Отанды сүю – иманнан

Отанды сүю – иманнан

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Қадірменді аудан тұрғындары, құрметті жерлестер, баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Алла Тағала Еліміздің, Жеріміздің мерейін үстем етіп, Тәуелсіздігімізді мәңгі етсін!

Тәуелсіздік – асыл бабаларымыздың сан ғасырғы арман-мұраты. Өткенімізге көз салсақ, сүрлеуі мол соқпақтар мен ой-шұңқыры, қауіпқатері көп көпірлерден өттік. Ел тәуелсіздігіне қол жетіп, бостандықтың боз таңы атқан сәтте ана тілімізбен, ата дінімізбен қайта қауышып, салт-дәстүріміз жаңғырды. Аллаға шүкір, қазіргі күні тәуелсіз елде, әр таңымызды амандықпен, ешқандай қауіп-қатерсіз аттырып жатырмыз. Әрбіріміз осы нығметтің қадірін түсініп, шынайы бағалай білуіміз қажет.

Туған жерге, отанға деген сүйіспеншілік – терең иманнан туындайтын сезім.

Құран тәлімі адамдарды кез келген жұмыр басты пендеге, жақын туыстар мен достарға, жолаушыларға, танысқа және бейтанысқа бірдей әділет көзімен қарауға, оларға жақсылық жасауға үйретеді. Тағы бір айта кетерлігі Исламдағы адам ақысы мәселесін мұқият зерделеп қарасақ, онда мұсылман адамның бәрінен бұрын өз жақын туыстары мен көршілерінің алдында міндеттерінің көп екендігін байқаймыз. Демек мұсылманның өз туыстарының, жақындарының, халқы мен туған жерінің алдындағы борышын сезінуі, терең түйсінуі Исламдағы отаншылдықтың негізі болып саналады. Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісіге қажет қасиеттерге үгіттейтін ұлы дін болса, отан сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым. Олардың мүдделері ел игілігі, сол үшін де олар әрқашан бірге болуы, бірге қол ұстаса, иықтаса қызмет етулері тиіс. Дін және діндарлар үшін де отаннан артық, отаннан қымбат ештеңе жоқ. Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ әрең жеткен, талайлар аңсап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қарашығындай сақтау жүректе жатталуы тиіс ұғымдар.

Кім-кімнің де жапырақ жаяр жері Отан. Отансыз бақыт жоқ. Сол себепті, әрбір адам туған жерін, отанын қастерлеуі керек. «Отанды сүю иманнан» деген мағынасы терең қанатты сөз бар. Өйткені иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам отанның қадір-қасиетін білмейді.

Отанымыз тәуелсіз Қазақстан. Қазақстан біреу-ақ. Екі Қазақстан жоқ. Отанды ешкім сатып та ала алмайды. Сол себептен де еліміз, жұртымыз біз үшін өте қымбат. Сондықтан қашан да Жаратқан иемізден ары тарт та бері тарт, яғни, фитнаға, алауыздыққа жол бермей, отанның амандығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейміз. Ал ынтымақты, иманды елді жау ала алмайтыны белгілі.

Жалпы мұсылман үмбеті ешқандай этникалық шектермен бөле-жарылмайтын бір бүтін қоғам. Мұсылмандықты қисапсыз көп ұлттар мен ұлыстарды түрі мен нәсіліне қарамай бір шаңырақ астына біріктірген бүкіләлемдік бауырмашылдық деп есептеуге де болады. Алайда бұл ақиқат мұсылман баласы өз ұлтынан бас тартсын, халқынан безсін, отанын құрметтемесін, ұлттық мәдениетінен қол үзсін дегенді білдірмейді. Құран адамзаттық өркениетті байыта отырып, әрбір ұлттың өз болмысын сақтағанын, олардың бір-бірімен тәжірибе мен дәстүр алмастырғанын құптайды. Жер беті жұртшылығы бүгінде Ислам әлемін түрлі ұлттардан, этностардан, сан алуан мәдениеттерден құралған, географиялық орналасуы әр қилы үлкен бір қоғам деп қабылдайды.

Имандылыққа бет бұрған ізгі ниетті мұсылман үшін киелі ұғымдардың бірі – елге, жерге, отанға деген сүйіспеншілік. Олай болса, Отанды құрметтеу де мұсылман баласы үшін қастерлі парыз саналады. Отан деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттар мен ақ жаулықты әжелеріміз тай құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарымыз бар ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Ал бір тілде сөйлейтін, діні бір, тарихы мен мәдениеті бір қауымды ұлт деп атаймыз. Адам өз ұлтын таңдай алмайды. Алла оның белгілі ұлттың өкілі етіп жаратады. Бұл жайлы Құран кәрімде былай делінген: «Әй, адам баласы! Күдіксіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабардар» («Хужурат» сүресі, 13-аят). Олай болса, шариғатымыз бойынша жас жеткіншектердің бойында ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыруға рұқсат. Алайда ұлтжандылық деп, тек өз ұлтын ғана қастерлейтін, өзге ұлттарды қор санайтын ұлтшылдыққа Исламда орын жоқ.

Керісінше, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни, әрі азаматтық борышы. Сондықтан біз өз уағыздарымызда секталар мен жатжерлік миссионерлердің көздеген, діттеген мақсат-мүддесін, зымиян әрекетін ашып көрсетіп отырамыз. Түрлі секталардың зиянды ісәрекеттері жайлы өз мақалаларымызда ғана емес, уағыздарымызда, кездесу, ұшырасу, сұхбаттарымызда да айтамыз. Секталармен өркениетті жолмен күресуде, оларға қарсы тұруда отанымыздың әрбір азаматы бірігулері ләзім. Ислам – қоғам ішінде бейбіт өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың алдындағы, өзгелердің алдындағы мұсылмандық міндеттерін толық орындауына мүмкіндік береді. Олай болса, үлгілі мұсылман өз мемлекетіндегі заңдарды сыйлайды, онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштық болуын қалайды, оның экономикалық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайрат жұмсайды.

Ислам – ынтымақ, бірлік діні. Сол себепті халқымызға құраншылар, салафиттер, зікіршілер және басқа да дінді желеу етіп жіктелушілерге, бөлінушілерге қарсымыз. Біз адасып жүргендерді Алланың ақ жолында бірігуге, бейбітшілікке, тыныштыққа шақырамыз. Мешіттеріміз ғибадат ғана емес, сондай-ақ рухани білім ордасына айналуы үшін де күш саламыз.

Енді пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған жеріне деген махаббатынан бірер оқиға келтірсек:

Мәдинаға һижрат жасаған уақытында Адамзаттың ардақты елшісі хазреті Мұхаммедте (с.ғ.с.) Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: – «Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім», – деген екен. Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады.

Бір хадисте: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз» делінген. Демек, «өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз» деген асқақ мұратпен «А, Құдайлап» жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүрлеріміз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең байтақ жерге бабалар аманаты деп қарай білген жөн. Өйткені құс ұясын, ал адам отанын қорғайды.

«Біз, қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз,

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз,

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз...» деген Қазыбек би бабамыздың отты сөзі жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел.

Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Бұл не деген сөз? Мәнін ойлап көрдік пе? Бұл Отанды қорғау жолында бәріне бара білуді, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Адамға алуан түрлі қасиет, дарын туған ортадан дариды. Сондайақ, туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.

Отанын сүю үшін адам өз ана тілін, тарихы мен мәдениетін жақсы білуі тиіс. Өз тілінің, ұлттық мәдениетін қадірін білмеген адам бірте-бірте өзге де құндылықтарынан ажырайтыны анық. Тіл – адамның ішкі жан дүниесінің, рухани әлемінің көрінісі. Әр халықтың ойлау жүйесі тілінен көрінеді. Олай болса тілді таза сақтау халықты, ұлтты сақтаудың бір жолы.

Белгілі бір ұлттың өз тілін сақтауына, құрметтеуіне дінімізде тыйым жоқ. Алайда әрбір ұлт өзгелердің тілін де өз тіліндей сыйлауы тиіс. Тағы бір мәселе, тіл адамның ойын қалыптастырса, тарих адамның есі мен жадын қалыптастырады. Тарих – даналық пен күш-қуаттың мол қазынасы. Ұлы жеңістер мен ащы жеңілістер жайлы жәдігерлер, ата-бабаның ерлік дастандары тарихта сақталады. Сондықтан, Ислам діні тарихты жақсы біліп, одан тиісті сабақ алуға да шақырады.

Сондай-ақ, Исламда бес нәрсені: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар шейіт саналады. Ал шейіттердің ақыретте есепсіз Жәннатқа барары мәлім. Құранда бұл жөнінде: «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер» делінген («Бақара» сүресі, 154-аят). Сондықтан, Отанды қорғау жолында, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тіккендерді шейіттер қатарына қосып, Жаратушы Иемізден Жәннаттан жай бұйыртуын тілейміз.

Отанды сүю – адамның жаратылысында бар табиғи сезім. Ішкі руханияты бай кісі мұны Алланың нығметі деп біліп, оған шүкіршілік жасайды. Ал кеудесі қараңғы, жүрегі жұтаң жандар Отанды сүюдің ақысын толық өтей алмасы хақ. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген де мәнді сөз бар. Отанды сүюге, туған елге деген құрмет сезімі жанұядан бастау алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлығың жауаптысыңдар. Елбасы еліне жауапты. Отағасы жанұясына жауапты. Әйел жанұядағы дүниеге жауапты. Малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан жауапқа тартылады» деген. Олай болса, балаға жастайынан жақсы тәрбие берумен туған елге құрметтеуді жанын қорғағандай дінін, отанын қорғау секілді құндылықтарды үйретуге де, отағасы жауапты болғаны. Бұл жөнінде Жүсіп Баласағұн бабамыз «Бала нені көрсе жастан ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген. Бала туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан алуы керек.

Алла нәсіп етсе, 25 қазан Республика күні сағат 11:00-де Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінде Тәуелсіздік жолында құрбан болған ата-баба рухына арналған хатым Құран дұғасы жасалады.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық беріп, жасап жатқан дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

  Азамат Берікұлы

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: