Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен онлайн Төралқа мәжілісі өтті. Мәжіліске Діни басқарма қызметкерлері мен облыс бас имамдары қатысты.
Күн тәртібі бойынша ҚМДБ Төрағасы ең алдымен елімізде жаңадан ашылатын мешіттердің атауына байланысты бөлім меңгерушісі Марат Жаппасбаевтың ұсынысын тыңдап, дауысқа салды. Мәжіліс барысында 10 жаңа мешітке атау бекітілді.
Сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталды. Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сүйерқұлұлы 2022-23 оқу жылын қорытындылап, есебін жеткізді. Бөлім меңгерушісінің сөзінше биыл Түркиядағы Хасеки институтына 23 шәкірт қабылданған. 9 медресе-колледжді 371 түлек, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетін 245 студент бітірген. Аталған оқу орнының 93 шәкірті толықтай жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ еліміздегі 9 медресе-колледжде шәкірттерді жаңа оқу жылына қабылдау жалғасуда деді Смайыл Сейтбеков.
Мәжіліс барысында Астанадағы имамдардың білімін жетілдіруге арналған Хусамуддин әс-Сығанақи институтының атқарған бір жылдық жұмысы қорытындыланып, жаңа оқу жылына дайындығы турасында институт директоры Бағдат Маханұлы толық баяндап өтті.
Жиын соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ұжымның ұсыныс пікірін тыңдап, бөлім басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.