Ер баланы сүндетке отырғызу Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Бұл жөнінде хадисте: Алла Елшісі Хасан мен Хусейн туылғаннан кейін жетінші күні оларды сүндетке отырғызды», - деген. (Әл-Муджам ас Сағир ат-Табарони).
Әбу Һұрайра (р.а.) жеткізген хадисте адам жаратылысының табиғи қажеттілігі ретінде мына бес нәрсе: сүндетке отыру, мұртты басу, қолтық пен ұятты жерді түктен таза ұстау, тырнақ алуды атаған.
Дініне бекем қазақ халқы ұлын 3 не 5 жасында сүндеттеп, мүмкіндігінше ағайын туысын шақырып, дастархан жайған. Ал жағдайы бар бақуаттылары ұлан-асыр той жасап, ат шаптырып, көкпар тартқызған. Демек, алаш жұрты Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне амал етті деп айтуға толық негіз бар.
Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген осы бір игі дәстүрін бүгінгі дамыған медицина да қуаттап, пайдалы екенін алға тартуда.
Осы орайда, Меркі аудандық аурухана әкімшілігінің ұйымдастыруымен аудандағы қарапайым отбасылардан шыққан балаларды тегін сүндеттеу рәсімін өткізді.
Сүндетке отырғызу науқаны туралы аурухана әкімшілігі алдын ала хабар беріп бір күнді белгілеген. Сол күнге үлкен іс-шара ұйымдастырып, 62 баланы тегін сүндетке отырғызып, балаларға сыйлықтар табыстап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Шараға аудан имамы Азамат Берікұлы қатысып, Құран оқып, сүндетке отырғызудың шариғаттағы маңыздылығын атап өтті.
Ата-аналар мен шараға қатысушылар аудандық аурухана қызметкерлеріне өз алғыстары білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі