Тұрар Рысқұлов ауданы Луговой ауылы «Әл-хақ» мешітінің әйел-қыздар шәкірттері бір күндік дәрістерін көкке шығып, таза ауада өткізді. Шынали Айгерім ұстаз дәріс берумен қатар, кішігірім дастархан жайып, шәкірттердің бір-біріне деген махаббаттарын арттырып, жақсы қарым-қатынаста болуларына септігін тигізіп, бауырмал болуға шақырды.
Бауырмалдық – иманның рухы. Мұсылманның мұсылман бауырына деген шынайы сүйспеншілігі, қамқорлығы, жанашырлығы бейнебір діңгек ағаштан тараған бұтақтарға ұқсайды. Себебі Алла үшін бір-бірін жақсы көргендер Жаратушы Жаббар Иеміздің бұйрықтарын бірге орындауға, адамдарды ақиқат жолына шақыруға, әділет, теңдік, адамгершілік сынды құндылықтарды қоғамда кеңінен таратуға, ренжіскен адамдарды татуластыруға, түйіндеп айтқанда жақсы істерде бір-біріне көмекші болады.
Жаратушы Иеміз Құранда: «...Жақсылыққа, тақуалыққа бір-біріңе жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алланың (қаһарын туғызып алудан) қорқыңдар. Өйткені Алланың жазасы өте ауыр» («Мәида» сүресі, 2-аят) деп ескертеді.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі