Рамазан -рухани жаңару айы.

Рамазан -рухани жаңару айы.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жерді мекен еткен аң мен құстың, барлық тіршілік иесінің жыл мезгілдерінде жаңару, түлеу,өзгеру үрдістерін бастан кешіретіні белгілі.Ал, Алла тағаланың адам баласына берілетін шексіз нығметі, теңдессіз сыйы саналған ораза - кір,ластан үстімізді тазалағандай, рухымызды күнәлардан тазалайды.Тек қана тазалаумен шектелмейді, күнәдан, жағымсыз сипаттардан сақтайды. Ата-анадан жанадан туылғандай пәк таза күйде рухани кемелділікке жетеді. Рамазан сол үшін де құңды да қасиетті.Бұл айда адамзатқа Алланың мейірімі рахымы кеңінен жауады. Рухани құңдылыққа бай,Алланың шексіз мейрімінен жаралған Рамазанның бағамын білмеу ол ең үлкен әбестік.


Ол туралы Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С бір сөзінде былай дейді. Маған Жебірейл Ғ.С келді де: Ей,Мұхаммад с.ғ.с ата-анасы қолында қартайып тұрып,(олардың разылығын таба алмай) тозаққа түскен кісі Алладан алыс қалсын деді. Мен амин дедім. Ей,Мұхаммад с.ғ.с Рамазан айы келіп тұрып, кешірім ала алмай тозаққа түскен кісі Алладан алыс қалсын деді. Мен амин дедім. Ей,Мұхаммад сенің атын аталып тұрып, саған салауат айтпай тозаққа түскен кісі Алладан алыс қалсын деді. Мен амин дедім.(Жабир ибн Самраттан Имам Табарани жеткізеді)


Бұл хадистің құндылығы періштелердің ұлығы әрі ең құрметтісі Жебірейл Ғ.С мен адамзаттың мырзасы Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С арасындағы сұхбаттың қамтуында болып тұр.Екеуінде шүбәсіз жалған сөйлемейтіні,не әсерлеп ойынан еш нәрсе қоспайтынындығы айдан анық. Демек бұл жердегі қозғалған тақырыптар ол шүбәсіз өте маңызды. Сондай-ақ бұл хадистегі екі әлемнің елшілерінің арасындағы сұхбат жай ғана сұхбат ғана емес, мүлтіксіз қабыл болатын бірін-бірі қостаған ең шыншыл ізгі құлдардың дұғасы. Сонымен қатар ол дұға жай дұға ғана емес, мүлтіксіз қабыл етілер қарғыс дұғасы. Бейне бір бұл құндылықтарды ұғынып, бағамына жете алмағандардың обалы өзіне дегендей.


Бұл хадистің қозғаған өзекті тақырыптарының бірі - ол Рамазан оразасының игілігі. Ол айда әрбір кісіге Алланың мейірімі түседі.Кешірім есіктері кеңінен ашылады.Тозақ есіктері түбегейлі жабылады. Жаннат дарбазалары мен мұндалап көрініп, өзіне шақырады. Зұлым мен бұзғыншылыққа бұғау салынып, жын-шайтандардың аяқ-қолы кісенделеді. Күнәнің тынысы тарылып, сауаптың салмағы артады. Бір сауабын мыңға татиды. Күнәң кірдей шайылады. Алла әр құлын осы арқылы әр Рамазанның күнімен түнінде мейіріміне алып, тозақтан құтқарады. Осыншалық Алланың ерекше мейрімі түсер айда, мүмкіншілігімізді пайдалана алмай құр жіберіп алудан артық ақымақтық іс болмайды. Осының жақсы ұғынған Алланың ардақты шыншыл елшілері Жебірейл Ғ.С мен Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С Алланың шексіз төгілген мейірімінен ең болмаса түйірдей үлес ала алмағанның обалы өзінде деп жар салуы ақиқи шындық.


Бүгінде Рамазан айын әркім әртүрлі қарсы алып,әрқилы шығарып салады.
Алланың Елшісі С.Ғ.С айтады: Мүміндерге Рамазан игіліктер әкеледі. Ал екіжүзділерді қасіретке жолықтырады. Себебі мүміндерге бұл айда құлшылық жасауға мүмкіншілікпен күш-қуат беріледі. Ал екіжүзділерге керісінше әсер етеді. Олар мол сауаптардан ғапыл қалады. Не өзгенің кемшілігін іздеумен әлек болады. Мүмін олжа алады. Ал күнәһарлар керісінше олжаланады. (Хадисті Абу Хурайрадан имам Ахмад жеткізеді.)


Басқа бір хадисте Алланың Елшісі С.Ғ.С былай дейді. Рамазан айының алғашқы кеші кірісімен жындар кісенделіп, шайтандар бұғауланады. Тозақтың есігі жабылып, бұл айда ол ашылмайды. Жаннаттың есігі ашылып, бұл айда ол жабылмайды. Дауыстаушы:Ей,жақсылыққа ұмтылушы,табысқа жет! Ей жамандыққа ұмтылушы, аяғыңды тарт.-деп дабыстайды.Сөзсіз оның әрбір түні тозақтан құтылу. Бұл рамазан айы біткенше жалғасады. (Хадисті абу Хурайрадан имам Тирмизи жеткізеді.)
Бұл айда жақсылыққа ұмтылып игілікке жететіндер кімдер? Немесе қадірін ұғына алмай құрдымға кететіндер кімдер? Осы топтың қайсысына біз тиеселіміз ақыл салып көрейік. Жақсылыққа ұмтылғандардың әуелгілері; олар Құранда келтірілген шынайы (насуха) тәубені қылғандар.Өйткені бұл ай Алланың шексіз талғамсыз кешірім есіктері ашылатын ай. Сол үшін де бұл айда Аллаға күнәсі үшін шын өкінген жан Алланың рахымынан құр қалуы мүмкін емес. Тәубе қылушылар шүбәсіз бұл айда табыс белесіне шығып, үлестің ең қомақты бөлігіне ие болады.


Сосын Рамазанға ықылас қойып, ол айда атқарылар барша құлшылықтардың оразаның, иғтикафтың, тарауықтың, пітір садақаның, умра қажылығының үкімдерін білгендер немесе білгісі келгендер. Алланың Елшісі С.Ғ.С ; Ілім алуды да әр мұсылманға парыз деген. Сол үшін де ғылымды бұл айда үйренгендермен үйреткендер де табыс табушылардан болады.


Сондай-ақ осы айда табыс табушылар, Алланы еске алуға көбірек көңіл бөлгендер. Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С үйреткен дұға, зікірлерін жаттау және ол дұғаларды тиісті орнына пайдалана білу, әсіресе Рамазан айына қатысты дұғаларды ұтымды түрде қолдану. Мысалға Рамазан айын көргенде,құбылаға қарап тұрып:


Аллаһу акбар. Аллаһумма аһиллаһу алайна биламани уал иман , уассаламату уал ислам, уаттауфиқу лима тухиббу уа тардо,Раббана уа роббука Аллаһ- деп айту.


Дұға қабыл болатын кездерді қаперімен шығарып алмау. Алланың Елшісі С.Ғ.С: Кісі оразасын ашқанда, шөлі қайтады, терге шомылады, сонымен қатар сыйлығы беріледі. Сол үшін сыйлығы берілетін кез ауызашар уақыт. Сол мезетте оның алар сыйлығы дұғасының қабыл болуы болмақ. Ол туралы Алланың Елшісі С.Ғ.С.- Ораза ұстағанның ауызашарда қылған дұғасы кейін қайтарылмайды -деп айтқан.( хадисті Абдулла ибн Умар ибн Астың жеткізді).Демек сол дұға шүбәсіз қабыл болатын ауыз ашар уақытына ұқыптылық таныту табысқа жетудің бір жолы.


Сондай-ақ бұл айда табысқа кенелушілердің қатарына барша ізгі амалдарда жарысқандарды кіргізе аламыз.Мысалға олар Рамазан кіріспесі ретінде шағбан оразасын тұтқандар.Айша анамыз А.р.б айтады.- Мен Алланың Елшісі С.Ғ.С -ның Рамазаннан басқа ешбір айда дәл шағбан айы сияқты толық ораза ұстағанын көрген емеспін. Немесе Құран оқуды көбейткендер. Өйткені Рамазан ол Құранның айы, бұл айда Құран оқу, жаттау, аяттарының түсіндірмесін үйрену, ойлану, зерде қою, өміріне қойып, амалға асыру өте қажетті зәру болынған іс.Әр жылы Рамазан айында Жебірейіл Ғ.С Құран аяттарын Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С бір рет қайталап оқытқызатын.

 

Тек соңғы қайтыс болар жылы ғана екі мәрте қайталатқызған.Осман А.р.б болсын Рамазан айының әр күнінде Құранды толық оқып шыққан.Кейбір сахабалар үш күнде бір рет,кейбірі аптасына,кейбіріне әр он күнде Құранды толық оқып шығып отырған.Имам Шафиги Рамазанда Құранды алпыс мәрте қатым еткен.Имам Қатада әрбір үш күнде Құранды хатым етіп отырған.Суфиан Саури Рамазан айында бүкіл құлшылықтарын қойып,тек Құран оқуға ғана кірісетін.Тағы бір ізгі амал;ол тарауық намаздарына тұру, Абу Хурайра А.р.б айтады ; Алланың Елшісі С.Ғ.С бізді Рамазан айындағы түн намазына тұруға басқа еш нәрсеге шақырмағандай қызықтырып шақыратын.Сосын айтатын; "Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса және сауап үмітімен өткізсе, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі."-деп.Алланың Елшісі С.Ғ.С -нан бір кісі келіп, Я, Алланың Елшісі ,Мен Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне куәлік етсем, сондай-ақ сені Алланың Елшісі екендігіне сенсем, намаз оқып,ораза тұтсам, Рамазан айын құлшылықпен өткізсем(тарауық намазын оқыдым),Зекет,садақамды берсем қалай болады?-деп сұрады.


 Алланың Елшісі С.Ғ.С ;- Кімде-кім сен айтқан нәрселерде өмір сүрсе,ол қиямет күні шейіттермен шыншылдармен бірге болады.деді.


Сондай-ақ Тарауық намазының қадір қасиеті сондай,ол түн намазының орнына жүреді. Яғни тарауық намазын оқыған кісі,бейне бір түні бойы құлшылық жасағандай сауап алады.Абу Зардан А.р.б Біз Аллаһтың Елшісі С.Ғ.С бірге Рамазан оразасын ұстаған едік.Айдың жетінші бөлігі қалғанға дейін біз түн намаздарына(тахаджудқа)тұрмадық.Жетінші бөлігі өткен күні түннің үштен бір ауып кетті,біз ол түні де оқымадық.Бұл үрдіс алтыншы бөлігінде де жалғасты.Бесінші бөлігі болған түні,түннің жартысы ауды.Біз; -Я, Аллаһтың Елшісі С.Ғ.С ,бұл түні қалған түндерде жіберіп алғанымыз бізге толтырсаңыз еді -дедік.Ол С.Ғ.С; -Кімде-кім имаммен бірге бітіріп, тарағанға дейін намаз оқыса(яғни құтпан,тарауих намаздарын),Аллаһ оған түні бойы намаз оқығанның сауабын жазады.


Біз сол күні де түн намазына тұрмадық.Айдың үшінші бөлігі болмайынша біз түн намазын оқымадық.Үшінші бөлігі күні ол С.Ғ.С жанұясы,әйелдерінің басын қосты.Біз фалахты өткізіп алармыз деп қорықтық.Мен сұрадым; -Фалах деген не?-деп.Ол; Сәресі-деп жауап берді.
Абу Хатим айтады.Абу Зар өз сөзінде Рамазанның өткен күндері емес,соңғы он бөлігі туралы айтып отыр. Яғни алтыншы бөлігі дегені жиырма тоғыздан қалған жиырма төртінші түні.Ал бесінші бөлігі дегені жиырма тоғыздан қалған жиырма бесінші түні.


Сондай-ақ табысқа кенелушілер, олар садақаны көп жасағандар.Садақаны бір көркем түрі,тағам тарату,ауыз ашар беру.Алланың Елшісі С.Ғ.С айтады; Ораза ұстағанды тамақтандырған, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады, әрі ораза ұстаушының сауабы кемсітілмейді."Тіпті дүниеге мұқтаждық болса бір түйір құрма,бір жұтым су болса да садақа жасау табысқа кенелтеді. Алланың Елшісі С.Ғ.С : Тозақтан құтылу үшін,жарты құрма садақа жасасаңдар да,тозақтан құтылыңдар:-дейді.Ал ауызашардың сауабы ол тойдырып тағам беру емес,ол алғашқы жұтым су мен құрма не тағаммен-ақ беріледі.Сол үшін ораза ұстаған кісіге бір жұтым су берсең де,Рамазан игілігінен үлес алып қалудың зор бір мүмкіншілігі.Алланың Елшісі С.Ғ.С айтады; -Шындығында жаннатта бір бөлмелер бар.Сыртынан іші,ішінен сырты көрінеді.Алла Тағала оны тағам бергенге,жұмсақ сөздіге,оразасын үзбей ұстағанға,ел ұйықтап жатқанда намаз оқығанға даярлап қойған..Немесе басқа бір хадисте;Кімде-кім аш бір мұсылманды тойдырса,Алла оны жаннат жемістерімен тойдырады.Ал шөл қысқан мұсылманға су берсе,Алла оны жаннатта Рохихум махтум шарабынан сусындандырады, -деп айтады.


Осы құндылықтардың бағамын білген ілгері өткен ізгі кісілер,оразасын жетім,міскін мұқтаж кісілермен бірге отырып ғана ашатын.Тіпті өздері аш болса да,өзгелерге қызмет қылып жүріп,аш қалған кездері де көптеп кездесетін болған.Оларға мысал ретінде әйгілі Абдулла ибн Умарды,Малик ибн Динарды,Хасан Басриді,Ибн Мүбарак т.б ілгергі өткен ізгі кісілердің өмір жолын мысал етсек болады.
Сондай-ақ Рамазан айында табысқа кенеліп,үлес алушылар,олар таң намазынан соң мешітте отырып,күн шыққанша Алланың еске алушылар. Алланың Елшісі С.Ғ.С айтады.-Кімде-кім таң намазын жамағатпен оқыса,сосын күн шыққанша мешітте Алланың еске алып отырса,сосын екі бас намаз оқыса,ол кісіге қажылықтың,үш мәрте толық өтелген умраның сауабын нәсіп етеді.Ақыл қойсақ бұл да бір оңай жолмен табылатын Рамазан игіліктерінің бірі.


Тағы бір Рамазанның игілігі;ол соңғы күндері мешітте иғтикаф құлшылығын жасау. Алланың Елшісі С.Ғ.С әр жылы Рамазанның соңғы он күнін мешітте иғтикаф құлшылығымен өткізетін.Ал қайтыс болар жылы Рамазанның соңғы жиырма күнін иғтикафпен өткізгендігін тарихшы ғалымдар келтіреді.
Сондай-ақ Рамазанда қадірі артар ізгі амалдардың бірі: ол умра қажылығы.Ол туралы Алланың Елшісі С.Ғ.С; Рамазан айы кіргенде умра жасаңдар.Ақиқатында Рамазан айындағы умра қажылығы үлкен қажылыққа теңеседі.Немесе менімен бірге қажылық қылғанға ұқсайды.-дейді
Сондай-ақ Рамазан айының үлкен бір игілігі ол қадыр кеші.

 

Ол сауабы мың айға татырлық қадірлі де қастерлі түн.Бұл түнгі берілер игіліктер бір кісінің өмір бойы жинаған сауабынан да мол,толассыз ахирет қазыналарына толы.Сол үшін де бұл түнге ұқыпсыздық көрсету,немқұрайлы қарау ең үлкен өміріндегі ұтылысын.Алайда бұл түннің қиыншылығы ол беймәлім,отыз күндік Рамазан айының ішіне жасырылынған түн.Қосымша ескертпелер айтылғаны болмаса,яғни,көбінесе соңғы он күндігінде қадір түні кездесуі мүмкін деген.Жалпылама сырлы дүние.Әрбір мұсылман кісі Рамазанның әр түнінен үміт етіп,осы қадір түнін іздеуі оның үлкен ұтысқа ие болғандығын білдіреді.Өйткені Алланың Елшісі С.Ғ.С ; -Кімде кім оны(қадір түнін) іздеумен өткізсе және оған жолықса,оны ілгергі кейінгі күнәлары кешіріледі.-дейді.Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С қадір түніне іздеуді сахабаларына бұйыратын.Соңғы он күндерінде ол кісі көбірек көңіл бөлетін.Сол үшін иғтикаф жасайтын.Түн ортасында тұрып отбасын оятатын,құлшылыққа қызықтыратын.


Сондай-ақ бұл айда ұтысқа ие болудың бір жолы,қосымша нәфіл амалдарды,мысалға намазды көбірек оқу.Дүха намазы,тасбих намазы т.б дұға зікірлер.Сондай-ақ мешітте жамағат намаздарына қатты көңіл бөлу.Өйткені бұл айдағы нәпіл амалдар сауап тұрғысынан парыз деңгейіне өседі.Ал парыз амалдар жетпіс есеге артады.Мысалға осы айдағы жасалған үмра қажылығы сауабы жағынан үлкен қажылыққа теңессе,ал берілген парыз зекеттер жетпіс есеге артады.Сол үшін де ілгергі кісілер Рамазандағы осы мүмкіншілікті оңтайлы пайдаланған.Зекеттерінен құтылып,қосымша құлшылықтарға көбірек көңіл бөлген.


Ал қиямет күні осы сияқты немесе осыдан басқа да келген Рамазан игіліктерін ұтымды орнымен қолдана алмаған кісілер,қатты опық жейді.Осынша берілген мүмкіншіліктердің ең болмаса бірін де қолдана алмағаны үшін бармағын шайнайды. Алланың Елшісі С.Ғ.С айтқанындай өз обалы өзіне болады.


Алланың Елшісі С.Ғ.С бір сөзінде; -Менім түсімде маған екі кісі келді де,қолымнан жетектеп әкетті.Биік бір таудың түбіне келдік.Ол маған көтеріл деп айтты.Мен; бұл тауға шыға алмаймын деп айттым.Олар маған біз саған көмектесеміз?-деді.Таудың биік бір бөлігіне шыққан кезде,мен жантүршігерлік дауыстарды естідім.Мен ; - бұл кімдердің дауысы?- деп сұрадым.Олар; - бұл тозақ егелерінің жанайқайы.-деді.Сосын жүре бере бір қауымды көрдім.Жақтары тілінген,тізелерінен қапсарылып байланған,ауыздарынан қан ағып тұрған.Мен бұлар кімдер деп сұрадым.Олар; -Оразаларың уақыты келмей ашқандар.-деп жауап берді.


Жантүршігерлік жағдай,оразасына ықылас танытпай ұқыпсыздық қылған кісілердің өзінің жазасы осылай болса,онда үзірсіз ораза ұстамағандар туралы не айтуға болады.Алла оларды кешірсін.
Сол үшін де Рамазан айы келіп тұрып,себепсіз оразасын ұстамағандар,нәпсісінің жетегінде шегілгендер,азғырушы жын-шайтандар бұғауланып,күнәнің қызығы қалмаса да,соған ұмтылып,күнаға батқандар қатты опық жеп өкінеді.Не ораза ұстаса да мақсатын бұзып,дүние пайдасы үшін,(диета,денсаулық,елдің қөзқарасы үшін) ораза ұстағандар.Ораза ұстап,ішіп жемнен тиылса да оғаш жағымсыз әрекеттерінен тиылмағандар.Елмен бас сала ұрсып,жанжалдасып,қала берсе,көзін баспай,тілін тартпай өсек-аянға,сөз тасуға,шағыстыруға құмарту ол үшін Рамазан айының қадірін қашырады. Ол ораза ұстаса да ұтылысқа ұшырайды.


Қадірлі мұсылман жамағаты!Алдымызда келе жатқан Рамазан айы құтты болсын.Елімізге береке,ауызбіршілік әкелсін!Рамазан айында ұтылғандардан емес, ұтқандардан болуды Алла нәсіп етсін!


Жуалы ауданының бас имамы Кенжемолдаев А Р

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: