Ғайбат айтудың зардабы

Ғайбат айтудың зардабы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ғайбат дегеніміз «адамның сыртынан сөз айту» дегенді білдіреді. Құран Кәрімде мұсылмандардың бір-бірінің сырттарынан ғайбат сөз айтып, бір-бірлерін мазақ қылуға қатаң тыйым салынған. Ғайбат, өсек айту өлген бауырының етін жегендей үлкен күнә болып саналады. Ғайбат – біреудің сыртынан жағымсыз, жарамсыз сөз айу. Демек, бір адамның бойындағы кемшіліктердің басқа біреуге оның сыртынан айтылуы. Мұсылман ғайбат сөз бен нақақ айтылған өсектен аулақ болуы керек. Өйткені, ол ислам дінінің ғайбат айтуды құптамайтынын жақсы біледі. Хакім Абай адамзаттың бес дұшпанының бірі санаған өсек, ғайбат айту қай заманда да өзекті, маңызды күйінде қалып келеді. Бұл жағымсыз қылықты Ислам діні үлкен күнәлардыңқатарына жатқызса да, арылуға асыққан адамдар қатары сирек. Тіпті, уақыт озған сайын Аллаға жақпайтын қасиеттің, адамға жақсылықәкелмейтін әдеттің түр-түрі пайда болып, түндігін кеңге жая түскенін жасыра алмаймыз. Сондықтан да Ардақты Елші Пайғамбарымыздан (с.а.у) бастап, қазіргі ғұламаларға дейін бұл тақырыпта уағыз, насихат айтудан шаршап, жалыққан емес.

  «Басқа бәле – тілден» деген қазақта керемет мақал бар. Ауыздан шыққан әрбір сөзді жазып алатын періштелер бар екендігін біз ешқашан жадымыздан шығармауымыз керек. Жаратқанның құзырына барғанда бұл сөздер кітап болып оның алдына әкелінетіндіктен, адам «сөйлесе, жақсы сөз сөйлесін, жақсы сөз сөйлемесе, үндемесін» - хадисіне амал етуі ләзім. Кейбір замандастарымыз ғайбаттан сақтанған болып, «Одан да бетер нәрселері бар. Бәрін айта берейін десем, ғайбат бола ма деп қорқамын» дейді. Ал шындығында, бұлай сөйлеу – ашық  айтылған ғайбаттан да ауыр күнә. Ғайбат пен өсек-аяң адамның нәпсісін семіртеді. Олар өздері  ғайбаттаған адамдарының күнәларын істемейміз деп ойлайды да өзін басқалардан жоғары санайды. Алайда, арада көп уақыт өтпей-ақ сол күнәні өздері де жасағанын байқамай қалады. «Есепке тартылмай тұрып, өздеріңді есепке тартыңдар» деген хадис те бекер айтылмаған. Махшар таңындағы машақаты мен қайғысы мол күнді еске ала отырып, амал дәптеріміздің беттерін адамдардан кешірім сұрап, тазалап алғанымыз жөн.

   Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: «Миғражға шығарылғанымда қолдарында мыс тырнақтары бар, оларымен беттері мен кеуделерін тырнап жатқан адамдардың қасынан өттім. Сонда мен: «Уа, Жебірейіл! Мыналар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар адамдардың ар-намыстарына тиіп, олардың етін жегендер», – деді».  

   Алла елшісі (с.а.у) өзінің үмбетіне бір-бірлерінің сырттарынан жамандап, жәбір көрсетуге қатаң тыйым салып, одан сақтандырған.  Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алланың елшісі (с.а.у): «Уа, тілімен иман келтіріп, иманы жүрегіне жетпегендер, мұсылмандарды жәбірлемеңдер, балағаттамаңдар, олардың кемшіліктерін іздемеңдер! Шындығында Алла мұсылман бауырының кемшілігін аңдығанның өзінің кемшілігін аңдиды. Ал Алла кімнің кемшілігін аңдыса, ол үйінің ортасында жасырынып отырса да масқарасын шығарады», – деді». Бірде Алланың елшісі (с.а.с.) сахабаларынан: «Ғайбаттың не екендігін білесіңдер ме?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Алла мен Оның елшісі білер», – деседі. Сонда Алланың елшісі (с.а.у): «Ол – бауырың туралы сыртынан ол ұнатпайтын түрде еске алып айтуың», – дейді. Бір сахаба: «Ал сондай сипат оның бойында болса ше?» – деп сұрайды. Сонда  Алла елшісі  (с.а.у): «Егер ол сен айтқандай болса, оны ғайбаттаған боласың, ал егер олай болмаса, жала жапқан боласың», – деп жауап береді.

    Ғайбат етілген адамның денесінде, тегінде, мінез-құлқында, жұмысында, сөзінде, дінінде, дүниесінде, киімінде, үйінде, тіпті жануарларында болған бір кемшілігі артынан айтылса, яғни ол адам бұны естіген жағдайда ренжитіндей сөз айтылған болса, ғайбат болады. Естігенде ренжитін сөзді бетіне айту да күнә болып табылады. Астарлап айту, ишарамен, әрекетпен білдіру, жазумен білдіру де сөзбен айту сияқты ғайбатқа жатады.

   Бір күні Алла елшісі Мұхаммед Мұстафа (с.а.у) жаңа жерленген екі қабірдің басынан өтіп бара жатып: «Қазір олардың қабірлері отқа толтырылды, азап ішінде жатыр. Айғайлаған дауыстарын адам мен жындардан басқа барлық махлұқ естиді. Егер сыр сақтай алғандарыңда еді, менің естігендерімді сендер де еститін едіңдер. Бұлардың біреуі зәрден сақтанбайтын еді, екіншісі адам етін жейтін еді (ғайбат ететін еді),-деді».

  Пайғамбарымыз (с.а.у) көптеген хадистерінде қоғамдық өмірімізге зиянын тигізіп, адамдар арасындағы жақсы қатынастарға балта шабатын әрі ақыреттік өмірімізде ауыр азапқа душар ететін – ғайбаттан аулақ болу керектігін үнемі үмбетінің есіне салып отырған. Адамдарды пенделіктен арылтып, кемелдікке бастау үшін жіберілген ислам діні қоғамдық өмірдегі бірліктің берекесін қашырар жаман мінездерден ұзақ болуды насихаттайды. ислам дінінің бұған қаншалықты мән бергенін жете түсіну үшін, Пайғамбарымыздың бұл мәселеде айтқан ескертулері мен тыйымдарына назар аударған жөн. 

Мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, адамның сыртынан долбарлап әңгіме айту опық жегізетін жаман қасиет. Алланың елшісі (с.а.с.) болжаммен әңгіме айтуға тыйым салған.  Раббымыз бізді рас сөз сөйлеп, өсек-ғайбаттан аузына алмайтын шынайы мүміндерден қылсын.  Өлі адамның етін жеумен тең болатын үлкен күнәдан – ғайбаттан сақтасын деп Алладан жарылқау тілейміз.

Ахат Қайыпбергенұлы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: