Шу ауданы Белбасар ауылдық "Хати Сауранбай" мешітінің ұйымдастыруымен Құрбан айт мерекесі дүбірлі той болып думандатып аталып өтті. Гір тасын көтеру, арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу бойынша ұлттық ойындар жасалып, ауыларалық құрамалар футбол турнирінде сайысқа түсті.
Сонымен қатар облыстық деңгейде күрес додасы болды. Спорттық ойындарда мықтылар білік сынасып, Шу ауданының бас имамы Бахтияр Амиреев пен өңірдің құрметті азаматтары, спорт бапкерлері қазылық етті.
Мешіт имамы Бақыт Серікұлының ұйытқы болуымен жасалған спорттық сайыстан соң 500 адамға арналған дастархан жайылып, айттық бас қосу өтті.
Жылдамдығы мен ептілігі бойынша көзге түскен үздік ойыншылар жеке-жеке марапатталып, білекті бірді жығар палуандар бағалы сыйлықтарға ие болды. Құрамаларға 1, 2, 3 орындар бойынша алғыс хаттар мен кубоктар берілді. Ұлтты ұйыстырған ұлық мейрам дастархан басында ғана емес спорттық шарада да жамағаттың басын қосты.
Тұрғындар ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, қариялар батасын берді.
Шу аудандық "Жәми" мешітінің баспасөз қызметі