Қош келдің рамазан!

Қош келдің рамазан!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

РАМАЗАН! Бар болғаны жеті әріп, айтылуы жеңіл болса да, мерзімі өте қысқа, бірақ та нығметтері мен жақсылықтары өлшеусіз болған керемет ай...

РАМАЗАН! Сенің артықшылығыңды Раббымыз бізге баяндап, аят түсірді: "Рамазан айында адамдарға һидаят жол үшін Құран түсірілді" (Бақара, 185).

РАМАЗАН! Сен жайында сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Сіздерге Рамазан айы келді. Бұл ай мүбәрак ай болып саналады. Алла Тағала бұл айда ораза ұстауды парыз етті. Бұл айда жұмақ есіктері ашылып, тамұқ есіктері жабылады, әрі шайтандар кісенделеді."' деп сүйінші хабарлар берді. (Имам Бәйхақи).

РАМАЗАН! Сенің қойнауыңда бір түн бар, ол түн біз үшін мың айдан жақсырақ. Бұл түннің артықшылығын ұлықтап Алла Тағала Өз Кәләмінда аяттар нәзіл етті: Расында, Біз (Құранды) қадір кешінде түсірдік. Ләйлатул Қадірнің қандай екендігі  саған нені білдірді? Ләйлатул Қадір мың айдан да қадірлі. Ол түні періштелер және Жәбрайл Алланың рұқсатымен барлық істер үшін жер бетіне түседі. Ол түні таңға дейін сәлемдер жалғасады. (Қадір сүресі).

Кімде-кім Қадір түнін иманы мен ықыласымен ғибадат арқылы өткізсе, ол пенденің бұрынғы күнәлары кешіріледі.(Бұхари).

РАМАЗАН! Сен жайлы Омар (р.ғ.) да: "Рамазан біздерді пәктеуші ай. Қандай ғажап, күндізі ораза, түні ғибадат, сол үшін Рамазандардың баршасы жақсы!!" деген еді.

РАМАЗАН! Және де бұдан да басқа біздер білмеген қаншама қасиеттерің бар, кереметтерің бар, алайда оларды санап өтуге де, жазып өтуге де қағазымыз да, ғұмырымыз да жетпесі анық...

Бірақ та бір нәрсені анық білеріміз, сен Раббымыздың біз секілді күнәһар пенделеріне мейірбандылық етіп жіберген рахматысың.

РАМАЗАН! Міне сенімен тағы бір рет дидарласып тұрмыз. Әр жылғыдай бұл жылда да үмітім басым. Сенің берекетіңмен күндізімізді оразамен, түндерімізді ғибадатпен өткізуге ниет етіп, белді бекем будық.

Аллам, өзі сабыр мен қанағат берсін. Бір кісіден: "Мынадай ыстық күнде қалайша ораза ұстап жүрсің?!" деп сұрапты. Ол кісі: "Бұдан да ыстық күннен (қиямет күні амандықта болу) аман сау қалуым үшін ораза ұстап жүрмін", деп жауап беріпті.

Ибраһим ибн Әдһамнан сұрапты: Рамазаннан қалай әсер алуға болады? Жауабы қысқа, әрі анық беріліпті:

Ашықты жап, жабықты аш!

Аузыңды жап, қолыңды аш!

Сараңдықты жап, жомарттықты аш!

Ғайбатты жап, жақсы ойларды аш!

 

Үмбет Сабырханов

Әл-Хақ мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: