Жұма – ұлық күн. Мекке – пайғамбарлар ізі қалған, күллі мұсылманның намазда бет түзейтін Қағбасы бар қасиетті қала. Қасиетті жұма күніндегі жұма намазын осы қасиетті қала – Меккеде өтеуді Алла нәсіп етті.








«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» дегеннің мәніне бұрын бойламайтынбыз. Балалық болар. Енді «өз еліңнің қадірін өзге жерге барғанда білесің» дегенді айтқымыз келіп отыр. Біздің Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» университетіне келген араб ұстаздар: «Сендер жер бетіндегі жәннат мекенде тұрасыңдар. Қыста қардың қызығын көресіңдер, көктем, жазда жаңбырдың рахатына бөленесіңдер, жерлеріңде жемістің бәрі өседі. Алланың төрт мезгілін көресіңдер», – деп таңданады екен. Осы сөз жолай ойға оралған соң тақырып арасына «тықпылап» жатқанымыз ғой.
Ойға шомып жатқанда мешітке де аңдап қалыппыз. Қажылық маусымында қызметке тартылған тәртіп сақшылары, жол полициясы келген мұсылмандарды тек «қажы» деп ишарат жасайды. Құрмет білдіргені деп білеміз. Намаз уақытына бір жарым сағат бұрын барсақ та іште орын жоқ екен. Мешіт ауласында оқуға тура келді. Күн тас төбеде. Хадисте айтылғандай, әл-Харам мешітінде оқылған намаздың сауабы өзге мешітте оқылған намаздан 100 мың есе артық. Сауаптын құр қалсын ба? Күннің ыстығы, басқасы, қолайсыз жағдайлар мұндайда еленбейді. Намаз қабыл болса құп. Қалғанына шыдауға болады. Шыдаймын деп денсаулығы сыр беріп қалғандар да кездеседі.
«Сабыр» деген сөзді көп жағдайда ашуланған кезде айтамыз. Сабырдың да сан түрі бар екен. Соның бірі – құлшылықта сабыр ету. Жаратушыға жақындау үшін құлшылықтағы қиындыққа сабыр етуге тура келеді. Жан мен тәннің қиналғаны – сауаптың жиналғаны. Сауап жинауда шек жоқ. Бір қызығы, әлгі тәртіп сақшыларының айналасындағы адамдардың басына арнайы құрылғымен су бүркіп жүр. Сәл де болса салқындасын деген ниеті ғой. Сол ниеті үшін де ішің жылып қалады екен. Әйтпесе, бір-екі тамшы су 45 градус ыстықта не рөл ойнайды дерсіз. Жоқ. Ниет амалдан қайырлы. Бәрі ізгі ниеттен бастау алмақ.
45 градус ыстықта намаз өтеп, су тер болған жамағаттың құлшылығы қабыл болғай деп тілейміз.
суреттерді түсірген - Қайсар Тұрлыбеков
Мекке шаһары