пайғамбарымыздың ()  былай айтқанын жеткізген: «Мүміннің ниеті амалынан жақсы. Екіжүздінің амалы ниетінен жақсы. Әркім өз ниетіне қарай әрекет етеді».

 "Танбихул ғафилин" кітабынан

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: