#Меркі ауданы: Мешітке сыйлық жасалды

#Меркі ауданы: Мешітке сыйлық жасалды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мешіт – Алла Тағалаға ғибадат-құлшылық жасалатын орын. Жаратқанға жалбарынатын жер болғандықтан оны «Алла үйі» деп те атайды.

Қасиетті Құранда былай дейді: «Алланың мешіттерін шынымен Аллаға және ақырет күніне сенген, намазды толық өтеген, зекет берген, тек қана Алладан қорыққан адамдар ғана ұстайды. Міне, солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі» («Тәубе» сүресі, 18-аят).

Мешіт ұстау – рухани әрі материалдық жағынан мешітті қамтамасыз ету деген сөз. Мешіттің рухани жағына, біріншіден, мешітте бес уақыт намаздың өз уақытында оқылуы жатады. Сосын, сауат ашу жұмысы, қасиетті Құран оқылуы, дұға мен мінәжаттар жасалуы, діни уағыздар айтылуы сияқты тағы да басқа діни рәсімдер кіреді.

Материалдық жағы, біріншіден, мешіт салу. Салынған мешіттің жылу, жарығын көтеру, керекті заттармен оны қамтамасыз ету, садақа жасап, қолдау көрсету, мешітті таза ұстау сияқты амалдардан тұрады. Мешітті ұстау ісі көпшілікпен атқарылатын амал.

Тамим ад-Дари (р.а.) деген сахаба Шам шаһарынан Мәдина қаласына шырақ, зәйтүн майын және мақта алып келеді. Мәдинаға кіріп келген күн жұманың кеші болатын. Тамим кеш батқанда өзінің Әбу Базад атты қызметкеріне шыраққа май құйып, мешіт ішіне іліп қоюды тапсырады. Кешкісін түнделетіп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітке келсе, мешіт іші жап-жарық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүйсініп: «Мұны кім істеді?», – деп сұрады. Жиналған жұрт: «Тамим әд-Дари», – деп жауап берді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Исламды нұрландырдың, Алла сені бұл дүниеде және ақыретте нұрландырсын», – деп батасын берген екен.

Осы орайда, Меркі ауданы, Қызылқыстақ ауылдық «Әл-Кәрим» мешітіне аудан тұрғындары сыйлық жасады.

Мешіттің ашылғанына жеті айға жуықтады. Мешіттің көркеюіне атсалысып жатқан азаматтарымыз көп. Қасиетті жұма күні мешітімізге кітап сөресі, Құран Кәрімді оқитын қойғыштар, мешіт кіреберісі мен дәретханасына аяқ киім сөрелері сыйға тартылды. Енді бірі қаржысын көтерсе, бірі жұмысын ақысыз орындап, Алланың разылығынан үміт етті.

 Мешітке деген махаббат әр пендені Алла үйін көркейтуге жетелейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қасиетті хадис-шарифінде: «Алла Тағала мешітті жақсы көрген пендесін жақсы көреді», – деген.

Демек, мешітті жақсы көрген адамды Алла жақсы көреді екен. Баршамыз Алланың жақсы көрген пенделерінің қатарынан болуды нәсіп еткей!

Алла Тағала мешітіміздің қажетін өтеп жатқан барша бауырларымызға разы болып, амалдарын сауаптан жазып, отбастарына, кәсіптеріне береке, ұрпақтарына амандық бергей!

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: