ҚҰРАН – ҚОС ДҮНИЕ БАҚЫТЫНЫҢ КІЛТІ

ҚҰРАН – ҚОС ДҮНИЕ БАҚЫТЫНЫҢ КІЛТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан республикалық байқау биыл Маңғыстау төрінде өтеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен он екінші мәрте өткелі отырған байқауға жастайынан құран жаттап өскен қарилар қатысады.

Қазір ғылым дамып, адамдардың ойлау жүйесі, таным-түсінігі де өзгерді. Негізгі мақсаты мен мазмұны өзгермейтін асыл дініміздің өркендеуіне әркім қолынан келгенше үлес қосуда. Құран Кәрім байқауының да жыл сайын өту себебі – ел мұсылмандары қара шаңырағының асыл дінімізді ұлықтауы, құранға деген құрметі деп білеміз. Өйткені қияметте Құран өзін оқыған, соған сай амал еткен және құрметтеген адамдарына шапағат етеді. Керісінше, оны оқымай, әмірін де орындамай, одан бөлек күмәнға түсіп, әріптерінен, аяттарынан кемшілік іздеген адамға қарсы куәлікке өтеді. Әрине, Алла Тағала мұсылмандарды ондай жамандықтан сақтағай!

Құран – Алла Тағаланың сөзі. Жаратушы Иеміздің ешкімнің құлшылығына, жалбарынғанына мұқтаж болмағаны секілді, Құран да әлдекімнің құрметіне мұқтаж емес. Қайта оны түсініп оқуға, шама келгенше жаттап алуға, оның әмірін орындауға біз, адамдар мұқтажбыз. Оны оқыған адам дүниедегі һәм ақыреттегі сан түрлі ауыртпалықтан қорғалмақ. Сондай-ақ осы дүниенің де, келесі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біз саған әр нәрсені баяндайтын және мұсылмандар үшін тура жол, мейірім және сүйінші ретінде Құранды түсірдік», – деген («Нахл» сүресі, 89-аят). Демек, адам баласы Құранды өміріне шамшырақ етер болса, Алланың қасиетті кәләмі тура жолды көрсетіп, Рахманның мейіріміне бөлеп, Жаббар иеміздің сүйіншісіне, яғни, жәннатқа жеткізеді.

Қазіргі кезде халқымызды ата дініміз Исламнан бөлектеп, тарихымызды қайта жазғысы келетіндер көбейді. Алайда Абай Құнанбайұлының «Әуелі аят-хадис сөздің басы...» деген өлең жолдары ата-бабамыздың да Құраннан алыс болмағанын аңғартады. «Атың шықпаса, жер өрте» демекші, Құран кітаптарын өртеп, әлем назарын өзіне аудартып отырғандардың да әрекеттері исі мұсылманның жанына батып, көңіліне қаяу салды. Әйтсе де, сабырлық сақтап, дініміздің өркендеуіне мейлінше ат салыса беруге тиіспіз. Өйткені қанша жерден кітап өртеп, дінді қараласа да, мұсылмандардың жүрегіндегі сенімді өшіре алмайды. Сеніміне селкеу түсіре алмайды да. Бұл жөнінде Алла Тағала: «Шүбәсіз осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз» («Хижр» сүресі, 9-аят) дейді.

Ертеде қылышынан қан тамып тұрған советтік кезеңде елімізде қаншама мешіт ойрандалып, қиратпағанын басқа мақсаттағы нысанға, қоймаларға айналдырғаны белгілі. Бірақ соның өзінде халық тұтастай діннен алыстап, құраннан мақрұм қалмады. Қайта қысымның қатты кезінде бабаларымыздың Құдайға деген сенімі күшейіп, ғибадатын тоқтатпады. Мешітінің күл-талқанын шығарса да, көңіліндегі бір Аллаға деген махаббатты сөндіре алмады. Өйткені ол жүрек орналасқан кеуде Құран нұрымен нұрланған еді. Бәлкім өзі қари бола алмаған шығар, оған өмір сүрген кезеңі де мүмкіндік бермеді. Десе де, келешек үшін дұға тілеп, ұрпағының ізгі адамдардан болуын Жаратқаннан сұрады.  

Елдің азаттығын аңсап, бірақ өзі егемендікке есен жете алмаған қайран бабалардың дұғасы қабыл болды, арманы орындалды. Мінеки, құран байқауына қатысқалы отырған қарилардың дені жасөспірім, яғни мектеп жасындағы балалар. Әуелде Алаш қайраткерлері, ұлт зиялыларының басым көпшілігі жасында молдадан хат танып өскенін ескерсек, Құранды жаттап алған балалардың арамызда өсіп жатқаны көз қуантады. Діни басқарма дәстүрге айналдырған қарилар байқауының жүлде қоры да жыл сайын ұлғайып келеді. Қомақты жүлде тағайындалған байқау да осындай қари баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға айтарлықтай көмек болары сөзсіз. Бұдан бөлек, қарилар байқауында ерекше көзге түскен балдырғандардың Рамазан айында еліміздің еңселі мешіттерінде Құран хатымға өтуі де көңіл сүйсіндірді. Бастысы, Алла Тағала қари жастарымызды тіл-көзден сақтасын, дендеріне саулық берсін. Рамазан айында Құран хатымға шыққан жас қарилардың әкесінің қолын алып, дұға сұраған жамағатты да көрген едік. Бұл да Құранға, қариға, оны дайындаған ұстаз бен ата-анасына деген құрмет деп түсінеміз. Яғни, жеткіншек қариларға қарап, «біздің де баламыз қари болса ғой» деген арман мешіт жамағатының көкейінде жылт еткені анық.

Ел ішінде «Балаңызға Құран үйретсеңіз, қалғанын Құран өзі үйретеді» деген сөз бар. Құран оқып жаттағаннан пайда көрмесе, зиян көрген ешкім жоқ. Өйткені Құран жанға дауа, дем салғанда дертке шипа, құлазығанның рухын көтеріп, білім іздеген адамға ілімнің қайнар көзі. Ол адам баласын екі дүниеде де тек бақытқа кенелтеді. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды өзі үйреніп, өзгеге үйреткендерің» дейді. Осы тұста қарилар дайындап жүрген ұстаздарға да айрықша алғыс білдіреміз. Екі дүние бақытының кілтін өзінде ғана ұстамай, өзгелерге де бөліп беріп жатқан оларға да зор денсаулық тілейміз. Қари жастарымыз жаттаған Құранын ешқашан ұмытпай, зейінді болып өсе бергей!   

Әнуар қажы ІЗІМБАЙҰЛЫ,

Маңғыстау облысының бас имамы  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: