Құмар ойындарының зияндары

Құмар ойындарының зияндары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам діні адамдарды тек ғана жақсы істерге бұйырып, жаман істерден қайтарады. Сонымен бірге адалдық пен тазалыққа да үндейді. Сондай-ақ құмарлық, бұзықтық, зинақорлық сияқты тағы да басқа көптеген лас істерден тиылуға шақырады.

Алла Тағала адамзат баласына көптеген нығметтер нәсіп еткен. Мал-дүние де солардың қатарына жатқызылады. Адамзат баласы сол нығметтер үшін еңбектенеді әрі күтумен болады. Не болмаса оған қалай жету керек жолдарын да қарастырады. Біреулер адал жолмен тапса, басқа біреулері шариғат рұқсат етпеген жолдар арқылы төтесінен жол тартады. Солардың біріне құмар ойындарын жатқызуымызға болады. Өкінішке орай, соңғы кездерде бұл құмар ойын түрлері ел ішінде кеңінен етек алғандығына баршамыз куәміз.

Құмар сөзінің тілдік мағынасы "қатерлі" дегенді білдіреді. Шариғатта "Екі тараптың бір-біріне қатер келтіретін амалдары" деген мағынаны береді. Құмар ойындары Құран мен Сүннетте де және барлық ғалымдар шешімінде де арам (харам) амал деген үкімге кіргізілген. Құмардан табылған дүниені, ақшаны қолданудың, малының етін жеудің күнәсі өте ауыр болады. Не үшін дейтін болсақ, бұл жерде құмар ойыны ойнатылады, оның үлесі таратылып, еңбексіз ұтыстарға ие болады.

Құмар ойындары көбінесе тотализатор ойындарына, анық математикаға негізделеді. Есеп арқылы түрлі алдаулар мен қулықтар жүзеге асады. Адамдарды құмар ойынына тарту үшін спорт атын жамылғандарды да байқауымызға болады. Құмар ойынын жарнамалаудың өзі де күнә. Ел ішінде тотализаторлықпен шұғылданып жатқан түрлі компаниялар маркетинг пен жарнамаларға ең көп қаражат жұмсайтындардың қатарына жатады. Кейбіреулер осы нәрсеге өзі білмесе де атсалысып, (жарнамасын жприялап) нәтижесінде қаншама адам құмар індетіне шалдығып, құрдымға ұшырайды.

Құмардың зияндығы жайында төмендегі аяттарда баян етіледі: "Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар.

Негізінен шайтан, арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма? (Мәида сүресі, 90-91 аяттар)

Абдуллаһ ибн Масғұд р.ғ. айтады: "Егер сіз Алланың "Әй иман келтіргендер" деген сөзін естіген болсаңыз, онда жақсылап құлақ түріп тыңдаңыз. Өйткені, ол жерде қандай да бір бұйрық етілген жақсылық немесе тиым салынған жамандық бар". (Имам Бәйһәқи риуаяты).

Жоғарыда келтірілген аяттарда Алла Тағала екі нәрсені "арақ пен құмарды" лас әрі шайтанның ісі деп атауда. Бір сөзбен айтқанда бұл екі нәрсенің зияндары шаш етектен, әрі адамды өмірге жеңіл қарайтын етіп қояды. Қазіргі кезде құмардың да араққа ұқсап түр-түрі көбейіп кетті. Адам тапқан нәпәқасын әуелі өз отбасы үшін, өзінің тиісті орындары үшін жұмсауы керек. Егер одан артылған болса, онда қайырымдылық жолына жұмсағаны абзал іс. Ал бізде ше?! Дереу нәпсінің жолына (құмар, ұтыс, ысырпашылдық т.б.) жібергенді қалап тұрады. Төмендегі келтірілген риуаятқа көз жүгіртіп көрелікші; Әбу Һурәйрадан р.ғ. риуаят етілген хадисте Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір келіп: "Уа, Алланың Елшісі! Менде бір динар бар еді, қайда жұмсасам екен?" дейді.Алла Елшісі (с.ғ.с.): "Әуелі өзіңнің жанұяң үшін сарп ет!" дейді. Және тағы да бар еді, дейді әлгі кісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Өзіңе сауап боп жазылатын қандай да бір игілікті, қайырымдылық жолына жұмсағын",- деген екен.

Құмар ойынының зияндары өте көп, мысалыға айтар болсақ, Құмар ойынының салдарынан көптеген жанұялар ажырасып та жатады. Құмар ойынынан ешкім байып кетпейді, тек ұтыстар, ақшалар қолдан қолға өтеді, бар болғаны сол ғана... байқасаңыздар, құмар ойынынан ұтылып қалған адам қайта ойнағысы келіп тұрады, өш алғысы келеді, абыройын сақтап қалғысы және ұтылған нәрсесін қайтарғысы келіп тұрады. Білесіздер, ойында анайылық, ұят сөздер міндетті түрде орын алады.

Құран Кәрім тәпсірінде бір хикая келтіріледі. Ғалымдардың (құранды жинақтап жазушы) бірі айтады: "Мен Құран Кәрімді алпыс рет нұсқа көшірдім. Құранды көшіріп жатып ғажап бір нәрсеге куә болдым. Жазып жатқан аяттарыма шыбындар қонып, оның сияларын ішер еді. Бұл жағдай Құранның барлық жерлерінде (сүрелер мен аяттар) кездесті. Тек ғана Құрандағы бір аятқа келген кезде, ол аятқа шыбындар еш жақындамай қойды. Ол Ниса сүресінің 29-шы аяты еді".

"Әй мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа. Және бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. (Ниса, 29) Шыбын жайында болған бұл оқиға өзін жамандықтан (құмардан) тыя алмай жүрген әрбір адам үшін ғибрат болады деп үміттенеміз. Ғалымдарымыз өте жиіркенішті боп саналған құмар ойынын ойнап отырған қауымға сәлем берудің де өзі мәкрүһ деген екен.

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: