Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы Үшбұлақ ауылы «Үшбұлақ» мешітінің жамағатымен кездесті.
Кездесуде Қанат Әділханұлы: «Тағдыр – осы әлемді және оның ішіндегі сан алуан түрлі жаратылыс иелерін белгілі бір жүйе мен тәртіп бойынша басқаратын иләһи заңдылық. Жер бетіндегі күллі мақлұқаттың болмыс-бітімі Жаратқанның белгілі бір тәртібімен өлшеніп қойылған. Қасиетті Құранның «Рағыд» сүресі, 8-ші аятында: «Оның жанында әрнәрсе өлшеулі», – деп айтылған. «Қамар» сүресінің, 49-шы аятында: «Шын мәнінде, біз әрбір нәрсені бір өлшеумен жараттық» делінсе, «Фұрқан» сүресінің, 2-ші аятында: «Ол (Алла) әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін (тағдырды) белгіледі» делінген.
«Құдайсыз қурай да сынбайды» демекші, бұл ғаламда орын алған барлық оқиға Алланың қалауымен іске асады. Тағдыр – Алла Тағаланың шексіз ілімі. Алла өткенді, қазіргіні және келешекті бірдей қамтиды. Сондықтан Жаратушының назарынан ешбір нәрсе тыс қалмайды. Әлемдегі бұрын болып кеткен, қазіргі болып жатқан және болашақта болатын барлық нәрсе Алланың үкімі мен тағдырына сәйкес жүреді», - деді.